Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Сиыр пұл болады» деген осы ма?!. - АРҚА АЖАРЫ

«Сиыр пұл болады» деген осы ма?!.

Күн жексенбі. Облыс орталығындағы жергілікті халық «жабық базар» деп атайтын сауда орнының ет сататын сөрелерінің маңы ығы-жығы, иін тірескен халық. Әншейінде алушыдан сатушы көп болатын. Бұл жолы сатушы аз да, туырылып жатқан етке тамсанатындар көп.

Тамсанбағанда қайтсін, сиыр етінің бағасы бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтеріліп, соңғы апталарда күрт өсті. Бір келісінің бағасы 1700-1800 теңге. Осыдан шамамен бір ай бұрын 1300-1400 теңгеден сатылған. Шынын айту керек, қала тұрғындарының қазанына түсетін еттің дені қара малдікі. Адамның асқазанында келесі күн батқанша қорытылатын қой етінен денсаулығына байланысты тартынатындар көп. Ол кезде жылқы еті тісіңе кірмей, түсіңе кіретін. Қара малмен салыстырғанда әлдеқайда қымбат-тұғын. Соңғы уақытта керісінше баға нарығы қалыптасты. Қазір жылқы еті 1500-1600 теңге шамасында.
Сауда мезіретін салмақтап отыратындардың жорамалына қарағанда, биылғы жылы жылқы еті қымбаттауы әбден ықтимал еді. Өйткені, өткен жылы жылқы баққан көп қазақ қыс ортасында жауған жауыннан жұтап қалған. Тігерге тұяқ қалмай, жүген ұстап қалды демесек те, жылқының азайғаны рас. Әсіресе, жабағы-тайы. Айналып келгенде биылғы соғымға жығып алатын төл сол-тұғын.
Бағаның былайша шарықтап кету себебін ет сатып тұрған адамдардан сұрап білдік. Олардың айтуына қарағанда, ең бірінші себебі, облыс орталығына жеткізілетін қара малдың етін қарағандылық алып-сатарлар сатып алып жатыр екен. Шалғайдағы елді мекендерден мал етін жеткізетін делдалдарға әрбір келі ет үшін әдеттегі бағадан үш жүз теңге артық төлейді. Таң сәріден «КамАЗ-дарын» базарға тіреп қояды да, елден ет жеткізгендердің қолындағысын көтерме бағамен сатып алады. Білетіндердің айтуына қарағанда, Қарағандының өз басында сиыр етінің әр келісінің бағасы 2500 теңгеге жетіпті. Оның да себебі бар. Өткен жылы сол өңірде қара мал жұқпалы ауруға ұшыраған. Қазір Қарағанды облысының елді мекендерінде мал басы күрт азайды деп отыр. Бұрынғы малдың дені санитарлық сақтық үшін пышаққа леккен.
Біздің облыста мал басы аман. Кеміген жоқ, қайта өсе түскен.
–Еттің азаюының себебі, мал басының азаюы-нан емес. Ауылда, мал ішінде өскен әрбір адам жақсы білуге тиісті. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетін көкөзек шақта ешкім желіндеп тұрған малын етке тапсырмайды ғой. Сатылатын тайынша, торпақты өткен күзде өткізіп бітірген,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Серік Шайкөзов. – Өткен жылы бұрнағы жылмен салыстырғанда қара малдың басы 4 пайызға өсіп, 399 мың басқа жетті.
Ет бағасының өсуінің тағы да бірнеше жанама себептері бар. Мәселен, шалғайдағы шағын ауылдармен қатынайтын жолдарды қар басып қалды. Оппа қарға омбылап жүрген жүргінші қаптап ет тасымақ түгілі, қарақан басын әзер алып жүреді. Екінші бір себеп, бензиннің қымбаттауы. Тағы бір себеп, мал азығының жылдан-жылға көтерілуі. –Мал бағудың да азабы аз емес. Айтуға ғана жеңіл, әйтпесе, төрт түліктің ішінде қара малдың өзіндік құны өте көп. Есептеп көрейік, біздің жақта қара мал алты ай қолға қарайды. Алты айдың ішінде бір басқа бір тіркеме шөп, бір тонна жем қажет екен делік. Шөбіңіздің құны 30 мың теңге, жеміңіз де сол шамада. Екеуін қоссаңыз, бір бас қара малды қыстатып шығару үшін алпыс мың теңге қаржы керек. Қолдағы малдың тұқымы азып кеткен. Үш жыл бақпасаңыз пышақ көтермейді. Сонда қара мал өзіне жұмсалған шығынды ғана жабады деген сөз ғой. Ал, ауылдағы ағайындар маңдай терін сыпырып жүріп баққан малын бұлдап өткізе де алмайды. Ол үшін селолық округ әкімдігінен мал өзіңіздікі екені туралы анықтама аласыз. Одан соң мал дәрігерінен тағы бір құжат қажет. Барсаңыз базардан орын тиетіндігіне көзіңіз жетіп тұр ма? Осынша мехнатқа өз еңбегіңізді қосыңыз,–дейді Зеренді ауданындағы Жаңауыл ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатов. Сондықтан да, басы артық жұмыстан қашқан ауыл адамдары малдарын делдалдарға тапсырғанды оңай көреді.
Осы арада қадап айта кететін бір өзекті мәселе бар. Қазір делдалдар ауыл тұрғындарынан қара мал етінің келісін 800-900 теңгеден ғана алады. Ал, базарда екі есе қымбат. Сонда делдал үш жыл баққан мал иесімен пара-пар табыс табады екен. Егер біз қымбаттады деп отырған бағаны малдың ақ адал иесі алса еш қарсылығымыз жоқ. Ондай жағдайда қорасындағы бірді-екілі қараның сүмесімен күн көріп отырған, одан басқа табысы жоқ ауыл тұрғындарының еңбегі еш болмас еді. Қайта сол малдың арқасында ес жиып, етек жауып қалар еді. Сондықтан да, тиісті орындар жыл он екі ай мал бағып, қыстың ақырған аязына тоңып, шілденің қара қарғаның миы қайнайтын ыстығына күйіп, бар тауқыметін толайым тартып мал баққан адамдардың сол малының өнімін еш кедергісіз сата алатындай жағдайын туғызу керек. Сонда барып ауылдың аңқау қазағы делдалға жем болмайды. Еңбегі жанады.
Былайша таусылып айтып отырғанымыздың да себебі бар. Көкшетау қаласының тұрғыны, көзі таныс азамат Әміржан Молдағайыпов жұмыссыз қалған соң ет сатумен айналыспақшы болған. Көзі қанықпаған адамға оңай-оспақ шаруа емес. Алдымен құлқын сәріден барып бір тайыншаны көтере сатып алыпты. Енді ет сататын сөре керек. Сөйтсе, базардағы сөрелердің бірі де бос емес. Шеттен келген, көлденеңнен қосылған адамның кіруі мүмкін емес екен. Тіпті, әрі итеріп, бері итеріп, намысқа тиер сөз айтып, келеке еткен де, жұдырықтасуға дейін барып қалған. Ақыр соңында күнімен тұрып ештеңе өндіре алмаған соң, алған малының әр келісін 1000 теңгеден бағалап, жаңағы ұйымдасқан саудагерлердің өздеріне өткізіп кетіпті.
Сөз соңын шиыра тәмамдағанда, сиыр еті бағасының қымбаттау себебі осындай. Базар толы халық. Біреуі етке, екіншісі еттің бағасы жазылған қағазға қарайды. Қалтасы көтергені алып, аспанға қарап кетіп бара жатса, қалтасы көтермегені жерге қарап сытылып шығып бара жатыр. Қайда барар екен? Бағаны айтам да… 

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар