Оралбайдың оңды ісі – өзгеге өнеге

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарында Егіндікөл ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, Алакөл ауылдық округінде жаңа мәдени-демалыс орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Өңір басшысы алдымен, Полтавка селосында орналасқан «Сарымсақты» серіктестігінің әлеуметтік-тұрмыстық нысанын аралап көрді. Серіктестік директоры Оралбай Глашев өз сөзінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні қарсаңында тұрғындарға жаңа мәдени демалыс орталығын сыйлағанын, бұған жерлестерінің қатты қуанғанын, орталықта кітапхана, мәжіліс, спорт және жаттығу залдары орналасқанын атап өтті.
– Қыста ауыл тұрғындары уақыттарын бос өткізбейтін болды, – дей келе серіктестік басшысы кеңес заманында бұл жерде клуб жұмыс істегенін, қайта құру кезінде оның қаңқасы ғана қалғанын айтып өтті.
– Ғимаратты үш жылдың ішінде өз күшімізбен қалпына келтірдік. Кино  залын спорт залы етіп жабдықтадық. Мәдени-демалыс орнын қалпына келтіруге 250 миллион теңге жұмсалды. Бүгінгі таңда төрт жұмыс орны ашылды. Ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына көп көңіл бөлеміз. Осы орайда, 180 орындық дәмхана салдық. Өзіміз өндіретін құм блогымен машина-трактор шеберханасы мен ауыл шаруашылығы техника паркінің айналасын қоршадық. Ауыл көшелерінің шарбақтарын ауыстырып, 16 миллион теңгеге асфальт төседік. Серіктестікте 70 адам еңбек етеді, – деді серіктестік басшысы.
Облыс әкімі Сергей Кулагин мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында салынған мәдени-демалыс орталығының ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясындағы бұл бастама өзге кәсіпкерлерге үлгі болуы қажеттігін атап өтті. – Өз басым мектепте отыз бес жыл алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін. Бұрын сабақ өткізуге арнайы орын болмай, көп қиындық көрдік. Дегенмен, аудан бойынша өткізілетін шараларда жерге қараған күніміз болған жоқ. Енді күнде жаттығып, жүлделі орындар аламыз. Сондай-ақ, жастарды әр бағытта дамытып, отансүйгіштікке тәрбиелеуге жағдай жасалды. «Дипломмен – ауылға!» бас-тамасы аясында ауылға төрт мұғалім келді. Олардың бәріне серіктестік басшысы тұрғын үй салып берді. Кейбір ауылдар тарап жатқанда, біздің ауылға қоныстанушылар саны көбеюде,– деп мектеп мұғалімі Ермағамбет Айтмағамбет те өз қуанышын жасыра алмады. Өңір басшысы 120 орындық дәмхана мен осында орналасқан бильярд залын, тұшпара цехын аралап көрді. Еншілес «Полтавка Блок Строй» серіктестігінің өніміне назар аударды. Серіктестік басшысы Оралбай Глашевтің айтуынша, мұнда жылына 5,5 мың текше метр құм, пено және газ блоктары жасап шығарылып, ішкі рынокта сатылады.
– Серіктестікке еншілес «Көркем құм» серіктестігі жұмыс істейді. Биыл 58 мың текше метр құм саттық. Осы құмнан арнайы цехтағы қондырғылармен газ блогын жасаймыз. Ыңғайлы құрылыс материалымен тұрғын үй саламыз. Тұтынушылар саны да артып келеді. Соңғы жылдары құм блогын шығаруды қолға алдық. Бұған өзге жердің құмын сатып аламыз. Үш жылдың ішінде 300 мың дана кірпіш шығардық. Сондай-ақ, күре жолдарға жергілікті жерде шығарылатын жұмсақ қиыршық тас төсейміз. Жергілікті жердің құмы сылақ жұмысына пайдаланылады. Астанадағы кірпіш зауытымен келісім-шартқа отырдық. Кәсіпорын бізден құм сатып алатын болды. Наубайханада нан мен тоқаштың үш түрі пісіріледі. Қоғамдық монша мен дүкен жұмыс істейді. Қыс айларында жолды қардан тазарту серіктестіктің мойнында, – дейді шаруашылық басшысы.
Бұдан соң облыс әкімі Егіндікөл орталық аудандық ауруханасында болды. Мұнда ол ағымдағы жөндеуден өткен перзентхананы, хирургия, терапевт және балалар бөлімшелерін аралап көрді. Аурухананың бас дәрігері Руслан Бөтембаев өз сөзінде 35 кереуеттік аурухана 1976 жылы салынғанын, емхана ауысымына 72 адам қабылдай алатынын атап өтті. Басы ауырып, балтыры сыздап келген адамдар үшін 15 дәрігер мен жүзден астам еңбеккерлер қызмет көрсетеді. Үш қабатты аурухана өз жылу жүйесімен жылытылады. Орталықтандырылған ауыз сумен де қамтылған. Биыл республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, су және жылу құбырлары жөнделіпті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы резервінен қомақты қаржы бөлініп, кір жуатын нысан қалпына келтірілген. Облыс әкімі жергілікті азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, кейбір мәселені сол жерде шешті. Жұмыс сапарының соңында аудан активімен кездесіп, аудан әкімі Нариман Төлеповтың биылғы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жөніндегі есебін тыңдап, оң бағасын берді.

Рамазан Тілеуов.

Суретте: «Сарымсақты» серіктестігінің директоры Оралбай Глашев.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар