Көптің еңбегімен келген игіліктерде әр отандасымыздың үлесі бар

«Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Онда облыс әкімі Сергей Кулагин осы уақыт аралығында аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен  жетістіктері туралы баяндама жасап, мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Алексей Цой қатысқан салтанатты шара  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын  салтанатпен алып келуінен бастау алды. Содан кейін еліміздің Әнұраны орындалып, облыс басшысы тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің және өңіріміздің  қол жеткен жетістіктері жайында баяндама жасады.
– Әрбір халықтың тарихында аса қатты құрмет тұтатын оқиғалар мен айтулы даталар болады. Біз үшін сондай ұлық күн Тәуелсіздік мерекесі, –
деп бастаған облыс басшысы сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы бұрынғы Одақ елдерін жайлаған дағдарысты қиын кезеңде жас тәуелсіз республикамыздың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында дағдарыстан шығып, дамудың сара жолына түскендігі жайында баяндады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» заң жаңа жас тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеу, даму тарихының бастамасы болған еді. Міне, содан бергі өткен ширек ғасыр уақыт ішінде Қазақстан ауыз толтырып айтарлықтай орасан зор жетістіктерге қол жеткізді.
Еліміз тәуелсіздік жылдарында тарихтың соқтықпалы, соқпақты  небір ауыр сынақтарынан сүрінбей өтіп, қиындықтарды жеңу арқылы өз даму жолын тапты. Сол тұста Орта Азиядағы экономикасы шикізатқа негізделген ешкімге белгісіз елдің он бес-жиырма жылдың ішінде әлемнің дамыған елу мемлекетінің санатына қосылады дегенге ешкім сенбес еді. Іс жүзінде Қазақстан дамудың сондай биіктеріне қол жеткізіп, әлем қауымдастығының арасынан өзінің лайықты орнын алды. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдардағы бастан өткерген қиындықты аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі, – дей келе, облыс басшысы сол бір қиын шақта барлық жауапкершілікті мойнына алып, дағдарыстан шығудың нақты бағдарламасын жасап, ұсынған Елбасының ерен еңбегіне тоқталды. Осылайша қазақстандық даму жолы бастау алып, оның дұрыстығын тарих дәлелдеп берді. 1995 жылы жалпыхалықтық дауыс беру арқылы нарықтық экономикаға негіз жасаған еліміздің Ата Заңы қабылданды.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылының ішінде еліміз экономикалық өсім көрсеткіштері бойынша ТМД елдерінде ең алдыңғы орындарға ие болды. Бүкіләлемдік банктің мәліметіне сай, Қазақстан қазіргі таңда инвестиция тарту бойынша әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 20 елдің санатында. Біз ТМД елдері арасында алғашқы болып, Ұлттық қор құрдық. Соның арқасында әлемді шарпыған ауыр дағдарыстардан қиналмай өтіп, экономикамызды жылдан жылға алға бастырып келеміз.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің басқа да аймақтары сияқты астаналық Ақмола облысы да айтарлықтай дамып, зор жетістіктерге қол жеткізді. 2001-2015 жылдар аралығында ішкі аймақтық өнім көлемі 11 есеге артып,  1,2 триллион теңгенің өнімі өндірілді. Ал, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі  10 есеге өсіп,  335 миллиард теңгеге жетті. 2016 жылы ол 350 миллиард теңгені құрады. Сөйтіп, біздің облысымыз өнеркәсіп саласы бойынша елімізде төртінші сатыдан көрінуде.
Одан әрі облыс басшысы аграрлық аймақ саналатын өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жайына тоқталды. Биылғы жылы 300 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Бұл 2001 жылмен салыстырғанда  4 есеге артық. Ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша облыс еліміздегі өңірлер арасында бірінші сатыдан көрініп отыр. Биылғы мерейтойлы жылы астаналық облыстың диқандары рекордтық астық жинап, 5,7 миллион тонна астықты қоймаға құйып алды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары соңғы жиырма жылда болмаған  өнімге қол жеткізіп, 274 мың тонна картоп жинады. Осылайша облысымыз картоппен ішкі рынокты ғана емес, Астананы да қамтамасыз етіп, одан қалды экспортқа өнім шығаруға мүмкіндік алуда. Бүгінгі күні облыс Астананы ұнмен 100 пайыз, картоп және жұмыртқамен 52 пайыз, ет және сүт өнімдерімен 50 пайыз қамтамасыз етуде.
Бұдан кейін облыс әкімі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, еңбектегі үздік жетістіктері үшін республикалық түрлі марапаттарға ие болғандарға марапаттарын табыстады. Марапатталғандардың арасында жүргізуші, механизатор сияқты қарапайым еңбек адамдарының аз еместігін атап өткен жөн. Шара соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасты.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

 

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, салтанатты жиналыс өтіп, онда бір топ ақмолалықтар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Облыстық әкімдікте өткен шараға облыстық әкімдік қызметкерлері, аудан, қала әкімдері, департамент және басқарма, кәсіпорын және әлеуметтік сала мекемелерінің басшылары мен еңбек ардагерлері қатысты.
Өңір басшысы Сергей Кулагин қазақстандықтар үшін ең маңызды мереке саналатын Тәуелсіздік күнімен барша ақмолалықтарды құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
– Елбасы өзінің сөзінде Тәуелсіздік жылдарындағы біздің республикамыздың жетістігі әрбір қазақстандықтардың тынымсыз еңбегінің арқасында деп білуге болады, – деген еді. Жиырма бес жылдың ішінде бізде мықты мемлекет, жаңа экономика және жаңа тұтас қоғам құрылды. Оның ішінде сол кезде Елбасымен бірге тәуелсіз мемлекет құрған және егемен Қазақстанның жетістігіне сеніммен қарағандардың арасында елге танымал әрі құрметке лайық ақмолалықтар да баршылық, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Сонымен қатар, облыс әкімі ақмолалықтардың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік саладағы жетістіктерін айта келе, алдағы жылы бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
Осыдан кейін өңір басшысы Тәуелсіздік күніне орай, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан облыстық әкімдік қызметкерлері, аудан, қала әкімдері, департамент және басқарма, кәсіпорын, әлеуметтік сала мекемелерінің басшылары және ардагерлерден құралған 73 ақмолалыққа  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті. Жалпы, мереке қарсаңында 600-ден астам ақмолалыққа түрлі деңгейдегі мерекелік наградалар тапсырылды.

 

 

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов еңбек ардагерлерін, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен  БАҚ басшыларын және дін өкілдерін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен  марапаттады.

 

– Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы біз Отанымызды көркейтудің тарихи мүмкіндігіне ие болдық. Тәуелсіздік біз үшін аса қымбат.
– Біз осынау қысқа әрі өте жауапты 25 жылда еселі еңбек етіп, замана көшіндегі мүлдем жаңа, қуатты мемлекетті құра алдық. Бүгінгі күні Қазақстан мемлекеттік құрылыстың сапалық жаңа кезеңіне шықты.

 

Халқымызды жеңіске бастайтын қадамдар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен түбегейлі айқындалды. Бүгінгі күні біздің баршамыз, ортақ Отанымыздың патриоты ретінде нақты істерге жауапкершілікпен кірісуіміз керек.
Тәуелсіздік мұраттарына адал болу, шырайлы шаңырағымыздың шаттығын еселеу әрбір азаматтың асыл парызы саналады, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан әрі бір топ ақмолалықтарға Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдары тапсырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың атынан әр салада еңбек ететін тәуелсіздіктің 22 құрдасына Алғыс хаттар
тапсырылды.
Мерекелік шара аясында «Қазақстан инновейшн» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Шағын ЭКСПО» инновациялық идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздары анықталып, түрлі аталымдар бойынша бірінші дәрежелі дипломдармен
марапатталды.
Шараның қорытындысында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын арқау еткен республикалық және облыстық байқауларда қатысып, топ жарып жүрген жергілікті өнерпаздардың ән шашуы жұртшылықты тебіреніске бөледі.

 

 

 

Осындай мерекелік құттықтау рәсімі облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтің қатысуымен облыстық әкімдікте де өтті.

 

Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлік, экономика, қаржы, жұмыспен қамту және еңбек қатынастарын реттеу саласында еңбек етіп жүрген 30 адамды мерекелік наградалармен марапаттады. Оның ішінде 4 адамға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі, 14 адамға облыс әкімінің Алғыс хаты және 1 адамға облыс әкімнің Құрмет грамотасы тапсырылды.
Оған қоса, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

 

 

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен ардагерлерді құттықтап, мерекелік медальдарды табыс етті.

 

– Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел болып қалыптаса бастаған тұста мемлекет түрлі қиыншылықтар мен ауыртпалықтарды басынан кешірді. 25 жыл ішінде сала мамандары мен қызметкерлері түрлі жетістіктер мен табыстарға қол жеткізді, осының барлығы қажырлы еңбек пен шыдамның, сабыр мен адамға деген сүйіспеншіліктің арқасы, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері» медалімен Зеренді орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің пациенттерге қолдау көрсету
бойынша орынбасары Ғиззат Сүлейменов, Қорғалжын аудандық орталық ауруханасының балалар бөлімшесінің меңгерушісі Күнбағила Мейрамова сияқты медицина саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген мамандар марапатталды. Ал, ақкөлдік және атбасарлық учаскелік терапевт дәрігерлер Наталья Линник пен Бота Шегеноваға Қазақстан Республикасының «Денсаулық ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері  тапсырылды. Сондай-ақ, бір топ қызметкерлер «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс- белгілерін кеуделеріне тақты. Олардың ішінде шортандылық Мақпал Қизаева, қорғалжындық Жібек Оразова, көкшетаулық Сүлен Ілиясовтар бар.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медальдармен Аршалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сандыбек Сембиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сергей Киласев және бір топ қызметкерлер марапатталды.
Сонымен қатар, салтанатты жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов сөз сөйлеп, жауапты мамандық иелеріне өзінің алғысы мен игі тілек-ниеттерін жеткізе келе, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттарын табыс етті. Марапатқа ие болғандардың арасында облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Юрий Кабаргин, перинаталдық орталықтың гинекологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Болат Шайзада бар.
Біздің облысты медициналық туризмнің орталығы деп жиі атап жүр. Бүгінде облыстағы білікті дәрігерлермен республиканың түкпір-түкпіріндегі денсаулық сақтау саласының мамандары кеңесіп, тәжірибе алмасып жататындығы соның бір айқын дәлелі болар. Республика
бойынша астаналық облыс алдыңғы қатарда келеді. Бұл үлкен жетістік.
Жиын соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева медицина саласында халық саулығы үшін еңбек етіп келе жатқан әріптестерін айтулы мереке Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Елбасы қойған міндеттерді бірге атқаратындықтарына сенім білдірді.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар