«Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі келіндер байқауын ұйымдастырды.
Қазақ келініне тән инабаттылықты сақтау, отбасы құндылықтарын нығайту және қазақ халқының мәдениетін жаңғырту мақсатында өткізілген байқауда келіндердің салт-дәстүрді қаншалықты жетік білетіні, олардың үй шаруасын қалай дөңгелетіп отырғандығы анықталды.
Байқауға Көкшетау қаласында орналасқан №1 «Арман» балабақшасының тәрбиешісі Көпей Әбілова қатысып, жүлделі бірінші орынға ие болды. Ол қазіргі таңда ұмыт болып бара жатқан «Текемет басу» сәндік-қолданбалы өнерін жұртшылыққа көрсетіп, әділқазыларды өзінің өнерімен тәнті етті.
Көпейдің тұрмыс құрғанына 5 жыл толды. Осы уақыт аралығында өз ортасына тез үйреніп кетті. Жолдасы екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Осы байқауда да өзінің аяулы жар, ардақты ана, қазақтың үлгі тұтар келіндерінің бірі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Дина ҚАЛИЕВА,
№1 «Арман» балабақшасының
музыка жетекшісі.