Жастарға бар әлемнің есігі ашық

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық жастар форумына қатысты.

Форумға Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам адам, соның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының еңбеккерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Қазақстан Президенті еліміздің жеткен табысының тарихы – ең алдымен оның жастары қол жеткізген табыстың тарихы екенін атап өтті.
– Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы болып келеді. Әрбір жас қазақстандықтың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Баршаға – кәсіби білім» бағдарламасының енгізіліп жатқанын айтты.
– Жастарымыздың әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университетінде білім алуына мүмкіндіктері бар. Бүгін жастар алдында бар әлемнің есігі ашық. Сіздер жақсы уақытта өмір сүріп, болашаққа нық қадам басып бара жатқан елмен бірге өсіп келесіздер. Ел ішінде де, әлемде де, соның ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас саласында да жұмыс жасайтын бір ғана қағида бар, ол – бәсекеліктің мәңгілік механизмі, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті ғылымды қамтитын экономикаға көшу оның өсімінің икемділігін, қарқындылығын және орнықтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологиялар заманында қоғам үшін сын-қатер болып саналатын құбылыстарға айрықша тоқталды.
– Бұл инновациялардың артында тұрған негізгі әлеуметтік сын-қатер ол – көптеген кәсіп түрінің жойылуы, жұмыс орындарының жаппай қысқаруы, яғни, жаһан бойынша жұмыспен қамту аясының тарылуы. Осы орайда, бұған дейін менің бастамаммен әзірленген инновациялық индустрияландыру, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламаларымен тығыз байланысты Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының өзектілігі ерекше артып келеді, – деді Елбасы. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті туризм, құрылыс, халыққа қызмет көрсету салаларында, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында еңбекпен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндіктер бар екенін айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев спортшылар мен шығармашыл жастарға, барлық жас өнер қайраткерлеріне ыстық ықыласын білдірді. Форум барысында Астана қалалық мәслихатының депутаты А.Оралов, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, театр және кино әртісі А.Әлімжан, «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқармасының төрайымы Ә.Жиенбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсендісі М.Споткай, 2016 жылғы Азия IT конференциясының жеңімпазы С.Нәукенов, «Қазақстан алюминийі» АҚ экономисі Ә.Досанова, «Open Technologies Group» компаниясының негізін салушы Қ.Ахметов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Қ.Төлеушин, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы» жекеменшік мекемесі басшысы Р.Хамидуллин, Қарағанды мемлекеттік университеті «Роботтар мен ақылды машиналар зертханасының» меңгерушісі Н.Есмағамбетов, гроссмейстер, шахматтан халықаралық турнирлер чемпионы Д.Сәдуақасова, кәсіпкер, «Қазақстандық OTAN сағат компаниясының» басшысы А.Тоқсанбаев, Мюнхендегі Максимилиан Людвиг университетінің докторан-ты Қ.Әбдиева, «TERRAPOINT» ЖШС инженері Д.Хоменко сөз сөйледі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар