Балалар қауіпсіздігі толғандырады

Облыстық және Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттары: «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов пен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры  Мәди Елубаев №12 орта мектепте көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.

Бұл аумақта тұратын тұрғындардың басым көпшілігін толғандыратын мәселе  –  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты сауалдар болды. Мәселен, Вернадский көшесіндегі №5А үйде тұратын Шыңғыс Құсайынов «Ел-арна» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Нұржамал Мұхамеджанованың жұмысына көңілі толмайтындығын білдіріп,  арызданды. Бірақ, осы үйде жиырма жылдан астам уақыт тұрып жатқан Светлана Овтина пәтер иелері кооперативінің төрайымына қарсы айтылып жатқан пікірлермен келіспейтіндігін, ол келгелі біраз шаруалардың басы қайырылғандығын мысалдармен дәлелді түрде айтып берді.  Қабылдау барысында осы үйдің тұрғындарының пікірлері толық тыңдалып, Ғалым Мәдешұлы оларға заң жүзінде түсініктеме беріп, барлық дау тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтінің төрайымымен келісімді түрде шешілуі тиіс немесе осы үйдің барлық тұрғындары жиналып, депутаттардың қатысуымен жиын өткізу қажеттігін айтты. Бұл үйдің тұрғындары сонымен қатар, аулаларды көркейту жұмыстарына қатысты мәселе қозғады. Алайда, депутаттар биылғы жылдың жоспарында бұл мәселе қарастырылмағанын түсіндірді.
Ескі үйлердің жоғарғы қабатында тұратын пәтер иелерін толғандыратын басты мәселенің бірі шатырдан су өту жайы екені белгілі. Осындай мәселені Аркадий Цыганов көтерді. Ол Вернадский көшесінің №17 үйінің ең жоғарғы қабатында тұрады екен. Шатырдан аққан су оның үйіне кіріп, берекесін кетіргендігін айтты. Барлық пәтер иелеріне қосылып жөндеуге ұсыныс білдірейін десе, онда тұрып жатқандардың басым көпшілігі пәтер жалдаушылар екен. Халық қалаулылары мұндай жағдайлар жиі кездесіп тұратындығын айтып, оған пәтер иелерімен кездесіп, мәселені өзара шешуді тапсырды. Сол сияқты Ғалия Сейілова мен Рауза Құсайын Вернадский көшесіне ағаш отырғызып, көгалдандыру және газгольдерлерді орнату мәселесін көтерді. Халық қалаулылары бұл мәселелерді өздерінің назарына алып, алдағы уақытта қарастыратындықтарын жеткізді. Жоғарыда атап өткеніміздей, биік үйлердің жоғарғы қабат тұрғындарын шатыр мәселесі толғандырса, бірінші қабатта тұратындар көбінесе жертөлеге су жиналу мәселесімен жиі ұшырасып жатады. Осындай мәселені Вернадский көшесінің №15 үйінде тұратын Серік Ибраев қозғады. Бірінші және екінші подъездердің жертөлелері канализация суымен ластанып жатқандығын тілге тиек етті. Бұл мәселе де тұрғындардың бірлесіп келісімге келуімен шешілетін мәселе екендігі белгілі.
Қоғамдық көліктердің соңғы аялдамасы орналасқан осы аумақта «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығы бар. Осы жерден жүретін балалар өте көп. Тіпті, жеңіл көліктер де үйлердің арасымен осы аймақтан өтіп жатады. Бұл автобустар мен жеңіл көліктер оқушылардың өміріне қауіп төндіреді деп, тұрғындар бұл аялдаманы басқа жерге ауыстыруға ұсыныс білдірді. Сол сияқты №14 орта мектепке баратын Станиславский көшесінің бойымен автокөліктер өте қатты жылдамдықпен жүреді екен. Осыған орай, тұрғындар балалар жүретін жолдарға жылдамдықты шектейтін белгілер қоюды ұсынды. Кездесу өткен №12 орта мектепке оқушылар қатынайтын жол да өте қауіпті. Ұстаздар депутаттарға осы мәселені басты назарға алуларын өтінді. Халық қалаулылары балалардың қауіпсіздігі қашан да басты назарда екендігін ескеріп, бұл жайды мүдделі орындармен бірлесіп шешетіндіктерін жеткізді.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар