Қолға алынған жұмыстар бәсеңдемеуі тиіс

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Ақкөл ауданында болып, осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына назар аударды, сондай-ақ,  аудан активіне қатысып, алда тұрған міндеттерді белгіледі.
Облыс әкімі алдымен Азат ауылындағы «SC Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал асылдандыру жұмыстарымен танысты. Аталған шаруашылық 2011 жылы құрылып, өзінің жұмысын «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасының шеңберінде жүзеге асырып келеді. Бұл Азат ауылында орналасқан 2400 басқа арналған репродуктор болып табылады. Қазіргі кезде мал басы 2400 бас ірі қараны құрайды. Шаруашылықтың 50 мың гектарға жуық жері бар. Оның 33 мың гектары шабындық та, қалғаны мал жайылымы. «Абердин ангус»  асыл тұқымды малдың бірінші легі осыдан 5-6 жыл бұрын (1000 бас) АҚШ және Австралиядан әкелінді.
Осы күні бұл малдар Арқа климатына жерсініп үлгерді. Осының арқасында шаруашылық жыл са-йын орташа алғанда 100 бас асыл тұқымды ірі қара малды Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай жəне Қарағанды облыстарындағы шаруашылықтарға тірідей сатуда. «SC Food»  ЖШС-ның бас директоры Мақсұт Бақтыбаев атап өткендей, бүгінгі күні елімізде «ангус» тұқымын өсіретін санаулы шаруашылық қана бар.
– Біздің мақсатымыз олардың санын арттыру. Себебі, «ангус» тұқымы  солтүстік климатқа бейім, өсімтал қара мал саналады. Әрі оның еті әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Сондықтан, репродукторды толық қуатына шығарып отырмыз, – дейді Мақсұт Бақтыбаев.
Сонымен қатар, шаруашылық меншігіндегі ірі қараға қажетті бір жарым жылдық жемшөп қоры жеткілікті мөлшерде әзірленген. Бүгінде мал күтімімен 50-ге жуық адам айналысады. Маусым кезінде жұмысшылар саны 70-ке жетеді. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Облыс әкімі мұндағы  жұмысты ұйымдастырудың жақсы жолға қойылғанын айтып, серіктестік басшыларына Астанаға барар күре жолдың бойында орналасқан ауданда мал шаруашылығын, оның ішінде ет және сүт өндірісін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Одан әрі облыс әкімі өткен жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Азат орта мектебі мен дәрігерлік амбулаторияда болып, ұжыммен кездесті. Осы күні 470 орынға арналған білім ордасында 162 оқушы білім алуда. Мектепке 2011 жылы 23,6 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, былтыр 8,6 миллион теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті. Мектеп жанынан ашылған шағын орталық та жұмыс істейді. Осы орайда, облыс басшысы мектептегі оқушылардың санын ескере келе, алдағы уақытта ғимараттың бірінші қабатын мектепке дейінгі білім беру мекемесі ретінде пайдалануды тапсырды.
– Көріп отырғанымдай, мектепте бос бөлмелер жетерлік. Сол себепті, бірінші қабатын 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелейтін мектепке дейінгі білім беру нысаны ретінде қайта жасақтауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін аудан орталығында қайта жаңғыртылған Ақкөл аудандық мемлекеттік мұрағат, балалардың музыкалық мектебі мен ата-ананың қамқорлығынсыз және жетім балаларға арналған №1 балалар үйінің ішін аралап, ұжымдарымен кездесті. 2015 жылы облыс әкімі Сергей Кулагиннің тапсырмасымен бүгінгі балалар үйіне күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Ол үшін бюджеттен 761,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде ғимарат пайдалануға берілген және 145 орындық нысанда балалардың тұрып, білім алуына спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Оған қоса интернет клуб бар. Заман талабына сай жабдықталған балалар үйіне Степногорск қаласындағы балалар үйінен 40 тәрбиеленуші жеткізілген. Ондағы балалар үйі қазіргі уақытта балабақша ретінде пайдаланылуда.
Ақкөл қаласында жылдық қуаты 210 тоннаға арналған шұжық цехының құрылысы жүргізілуде. «ТП-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Лиза Хамхоеваның айтуына қарағанда, жобаның құны 75 миллион теңгеге бағаланып отыр. Цехтың құрылысы былтырғы жылдың сәуір айында қолға алынып, 2017 жылдың наурызында іске қосу көзделген.
– Қаражатты өз қалтамыздан салып отырмыз. Кəсіпорын Ресей және Түркияның қазіргі заманғы қондырғыларымен жабдықталған. Мұнда шұжықтың 8 түрі шығарылатын болады. Өнімді негізінен Астана қаласы мен Ақмола жəне Қарағанды облыстарындағы сауда орындарына жеткізу көзделген. Қазіргі кезде іске қосу алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті Лиза Хамхоева. Сонымен қатар, «LEMKEN KAZ»,  «СП Қазақстан ЭХЗ технология» серіктестіктерінің жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. «СП Қазақстан ЭХЗ технология» серіктестігі өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, жер асты мұнай-газ құбырларын таттан қорғайтын анодтарды шығарумен айналысады.
– Жоба жүзеге асырылғаннан бері барлығы 26 миллион теңгенің өнімі шығарылды. Кәсіпорынның қуаты айына 2 мың анод шығаруға жетеді, – деді кәсіпорын басшысы Жеңіс Бексұлтанов. Облыс әкімі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытындағы жаңа жобаны қолдайтынын айтты.
Сапар соңында аудандық мәдениет үйінде өткен активте  аудан әкімі Теміржан Едігеновтің  өңірдің  2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен алдағы міндеттері жайлы баяндамасы тыңдалды. Ол ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласында қолға алынған жобаларды сөз етті. Аудан туризм саласының дамуы-на қолайлы аймақ болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар да жанданатын болады. Ең басты мәселелердің қатарына енетіндер ішінде  мектептердің барлығының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім ордалары күрделі жөндеуден өткізілмекші. Жалпы, аудан əлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері бойынша облыста алдыңғы қатардан көрініп келеді. Дегенмен, кейбір салалар бойынша əлі де алға ұмтылыс қажет. Осы орайда, өңір басшысы Сергей Кулагин ауданды көркейту мақсатында әлі де болса едәуір жұмыстар атқару қажеттігіне тоқтала келе, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында әлеуметтік саланы дамытуға, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге назар аударуға шақырды.
– Ауданда жаңа кәсіпорындар бой көтеріп келеді. Біздің мақсатымыз олардың жұмысына жаңа серпін беріп,  шағын және орта бизнесті дамытуымыз қажет. Аудандағы әлеуметтік нысандарды назардан тыс қалдырмай, оларды қалыпқа келтіру мәселесін жан-жақты ойластыру басты міндет. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсейік. Бұл атқарылған жұмыстың негізгі көрсеткіші болмақ, – дей келе, Сергей Кулагин облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ еңбек озаттарын Құрмет грамоталарымен марапаттады.

 

Аслан Оспанов.

Ақкөл ауданы.
Суретте: балалардың музыкалық мектебінде.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар