Ұлық мерекеге лайықты тарту

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Зеренді ауданында тау-кен фабрикасы, диірмен кешені мен өсімдік майын өндіретін зауыт іске қосылды.
Күсеп ауылдық округінде «Горизонт» тау-кен өнеркәсіптік компаниясы» серіктестігінің алтын, күміс, цинк, қорғасын тәрізді түрлі-түсті металдарды өндіріп, өңдеп, байытатын фабрикасы ашылды. Кәсіпорынның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Асқар Мұратұлы 2008 жылы компания «Березов» жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісім-шартқа қол қойғанын, бес жылдың ішінде барлау жұмыстары жүргізіліп, кен қоры анықталғанын атап өтті. Кеніштің шикізат базасы 1 миллион тонна кенді құрайды. Бұдан 30 тонна күміс, жетпіс келі алтын өндіруге болады. Яғни, бір тонна кеннің құрамында 2 грамм түрлі-түсті металл бар деген сөз. Фабриканың құрылысына «Цесна банк» акционерлік қоғамынан несие алынған.
– Елбасының сындарлы саясатының арқасында көптеген кәсіпорындар ашылуда. Бүгін осы нысанның өзінде жүзден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Аудан бюджетіне қомақты қаржы аударылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Өндіріс қарқынды болып, жедел дамуын тілейміз, – деген аудан әкімі кәсіпорынның жұмысын іске қосты. Бұдан соң ол үгіткіш қондырғысы мен өңдеу агрегаты орнатылған цехты, кен қоймасы мен бу қазандығын, жатақхана, асхана, зертхана мен дайын өнім қоймасын аралап көрді. Фабрикаға тау-кен байытатын қондырғы, флотациялық машина әкелінген. Кәсіпорын директоры Мұхтар Нұраевтың айтуынша, жобаның жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайды. Жылына 150-200 мың тонна руда шығара алады. Мұнда байытудың екі технология-сы пайдаланылады. Кен ашық әдіспен алынып, жүк көліктерімен тасымалданады. Техникалық паркке екі мердігер тартылған. Кеншілер вахталық әдіспен жұмыс істейді. Инженерлік-техникалық мамандардың еңбекақысы 200 мың теңгені құраса, еңбеккерлердің жалақысы атқарған жұмысына байланысты. Алтын мен күмістің қоспасы келер жылдың басында алынбақшы.
Бұдан кейін Қонысбай ауылдық округіне қарасты Гранитный селосы маңындағы «Влиц Терминал» серіктестігінің майлы дақылдарды өңдеп, құтыдағы өсімдік ма-йын шығаратын зауыты ашылды. Кәсіпорынның ашылу салтанатында аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ашылған нысандар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін, қосымша жұмыс орындары ашылатынын айтты. Зауыт тәулігіне 120 тонна майлы дақылдарды өңдеп, 40-50 тонна май шығарады. Серіктестіктің бас директоры Ербол Жауаров өз сөзінде мұндағы бірінші ангарда қойма, екіншісінде майлы дақылдарды өңдейтін қондырғы орналасқанын, сондай-ақ, екі қабатты әкімшілік орталықта тұрмыс үйі бар екенін атап өтті. Кәсіпорында тәулігіне 70 тонна астық өңдейтін диірмен кешені салынған. Мұнда әзірше 40 адам тұрақты жұмыс істейді. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген уақытта еңбеккерлер саны жүзден асады деп жоспарлануда. Ашылған нысандардың көк лентасы қиылып, ұлттық дәстүрмен шашу шашылуы ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойын асқақтата түсті.

 

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар