Жарқайыңдықтардың қарқыны жақсы

Жарқайың  ауданының  әкімі  Асқарбек Үйсімбаев  облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдерімен брифинг өткізіп, өңірдің жыл  басынан бергі  әлеуметтік-экономикалық  дамуы  жайында  кеңінен  айтып берді.

 

– Бүгінгі өткізіліп жатқан брифинг ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде жауапкершілікті арттыратын қоғамдық саяси өмірдің демократияландыру процесінде маңызды буын, биліктің бұқаралық ақпарат құралдарымен нәтижелі кездесуі болып табылады, – деп  бастаған аудан әкімі өз баяндамасында өнеркәсіп саласына кеңінен тоқталды. Шешеннің айтуынша, ауданда осы сала көрсеткіші 101,4 пайызды құрады. Нақты көлем индексі 100 пайызға жетті.
Өңірлік Индустрияландыру картасы шеңберінде ауданда үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – Державинск қаласындағы қуаттылығы жылына 150 мың тонна іріктелген түйіршік тас шығаратын өндіріс кешені. «Арка К» серіктестігінде қолға алынған жобаның құны 150 миллион теңгені құрайды.  Сонымен қатар, Кен ауылындағы қуаттылығы 8,4 мың тонна диірмен кешені жобасының құны  729 миллион теңгеге бағаланып отыр. Масаль кен орнында темір кенін шығару және өңдеу бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
– Біз үшін басты тапсырмалардың бірі – экономикаға жеке инвестиция тарту. Біздің аудан екі жаққа да ұтымды ұсынысы бар болғандықтан, инвесторларды қызықтырады. Нәтижесінде Индустрияландыру картасынан тыс төрт  элеватордың, бордақылау алаңының, астық қабылдау пунктінің құрылысы және қалпына келтіру бойынша инвестжобалар сәтті жүзеге асырылуда, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Олардың арасында Тастыталды ауылында қуаттылығы жылына 160 мың тоннаға дейін жететін элеваторды қалпына келтіру, Державинск қаласында  жылдық қуаты 50 мың тонна желілік элеватор мен 200 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы тәрізді ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Аудан республикамыздағы егіншілікпен айналысатын ірі аймақтардың бірі екенін ескерсек, бұл бағытта айтарлықтай табысқа қол жеткізіліп отыр. Биыл аудан диқандары әр гектардан орташа есеппен 12 центнерден, барлығы 709,3 мың тонна астық жинады. Оған қоса, 37 мың тонна көлемінде шөп дайындалды. Бүгінгі күні ауданда мал мен құстың, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі көлемінің өсуі байқалады. Сонымен қатар, аудан әкімі құрылыс және елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті.
– Қазіргі кезде аудан тұрғындарының орталықтандырылған ауыз сумен 92 па-йызы қамтылды. Шойындыкөл, Нахимов, Құмсуат, Баранкөл  ауылдарында су қорына мониторинг және геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Құмсуат және Бірсуат ауылдарында 27 жылға жететін су қоры  бар екені анықталды. Мемлекеттік сараптама алу үшін Бірсуат ауылына ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама жолданды.
Алдағы жылдары сумен жабдықтаудың үшінші кезеңін жүзеге асыру, кәріз жүйелері және тазарту нысандарын қалпына келтіру жоспарланған. Аудандық бюджет есебінен мемлекеттік сараптамамен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, – деді Асқарбек Үйсімбаев.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 400 метр жылумен қамту жүйесі жаңартылды. Қаланың әкімшілік ғимараттарын орталықтандырған жылу жүйесіне қосу бойынша кезекті жобалар жүзеге асырылуда. Қазандықтарды  оңтайландыру нәтижесінде келесі жылдары көп пәтерлі тұрғын үйлерді бір орталықтандырылған жылу көздеріне қосу жоспарланып отыр.
– Ел Президентінің Ұлт жоспарына сәйкес,  алға басудың өзекті тетіктерін айқындадық,  олар инвестиция тарту, жақсы жұмыс орнын құру, мемлекеттік жеке серіктестік тетіктерін қолдану, серіктестік туралы меморандум жасау. Онымен қоса біз тұрғындарға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауды да алға қойған басты мақсаттардың бірі деп білеміз. Сондықтан, абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғындарды сумен, жылумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударамыз, – деп сөзін қорытындылады аудан әкімі.
Брифинг барысында  журналистер аудан әкіміне өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты сауалдарын қойып, жауаптар алды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар