Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінде қуанышты оқиға болды. Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Александр Мусиенко өз қолымен Ұлы Отан соғысының ардагері Айдархан Бәйкенге «Москва үшін шайқасқа 75 жыл» мерейтойлық медалін тапсырды.
Сол кездегі ортақ Отанымыз КСРО-ға тұтқиылдан шабуыл жасаған күші басым жауға алғаш рет күйрете тойтарыс берілген Ұлы Жеңістің бастауы болған Москва үшін шайқасқа қазақстандық атақты 8-ші атқыштар дивизиясының қатысқаны тарихтан белгілі. Панфиловшылар дивизиясы аталып кеткен, қазақстандықтардан құралған құрама жанкешті ерліктің үлгісін көрсетіп, Ұлы Жеңіске айтулы үлесін қосқан еді. Міне, сол панфиловшылар дивизиясының құрамында Москваны жаудан қорғауға қатысқан 6 көкшетаулық жауынгердің бүгінде төртеуінің көзі тірі. Ардагерлер кеңесінде өткен шараға 92-ге толған майдангер Айдархан Бәйкен ақсақал ғана келді. Ресей елшілігінің кеңесшісі медальмен бірге майдангерге президент Владимир Путиннің хатын да қоса тапсырды. Ел тағдыры таразыға түскен сол ауыр шақта жан аямай шайқасып, қаланы жаудан қорғап қалған қазақстандық қаһармандарға ақ алғысын білдірген президент хатын елшілік кеңесшісі оқып берді. Өз кезегінде ардагер де осындай құрмет көрсеткені үшін президент Путинге және Ресей халқына ақ алғысын айтып, бүгінгі қол жеткен ең үлкен жетістігіміз – бейбітшілігіміз мәңгілік болсын деген тілегін білдірді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған ардагерлер ансамблі майдан әндерін айтып, алыста қалған отты жылдарды еске салғандай. Өкінішке орай, мерейтойлық медальмен марапатталған майдангер Тұрабай Ережепов пен Иван Пшеничный бұл күнге жете алмапты. Медальді елшілік кеңесшісі ардагерлердің туыстарына табыс етті. Ал, денсаулықтарына байланысты келе алмаған Шамиль Магавин, Леонид Синельников және Игнатий Шапошников тәрізді майдангерлерге Астанадан арнайы келген елшілік кеңесшісі үйлеріне барып медальді өз қолымен табыстады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.