Әңгіме өзегі – сайлау

Көкшетау қалалық әкімдігінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафинамен кездесу өтті. Оған облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі кездесуге келген учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің алдында  Еуропаның қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының  (ОБСЕ)  елімізде өткен сайлауларға қатысты сын-ескертпелері мен ұсыныстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді. ОБСЕ тарапынан  жасалған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды ескеру бізге не береді деген сауалға жауап беру барысында ол Қазақстанның түрлі халықаралық конвенцияларға енуі, басқа да халықаралық шарттарға қол қоюына орай, әлемдік қауымдастық алдында мойнына алған міндеттері бар екендігін және оны орындау қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, ОБСЕ бақылаушыларының сайлауларға қатысуының  тигізер елеулі игі ықпалдары да аз емес.
ОБСЕ бақылаушыларының 2012 жылғы сайлауға қатысты жағымды пікірлері 12 пункт болса, биылғы көктемдегі сайлауға қатысты бұл көрсеткіш 25-ке жеткен. Яғни, халықаралық ұйымның біздің еліміздегі сайлаудың өтуіне қатысты оң пікірі қалыптасып келеді деген сөз.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі алдағы жылы «Сайлау туралы» заңға  өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты. Бұның бәрі қазіргі әлемдік демократиялық үрдістердің талабынан туған қадам. Сондай-ақ, учаскелік сайлау комиссияларында қызмет ететін адамдарды оқыту жайына да жете көңіл бөлініп отыр. Осы орайда, келесі жылы өтетін Парламент Сенатының  депутаттарын сайлау қарсаңында мәслихат депутаттарымен сайлауға қатысты семинар өткізу жоспарланып отыр деп атап өтті ол.
Облыстық сайлау комиссия-сының хатшысы Геннадий Глухов алдағы жылы қабылданатын заңға байланысты бірқатар ұсыныстарын білдірді. Осы орайда, ол «Сайлау туралы» заңда сайлау комиссияларын тұрақты жұмыс істейтін, штаты бар мекеме ретінде құру мәселесі көрініс тапса дегенді айтты. Жалақы алып, тұрақты жұмыс істейтін сайлау комиссиялары Беларусь, Әзірбайжан сияқты бұрынғы одақ елдерінде қазір бар. Бұл сайлау комиссияларының жұмысын жандандырар еді. Тағы бір өзекті мәселе, бізде учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің бес жылға сайланатындығы болып отыр. Мұндай жағдайда учаскелік сайлау комиссияларының құрамы ұзақ уақыт өзгермейді. Ал, Ресейде сайлау комиссиялары сайлау қарсаңында құрылып, елу күн ғана жұмыс істейді. Осыған орай, облыстық сайлау комиссиясының хатшысы заңға учаскелік сайлау комиссиялары екі ай жұмыс істейді деген өзгерту енгізу қажет деп санайды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар