Ынтасы барларды демеп жіберу керек

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында «Тиімді жұмыспен қамтуды және жалпылай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні болып өтті.

Азаматтарды облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досхан Әміринов, Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Айдархан Сәдуақасов, тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының директоры Ерік Мұратбеков және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілі Ерболат Едігеев  қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келген Көкшетау қаласында тұратын Әсемгүл Қайыржанова, Айнұр Омарова мен Дана Балажан жұмыс іздеп жүргендерін айтып, өтініштерін білдірді. Оларға бос жұмыс орындарының тізімі берілді. Кәсіпкер Нұрлан Шаханов шағын кәсіпкерлікті қолдау аясында банктен қаржы ала алмай жүргенін айтып шағымданды. Жеке кәсіпкерге «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілі өзге де жаңа мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсететіндерін айтып жөн сілтеді. Қамбар Ахметов болса, жиһаз жасау-мен айналысқысы келетінін, осы бағытта бизнес-жоспар жасағанын тілге тиек етті. Оған кәсіпорынның қондырғылары мен материалдарын сатып алу үшін 10 миллион теңге қажет екен. Аталмыш облыстық филиалдың кеңесшісі өз сөзінде мұндай көлемдегі несиеге 1,5 миллион теңгенің кепілдігін қою керектігін, қолға тек 8,5 миллион теңге берілетінін айтып, кәсібін бастаушыға өзге де кеңес беру үшін өз кеңсесіне шақырды.
  Кәсіпкер Жанболат Шекен Зеренді
ауданына шығатын жол бойындағы саяжай маңында құрылыс материалдарын шығаратын өз кәсіпорнын ашқан. Жердің техникалық пас-порты да бар. Кәсіпкерге жеке трансформатор орнату мәселесі қолбайлау болып отырған көрінеді. Кеңесшілер бұл бағытта қандай құжаттар жинау керектігін түсіндірді. Жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Айтқожинов қалалық парк-те екі жыл бойы спорттық велосипедті жалға берумен айналысқан. Парктің иесі ауысқанда бұлардың келісім-шарты да бұзылыпты. Жеке кәсіпкерге жазбаша өтініш беру жөнінде кеңес берілді. Облыс орталығындағы сервистік-техникалық колледждің оқушысы Самат Нұрғожин шаштараз ашқысы келетінін, ол үшін 500 мың теңге қажеттігін алға тартты. Оған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» облыстық
филиалында 29 жасқа дейінгі жастарға арнайы оқу курсы жүргізілетіні, оқу барысында мүмкіндік қарастырылатыны жөнінде айтылып, нақты жауап берілді.
  Кәсіпкер Галина Пяскорская осыдан 11 жыл бұрын дүкен ашқан. Бүгінгі күні дүкені жұмыс істейді. Оның үстіне кәсіпкер 1,5 мың тауық бағады. Үйін кепілдікке қойып, балапандар өсіру үшін 3 миллион теңге несие алмақшы болған. Банктегілер Омбы қаласынан 750 келі жем сатып алып, оны тасымалдау үшін ақша аудару керектігін айтқан. Ал, кәсіпкер болса, қаржы аудару арқылы ешкім жұмыс істегісі келмейтінін айтып қынжылды. Аталмыш облыстық филиал өкілдері кәсібін ұлғайтқысы келген кәсіпкерге кеңес беру үшін өз кеңселеріне шақырды.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар