«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен жиында республикалық «Nurintech» жастар инновациялық және «3.2.1. Старт!» әлеуметтік-экологиялық жобаларының байқаулары өтетіндігі және оған облыс жастарының белсенді қатысуы қажеттігі жайында сөз қозғалды.
Байқау жеңімпаздарына қомақты грандтар берілмек. «Жас Отан» жастар қанатының біздің облыстағы филиалының төрайымы Жанаргүл Жүнісованың мәлімдеуінше, «3.2.1. Старт!» атты әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған ауқымды жобасы бойынша үміткерлер 15 сәуірге дейін жобаларын арнайы электронды поштаға жібере алады екен. Бұл жобалар байқауына 17 мен 22 жас аралығындағы жастар қатысып, бағын сынай алады. «Кока кола» компаниясының бастамасымен ұйымдастырылып отырған байқау «Жас Отан» жастар қанаты тарапынан қолдау тауып, екі жақты келісім-шарт жасалған.
–Грандтың сомасы миллион теңгені құрайды, яғни, жеңімпаз деп аталған үш жобаға 3 миллион теңге беріледі. Бұл қаражат тікелей есеп-шотқа аударылмайды, тек қана жоба бойынша қажетті заттар сатып алып береді. Өтінім беру оңай. Үміткерлер өздерін толғандырған мәселе туралы бейнеролик түсіріп және өзі туралы ақпараттарды толтырып жіберулері тиіс, – деді ұйым төрайымы Жанаргүл Жүнісова. Үздік деп танылған 10 жобаның авторлары Астана қаласына барып, онда арнайы тренингтен өтіп, жобаларын жүргізу мақсатында білімдерін жетілдіреді. Кейін комиссия алдында жобаларын қорғап, өз идеяларын ортаға салады.
Аталған шара алдымен өңірдегі жастарды кәсіпкерлікке баулуға негізделген. «Жас Отан» жастар қанатының мұндағы рөлі – олар өңірден қатысатын жастарды қолдап, көмек көрсету. Мектептердің жоғары сыныптары мен колледждердің оқушыларының, жоғары оқу орындарының бірінші, екінші курс студенттерінің белсенді қатысып, өңірдің экологиялық, әлеуметтік өзекті мәселелерін шешу жолында өз идеяларын ұсынулары үшін ұстаздар қауымы да атсалысады деген сенім білдірілді.
Сол сияқты күзде өтетін «Nurintech» республикалық жастар инновациялық жобалар байқауына қатысудың ережелері таныстырылды. Аталмыш байқаудың мақсаты – еліміздің экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар мен технологияларды анықтау және ғылыми-инновациялық қызметке қызықтыру арқылы жастардың шығармашылық қабілеттілігін арттыру. Байқауға қатысуға өтінімдер ағымдағы жылдың 12 қазанынан бастап, 15 қарашасына дейін қабылданады. Қатысуға ниет білдеретіндер «Әлеуметтік маңызды жобалар», «техностарт», «Үздік жас ғалым», «Жастардың инновациялық жобасы», «Перспектива» аталымдары бойынша қатыса алады. Сонымен бірге, байқауға жасыл энергетика, химиялық технология, нано технология, био технология, өнеркәсіптік және құрылыс технологиясы, өндіріс, агроииновация, ІТ технология мен авиағарыш, медицина, медициналық техника, фармация және тағы да басқа тақырыптар бойынша қатысуға болады. Мұндағы жалпы жүлде қоры 8 миллион теңге.
Осы орайда, аталған байқауға облысымыздан елу жобаға дейін қатысуға мүмкіндік алғандығымызды айтып, ұйым төрайымы облыстық білім басқармасының мамандарына, мектеп мұғалімдеріне, оқу орындарының оқытушыларына бірлесіп жұмыс істеуге өтініш білдірді.
Байқауға қатысуға ниет білдіріп, өздерінің жобаларын, идеяларын жүзеге асырғысы келетін үміткерлер болса, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатына хабарласып, толық ақпарат алуларына болады.
Ырысалды Шамшиева.