“Ұлы қорған” салмақшы

Өткен аптаның соңында Дональд Трамп АҚШ Президенті қызметіне кірісіп, АҚШ Жоғарғы сотының төрағасы Джон Робертске ант берді.

Президенттік қызметіне кірісе салысымен Трамп Мексикадағы шекарадағы аумақта «Ұлы қорған» салу жоспарына кірісті. Ол сәрсенбі күні қорған салуға рұқсат беретін жарлыққа қол қоймақшы. 3 мың шақырымға созылатын бұл қорған заңсыз көші-қонмен күресуге септігін тигізетін көрінеді.

Әскерді әкетуді сұрады

«Талибан» қозғалысы Трамптан  әскерін әкетуді талап етті.

«Талибан» өзінің медиа ресурсында Дональд Трампқа арналған мәлімдемесінде АҚШ-тың Ауғанстанға әскер кіргізген 16 жылға жуық уақыт ішінде миллиардтаған доллар қаржы шығындап, ешқандай жетістікке жетпегенін және осыдан кейін сенімнен айырылғанын айтады. АҚШ алғаш бұл елге әскерін 2001 жылы «Әл-Каиданы» ығыстырып шығару үшін кіргізген еді.   

Қатты нөсердің салдары

Таиландтың оңтүстік провинция-ларында су тасқынынан құрбан болғандар саны 95 адамға жетті.

Тағы 4 адам іс-түзсіз жоғалып кеткен. Ал, жалпы, табиғи  апаттан жапа шеккендер қатары 1 миллион 700 мың адамнан астам. Наратхибад өңірінде төтенше жағдай жарияланды. Дегенмен, басқа жерлерде туристік нысандар қалыпты жұмыс істеп жатыр. Бұл су тасқыны осы айдың алғашқы күндерінен басталған толассыз нөсердің салдарынан туындап отыр.    

Түтіннен көз ашпауда
 
Еуропаның біраз елдерінде ауаның қатты ластануына байланысты арнайы шаралар қолданыла бастады.

Күннің жылынуы мен ауаға лас  заттардың көп таралуынан еуропалық қалаларды улы түтін басқан. Париж әкімдігі көшелерден ескі автокөліктерді алып тастады. Лондонның Хитроу әуежайында түтіннен екінші күн бойы ондаған рейс кейінге шегерілді. Венгрияның 20 қаласында, соның ішінде, Будапеште автокөліктердің катализаторсыз жүруіне тыйым салынды.

Болжам – 5 миллион

«ЭКСПО-2017» халықаралық  мамандандырылған көрмесіне
5 миллион турист келеді деп күтілуде.

Олардың дені Қытай, Еуропа және ТМД елдерінен келеді. Саяхатшылар санының  90 пайызға жуығын Қазақстан азаматтары құрамақшы. Түркия мен Таяу Шығыстан ат басын бұратын 48 мың мейман шығыс тағамдарын қаласа, 41 мың турист Еуропа тағамдарын таңдайды деген де дерек бар.

Биіктігін қайта өлшейді

Үндістан үкіметі Эверест тауының биіктігін қайта өлшеуді көздеп отыр.

Өйткені, ғалымдардың айтуынша, 2015 жылы Непалда болған жер сілкінісінің салдарынан тау аласаруы мүмкін. Бұл туралы Би-Би-Си агенттігі хабарлады. 1955 жылы өлшегенде Эверестің биіктігі 8848 метр болған еді. Еске сала кетсек, арғы жылы Непалда орын алған күші 7,8 балл зілзаладан 8 мың адам көз жұмған болатын.  

Автобус өздігінен жүреді

Париж билігі жүргізушісіз жүретін шағын автобустарды іске қосты.

Қос автобус та Париждің 13-ші округінде Лион вокзалы мен Аустерлитц вокзалы арасында қатынайды. Олар өзге көлік жүрмейтін арнайы жолмен қозғалады. Доңғалақтары бар шағын сандыққа ұқсайтын автобустардың әрқайсысына 12 адам сияды. Бұрыш-бұрышқа орнатылған камералар автобустың адамдармен және басқа көліктермен соқтығысып қалмауына көмектеседі.
      

Күте қоймаған жеңіс

Ресейде футболдан Гранаткин-2017 мемориалы өтті.

Бұл мемориалда айды аспанға бір-ақ шығарған 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрама командасы ақтық сайыста Ресей құрамасынан бір ғана доп айырмашылығымен (1:0) ұтылып, жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Былтыр оныншы орында қалған  жас футболшыларымыз  бұрын-соңды бұл жарыста мұндай жоғары нәтижеге  қол  жеткізбеген  еді.
 Inform.kz және Bag.kz.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар