Көкшетаудағы жылу орталығын қытайлықтар салғысы келеді

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбеков өңірімізге жұмыс сапарымен келген қытайлық «Westers POWER CHINA» компаниясының басшыларымен кездесіп, Көкшетауда жылу-энергия орталығын салу мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл қытайлық компания өкілдерінің өңірімізге келіп отырған алғашқы сапары емес. Осыған дейін бірнеше рет келген қытайлық инвесторлар бұл жолы нақты іске көшуді жоспарлап отыр.

Ли Хонг мырза бастап келген қытайлық компания өкілдерімен өткен кездесуде Дәурен Әділбеков облыстың екіжақты әріптестік орнатуға қызығушылық танытқан инвесторлар үшін ашық екенін атап өтті. Әсіресе, жаңа өндіріс орындары ашылып,  өнеркәсіп саласы қарқынды дамып, көпқабатты тұрғын үйлер бой түзеп келе жатқан Көкшетау қаласы үшін жылу орталығын салуға ниетті инвесторларға әкімдік тарапынан барынша жағдай жасалынып, қолдау көрсетілетінін бірден ескертті.
– Қала күннен күнге дамып келеді. Сол себепті, жылу, энергия көздеріне деген сұраныс арта түсуде. Жақын арада жылу-энергия орталығын салмасақ, бірер жылдан кейін қалада жылу және энергия көздерінің тапшылығы болуы мүмкін. Бізге осыған дейін бірнеше компания келіп, инвестиция салу туралы ұсыныстарын айтты.  Дегенмен,  біз оларға бірден талаптарымызға сай жобаны жүзеге асыруға ниетті әлеуетті компания табылып жатса, солармен жұмыс істейтінімізді ескерттік. Бізге ең бастысы, өзімізде шығарылатын көмірді пайдаланған тиімді. Бұл бір жағынан, орталықты отынмен үзіліссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе,  екіншіден көптеген тұрақты жұмыс орны ашылып, әрі қаржы өзімізде қалады, – деді Дәурен Әділбеков өз сөзінде. Кездесуде қытайлықтар өз мүмкіндіктерін ұсынып, жылу-энергия орталығын салып беруге дайын екенін жеткізді. Ли Хонг мырзаның сөзіне қарағанда, бұл компания отызға жуық компаниялардың басын біріктіреді. – Біздің «Westers POWER CHINA» компаниясы Қытайдағы жекеменшік компаниялардың ішінде ең ірісі. Құрамымыздағы компаниялар әлемнің әр елінде орналасқан. Қытайдан басқа, Үндістан, Индонезия тәрізді елдерде жылу-энергия орталықтарын салып бердік. Ұсыныстарымыз сіздердің талаптарыңыздан шығып жатса, сіздердің қалаларыңызда да осындай орталық салуға дайынбыз, – деді делегация басшысы.
Осы орайда, жобаға қатысты ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдай келе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбеков нысанның ең бастысы, экологиялық жағынан тиімді болуын алға тартты. Сондай-ақ, нақтылы бір шешім қабылдамастан бұрын, жобаның барлық нұсқаларын егжей-тегжейлі саралап барып, сосын ғана нақты бір тоқтамға келу жөніндегі кесімді пікірін айтты. Әсіресе, инвесторларға салынған инвестицияның қайтарымы болуы үшін біздегі тарифтің бағасының арзан екенін ескерте келе, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қарастыру тиімді екенін алға тартты.
Сонымен қатар,  Дәурен Әділбеков инвесторларға Көкшетау қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған РК 1 және РК 2 ауданаралық жылу қазандықтарын аралап, нақты жағдайды көзбен көруді ұсынды. Кездесу соңында  тараптар бір-біріне кәдесый тарту етті.
Еске сала кетсек, осыған дейін «ALL ENERGY Holding LTD» Израиль компаниясы, АҚШ, Ливия және Түркияның бірлескен «KHOURY/BAK/GLOBAL EDISON GROUP» компаниясы және қытайлық энергиямен жабдықтау «ХАЙЮАНЬ» және жеңіл өнеркәсіп саласындағы инженерлік «China Machineru Engineering Corporation» тәрізді аспан асты елінен келген ондаған компаниялар аталған жобаға қызығушылық танытып, облыс басшылығымен екіжақты кездесулер өткізген болатын. Алдағы уақытта облыс әкімдігінің қойып отырған талаптарына сай келетін компанияға басымдық берілетіні сөзсіз.

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар