Астана қаласындағы №2 облыстық ауруханасында акушерлік жəне гинекология мəселелері бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Аталмыш шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Иманқұлова жəне өңірдегі медициналық мекемелердің бас дəрігерлерінің орынбасарлары мен акушер-гинекологтары қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Конференцияда өз ісінің шебері, профессор Серік Ысқақов баяндама жасап, жүктілік кезінде іштегі баланың жағдайы мен босану туралы, қазіргі заманғы жедел гинекология, сондай-ақ, жүктілік кезінде, босану жəне босанғаннан кейін қан кетуді емдеу, алдын алу əдістері туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар, білікті дәрігер облыс акушер-гинекологтарына лапароскопиялық гистер-эктомия бойынша шеберлік сабағын өткізді. Профессордың айтуынша, лапароскопиялық гистерэктомия лапароскопиялық жол бойынша жатырды алып тастау əдісі. Бұл – ауруды асқындырмай, науқастың тез сауығып кетуі үшін таптырмас əдіс болып табылады. – Аталмыш əдіс бойынша ота 0,5-1 сантиметр тілік арқылы енгізілген лапароскоп-оптикалық құралдың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл жараның отадан кейін тез бітіп, науқастың қысқа мерзімде, яғни, 3-4 күннің ішінде сауығып кетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, науқасқа отадан кейін ауырсынуды басатын дәріні беру қажет етпейді», – деді ол өз сөзінде. Ақмола облысының дәрігерлері жатырды тіліксіз алып тастаудың қазіргі заманғы әдісін қолданысқа енгізуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астана.