Қылмысқа қарсы күрес бәсеңдемейді

Мемлекет басшысының биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында бес негізгі басым бағыт айқындалып, еліміздің болашақ даму бағдары нақтыланды. Елбасы Жолдауында белгіленген бес басым бағыттың бәрі де мемлекетіміздің ертеңгі дамуына үлкен ықпал ететін маңызды мәселелер. Олардың арасында жемқорлықпен күрес, экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу, еліміздің қауіпсіздігін сақтау сияқты іс-шаралар бар.

 

Облыстың ішкі істер органдары үшін  Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді ойдағыдай іске асырудың маңызы зор.  Биылғы жыл да қауырт жұмыспен басталды. Өйткені, қылмыс деңгейі әлі де жоғары қалпында қалуда. Осыған орай, мемлекет пен жеке азаматтардың меншігін қорғап, қоғамдық тыныштықты сақтау міндетін мойындарына алған құқық қорғаушыларға жүктелер міндет жүгі ауырлай түспесе, жеңілдемейтіні анық.
Жылдың алғашқы тоқсаны да аяқталып қалды. Оның қорытындысы көрсеткендей, қылмыстардың барлық түрлері бойынша қылмысты ашу көрсеткіші біршама жақсара түскенін атап өткен артық болмас. Ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 50,9 пайыз болса, аса ауыр қылмыстарды ашу 73,7 пайызға жетті. Тіркелген қылмыстардың басым көпшілігі тонаушылық пен ұрлықтың үлесіне тиіп отыр. Жыл басынан бері бөтен адамның мүлкін ұрлауға байланыс-ты 655 қылмыс ашылып, жазықтылар заң шеңберінде жазаға тартылды. Тағы бір айта кетерлік жай, 45 кәнігі қылмыскер құрықталды, ал, олардың 10-ы халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлер.
Есірткі саудасына қатысты қылмыстар әрдайым назарымызда қатаң ұсталады. Өйткені, жас ұрпақты есірткімен улап, оларды нашақорлық дертіне ұшыратып жүрген оңай олжаға құныққандардың әрекетіне тосқауыл қою еліміздің болашақ тізгін ұстары жастарымызды жазылмас дерттен сақтаудың бірден-бір жолы. Биылғы жыл бұл бағыттағы жұмыстарымыз үшін нәтижелі болып басталғанын айтқым келеді. Жыл басынан бері 83 келі түрлі есірткі заттары тәркіленді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен  үш есеге артық. Есірткіге қатысты 158 заң бұзушылық анықталса, солардың  54-і есірткі саудасына байланысты болды.  Әкімшілік құқық бұзушылықтармен күрес те әрдайым назарымызда ұсталады. Жыл басынан бері құқық қорғаушыларымыз 32 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаса, солардың 25 мыңы әкімшілік жазаға тартылды, яғни, айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы  200 миллион теңгенің үстінде. Бүгінгі күнге дейін айыппұлдың  48 пайызы төленіп, қазына қоржынына түсті.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылықтар және қылмыс саны аздап кемігенмен, жалпы алғанда жоғары деңгейде қалып отыр. Бүгінгі күні ювеналдық полиция қызметкерлерімен тіркеуде тұрған 800 жасөспірім мен 1486 жайсыз ата-аналар бақылауда ұсталуда. Жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзған 700-дей жасөспірім ішкі істер органына әкелінсе, олардың  
600-і әкімшілік жазаға тартылды.
 Осы кезең ішінде  300-дей бала
мен  148 жайсыз ата-ана тіркеуге алынды.
Қоғамдық тәртіпті бұзушылық пен ауыр қылмыстардың басым көпшілігі арақ ішкен адамдардың үлесіне тиеді екен. Осыған орай, ішкі істер қызметкерлері маскүнемдікке қарсы күреске жете көңіл бөледі. Қазіргі күні облысымыздың аумағында арақ ішпесе жүре алмайтын маскүнемдік дертке шалдыққан 9000 адам тіркеуде тұр. Бұл адамдар жәй арақ ішіп қоймай, отбасының, қоғамның тынышын алады. Сондықтан да, олардың бәрі полиция қызметкерлерінің үнемі бақылауында. Біз айналасындағылардың үнемі тыныштығын алатын маскүнемдік дертке шалдыққандарды тәртіп тезіне шақырумен ғана шектелмей, оларды еріксіз емделу мекемелеріне жіберуге де ықпал жасаймыз. Өткен жылы арақ ішпесе жүре алмайтын 462 адам еріксіз емделу мекемесіне жіберілген еді, дегенмен, орын тапшылығына байланысты олардың 206-сы ғана емдеу мекемелеріне орналастырылды. Біздің құзырлы органдарға ұсыныс жасауымыздың нәтижесінде Сілеті селосындағы маскүнемдіктен емдеу мекемесі 130 орыннан 160 орынға дейін көбейтілді. Жергілікті полиция қызметі жергілікті жерлерде айықтырғыштардың жоқтығын айтып, талай рет мәселе көтерген еді. Өткен жылы Степногорск қаласынан айықтырғыш ашылды. Болашақта Атбасар қаласы мен Бурабай курортты аймағынан және Астана маңынан да сондай айықтырғыштар ашу көзделуде. Бұның бәрі маскүнемдікпен күресті нәтижелі ете түсетіні анық.
Ауыр және аса ауыр қылмыстың дені кәнігі қылмыскерлердің қолымен жасалатынын ескерсек, оған қарсы күрес мәселесіне де жете назар аудару қажеттігін түсінеміз. Бір емес бірнеше рет сотталып, түзелу жолына түспеген, керісінше қылмысын өрістете түсетін кәнігі қылмыскерлердің әр қадамы құқық қорғаушылардың бақылауында ұсталады. Бүгінгі күні облысымызда бұрын сотталған 900 адам бар және оған қоса,  600-дей әкімшілік бақылауда тұрғандар мен 400-дей мерзімінен бұрын бостандыққа шыққандар бар. Бұл адамдармен негізінен учаскелік инспекторлар жұмыс істейді. Учаскелік инспекторлар тарапынан олармен үнемі кездесіп әңгімелесу, құқықтық кеңестер беру, қоғамдық тәртіпті сақтауларын қадағалау сияқты жұмыстар жүргізіледі.
Сырттан келетін адамдар легі өте көп. Әсіресе, Астана маңындағы елді мекендерге келетіндер қатары жыл санап өсе түсуде. Жыл басынан бергі өткен уақыт аралығында облысымыздың аумағына 4726 шет ел азаматтары келген. Көші-қон заңдарын бұзғаны үшін үш мыңнан астам шет ел азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, төрт адам еліміздің аумағынан шығарылды.
Жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан ондаған адам жарақат алып, қаза тауып жатады. Мұның көпшілігі жолда жүру ережелерін сақтамаудан орын алатын жайлар. Осы орайда, жол полициясы қызметкерлері тарапынан жол ережелерінің сақталуы қатаң қадағалауда ұсталады. Биылғы жылдың басынан бері 20 мыңнан астам жол ережелерін бұзу оқиғалары орын алған екен. 700 жүргізуші автокөлік рөліне арақ ішіп алып отырған. Олардың бәрі дерлік әкімшілік, ал,  85-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Көктем күшіне еніп, күн де жылынып келеді. Осыған орай, облысымыздың бірқатар өңірлерінде су тасқыны қаупі күшеюде. Ішкі істер органы қызметкерлері де табиғат апаттарынан қорғану мәселесінен сырт қалмайды. Су тасқыны қаупі күшті Атбасар, Аршалы, Целиноград аудандарының аумақтарында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде кезекшіліктер атқаруда. Олар апат бола қалған жағдайда адамдардың қауіпсіз жерге жетуіне көмектесіп, қылмыс пен заң бұзушылықтарға жол бермеуді жүзеге асыратын  болады.
Ержан СӘДЕНОВ,
облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция полковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар