Үздік офицерлер марапатталды

Ерлік күніне орай, «Достар» мәдениет сарайында өткен салтанатты іс-шарада 5510 әскери бөлімінің өз міндеттерін жақсы атқарып жүрген офицерлері марапатталды. 

 

Ұлттық ұланның  5510 әскери бөлімінің бір топ офицерлерін жауынгерлік қызмет пен оқудағы үздік нәтижелері үшін салтанатты марапаттау рәсіміне облыстық ішкі істер, қылмыстық атқару жүйесі департаменттері, 5510 әскери бөлімінің басшылық және жеке құрамы, әскери бөлімнің ардагерлері мен тәжік-ауған шекарасында қызметін өткерген азаматтар қатысты.
Салтанатты шарада әскери бөлімнің офицерлері –
кинология қызметінің бастығы, майор Ақбота Махметов, 1-ші атқыштар ротасының командирі, капитан Тимур Жүрсінов, жедел мақсаттағы батальонының автомобильді взвод командирі, лейтенант Жолболсын Дәлелханға құрмет көрсетілді. Әр офицер өздерінің отбасының ұйытқысы болып отырған аяулы жарларымен ортаға шығып, жүргізушілердің сауалдарына жауап беріп, өздері туралы түсірілген шағын бейнероликтерді тамашалады. Оларға облыстық төтенше жағдайлар, ішкі істер, қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің бастықтары  арнайы ақшалай сертификаттар табыс етті.
Ақбота Махметов әскери қызметке мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағы мұғалімінің ақыл-кеңесіне құлақ түріп келген. Мектеп бітірген соң, ҚР ҰҚК-нің әскери институтын тәмамдап, 5510 әскери бөліміне қызметке орналасқан. Қазір оның отбасы, аяулы жары, екі ұлы бар. Ішкі әскерлердің құрылғанына 25 жыл толуына орай, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, 1-ші атқыштар ротасының командирі капитан Тимур Жүрсінов кішкентайынан әскерилер арасында өскен. Оның әкесі әскери адам болғандықтан, балаларының да осы саланы таңдауын құп көрген. Сөйтіп, Тимур Амангелдіұлы ҚР Ішкі әскерлер жоғары әскери училищесіне түскен. Көкшетаудағы әскери бөлімге 2016 жылы келіп, жедел мақсаттағы 2-ші рота командирі қызметіне орналасыпты. Қысқа мерзім ішінде өзін жақсы жағынан көрсетіп, қорытынды тексеріс кезінде жазғы оқу-жаттығуларын «үздік» тәмамдағаны үшін 1-ші атқыштар ротасының командирі болып тағайындалды. Бауыржан Момышұлының  «Соғыс психологиясы» атты
туындысы оның сүйікті кітабы.
Жолболсын Дәлелханға келсек, ол мектепті үздік тәмамдап, ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түседі. Онда командалық-тактикалық зымыранды артиллерия қару-жарағын басқару мамандығы бойынша тәмамдайды. Ұлттық ұлан қатарына жолданып, Көкшетаудағы 5510 әскери бөліміне жедел мақсаттағы батальонының автомобильді взвод командирі болып тағайындалды. Ол да 2016 жылы өткен байқаудан «Ең үздік взвод командирі» атанды. Өткен жылы отбасын құрған.
Үздік те үлгілі, тәртіпке мығым офицерлерді марапаттауға арналған салтанатты кеште әскери бөлім сарбаздары өнер көрсетіп, әсерлі  әндерімен, әдемі билерімен жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Валентина ОТТ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар