2016 жылы мүгедектер үшін 4 мыңнан аса нысан бейімделді

Қазақстанда 2012-2016 жылдар аралығында  әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына жататын 27,8 мың нысан мүгедектерге қолжетімділігі тұрғысынан төлқұжаттандырылды. Оның ішінде 17,5 мың нысан бейімделуге тиесілі болса, 11 мың  212-сі мүмкіндігі шектеулі жандардың қажетіне икемделді. Бұл туралы кешегі брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова хабарлады.  
Вице-министр Қазақстан 2015 жылы Мүгедектер құқығы жайлы конвенцияны мақұлдаған соң, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қатысты халықаралық стандарттарды енгізуге байланысты міндеттерді іске асыруға кіріскенін еске салып өтті. Сол жылы «Мүгедектер құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір ҚР заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданған және онда 3 кодексті қосқанда 24 заңнама актісіне түзетулер жасалған.
«Заңға түзетулер жасаудағы басты мақсат – мүгедектер мен өзге де іс-қимылы баяу тұрғындар тобының кедергісіз қозғалып тұруын қамтамасыз ету», – деді С. Жақыпова.  
Атап айтқанда, теміржол вокзалдары мен станцияларында, айлақтар мен әуежайларда арнайы жол белгілерін орната отырып, мүгедек жандарға автокөлік құралдарын қоятын орындар қарастыру, көзі нашар көретін, құлағы естімейтін азаматтарға қолжетімді болатындай ақпараттық әрі белгі беру құрылғыларымен және байланыс құралдарымен жабдықтау, тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған жандарға қызмет көрсетуге керек кезекші қол арбаның болуы, қол арбада отыратын мүгедектерге мамандандырылған таксофондар орнату сынды талаптар бекітілді.
Қазақстанда барлығы мүгедектер жиі баратын 36 мың 200 нысан бар. Жергілікті атқарушы органдар, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі жөнінде 28 мың 205 нысанды төлқұжаттандырудан өткізуді көздеген еді. Өткен жылдың қорытындысында 27 мың 828 нысан (98,7 пайыз) төлқұжат алды.
2016 жылы бейімдеуге қажет нысандардың жалпы қатарынан 4 мың 640 нысанды мүгедектердің мұқтаждығына лайықтау межеленген болса, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, 4 мың 537 нысан (97,8 пайыз) қажет дәрежеге келтірілген.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар