Облыс орталығында «Жақия» серіктестігі салған тұрғын үйлердің сапасы жақсы дейді білетіндер. Серіктестікте тәжірибелі құрылысшылар баршылық. Солардың бірі – құрылыс саласында жиырма жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан арматуршы Дінмұхамед Жүсіпбеков. Ол облыс орталығындағы көптеген көпқабатты тұрғын үйлерді салуға қатысып, қаланың көркеюіне өз үлесін қосуда.
Мамандығын мақтан тұтатын құрылысшы жұмысының сапасына жете көңіл бөледі. Адал еңбегі лайықты бағаланып, талай рет марапатқа да ие болған. Бүгінгі таңда Дінмұхамед жұмыс істейтін серіктестік Центральный шағын ауданында тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Бұл ғимарат та Көкшетау қаласының сәнін келтіретініне сенім мол.
Істеген ісіңнің нәтижесі көзге көрініп тұрғаны қандай жақсы. Адамның қажыр-қайраты сынға түсетін мұндай жерге Дінмұхамед сынды азаматтар керек-ақ.
Берік ЕСКЕНОВ.
Суретті түсірген автор.