Қайтадан жаңартылды

Аудан орталығындағы «Қазпошта» бөлімшесі күрделі жөндеу жұмысынан кейін қайта жаңартылды.
Атап айтқанда, операторлар залы  жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталып, күрделі  жөндеуден өткізілді. Рәсімделу реті фирмалық күйге сәйкестендіріліп,  көрсетілетін қызмет желісі  де кеңейтілді. Поштаның құрал-жабдықтары мен техникалық жүйесі толық  жаңартылды.
Астана  поштамты  директорының орынбасары Ерлан Махметов пен аудандық Қоғамдық кеңестің төрайымы Зейнеп Жүсіпова жаңартылған пошта бөлімшесінің лентасын қиып,  ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан  пош-та қызметкерлеріне табыс тіледі. Бұдан соң  қазақы  дәстүрмен шашу шашылып, игі  тілектер айтылды.   «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сара Дүйсембаева құттықтау сөз алып, аудан тұрғындары үшін пошта бөлімшесінің жаңарғаны елеулі жаңалық екенін атап өтті.   
Людмила МАРКОВА.
Ерейментау ауданы.

 

 

Тау басынан сырғанап…

 

«Елікті паркі» серіктестігінің тау-шаңғы базасы өткен жылы пайдалануға берілген болатын.
База жылына 6 мыңға жуық адамды қабылдай алады. 120 адамға арналған бес қабатты ғимараттың қырық бөлмесі бар. Ашық аспан астында да демалатын орын қарастырылған. Мұнда балалар бөлмесі,  дәмді тамақ дайындайтын асхана мен 250 орындық мейрамхана жұмыс істейді. Тау-шаңғы жабдығы жалға беріледі. Сондай-ақ, база жасанды қар жүйесімен, қашықтығы 4,5 шақырым бес шаңғы жолымен, 1,3 мың метр көтергішімен және шаңғы үйренушілер үшін оқу сырғанағымен жабдықталған. Мұнда алғашқы медициналық көмек те көрсету мүмкіндігі бар. Сырғанап жүріп, жарақат алған адамды іле медициналық пунктке жеткізу үшін қарда жүретін техниканы да сайлап қойған. База директоры Анар Бектемірованың айтуынша, өткен жылы  4,5 мың адам демалыпты. Келешекте 200 орындық жаңа қонақ үйінің құрылысы жүргізілмек.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.
Зеренді ауданы.

 

 

Өндірісі өрге басқан

 

«Подгорный» серіктестігі егін егіп, мал шаруашылығымен айналысып, ауыл тұрғындарына жұмыс тауып беріп отыр.
Шаруашылықтың бұл ұмтылысы ел еңсесін көтеруіне ықпал етуде. Биылғы жылы мұнда 19 мың 288 гектарға дәнді және бұршақты дақылдар себуді межелеп отыр. Осы орайда, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қарқынды жүргізілуде. Қазір техникалар  машина-трактор шеберханасында жөнделіп жатыр. Қар тоқтату жұмыстары да қолға алынған.
Шаруашылықта екі мыңға жуық мал қыстатылуда. Бір жақсысы, етке сұраныс көп. Келешекте ірі қараның басын 2 мың 800-ге дейін жеткізу көзделген. Өткен жылы
1 мың 500 ірі қараға арналған тоғыз қора жөнделіп, жаңадан екі қора салынды. Қазір серіктестікте 184 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы 71 мың теңгені құрайды.
Жомарт ДОСМҰҚАНОВ.
Жақсы ауданы.

 

 

Үздік әндер фестивалі

 

Аудандық мәдениет үйінде  «Ең үздік әндер – 2016» фестивалі өткізілді.
Жыл сайын өткізілетін ән фестивалінде сахнамыздың көркі болып жүрген Василий Балашов, Айжан Қамбатырова, Евгений Бас, Мәриям Точиева, Амангелді Жүсіпов, Данияр Ерденов, Мейрам Қалмағанбетов, Алёна Галембиовская, Диас Нұртаза, «Элегия» халық вокальді ансамблі, «Жас-тар» және «Айдана» сияқты   әншілер тобы тыңдарман қауымның жан дүниесін толқытып, төңіректі жырға бөледі.
Астанада өткен «Шаттық» ән байқауының жүлдегері Диас Нұртаза өзінің орындаушылық қабілетімен, әуезді әнімен  тыңдармандардың жүрегін баураса, Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән байқауының дипломанты, ингуш қызы  Мәриям Точиева қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Осылайша өткен жылдың үздік әндерін шырқаған әншілер тыңдармандарға  жақсы көңіл-күй сыйлады.
Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар ауданы.

 

 

Екі есе қуаныш

 

Таяуда Алатау баурайында 28-інші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың өткізілгендігі белгілі.
Елу бес елден екі мыңнан аса спортшы қатысқан дүбірлі жарыста ел спортшылары екінші орын алып, көкірегімізді қуаныш кернеді. Біз екі есе қуаныштымыз. Өйткені, біздің колледждің білім алушысы, үздік шаңғышы Олжас Климин екі алтын, бір күміс медаль алып, ел абыройын асқақтатты.
Универсиада алдында колледжде кездесу өткізілген болатын. Сол кездесуде біздің ұжым Олжастың жеңімпаз атанатынына сенім білдірген. Ақпанның 9-ы күні ортамызға оралған Олжасты құшақ жая қарсы алдық. Қол жеткен жетістік өзге оқушыларға үлгі, біз үшін зор мақтаныш.  

Ұлбала ТОЙЛЫБАЕВА,
Көкшетау азаматтық қорғаныс
көпсалалы колледжінің оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар