Жас дарындар өнер сайысында

Облыстық білім басқармасы және дарынды, өнерпаз балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінде облысымыздағы музыка мектептерінің оқушылары арасында «Жас дарын» атты  облыстық байқау болып өтті.

Аталмыш өнер додасында 7–17 жас аралығындағы талапкерлер өз өнерлерін ортаға салып, өзара бақ сынасты.
Жас дарындарға қолдау көрсету, олардың өнеріне өріс ашу байқаудың басты мақсаты болып табылады. Бұл өнер бәйгесі облыс көлемінде алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Зеренді, Есіл, Ерейментау, Еңбекшілдер, Жарқайың аудандары мен Степногорск және Көкшетау қалаларының мектеп оқушылары қатысып,  барлығы 85 үміткер 4 аталым бойынша өнер көрсетті.
Қатысушылардың барлығы дерлік байқауға жүрдім-бардым қарамай, аса бір ыждаһаттылықпен дайындалып келгендіктерін аңғартты. Оқушылардың бірі күйсандықта орындау шеберлігімен тамсандырса, енді бірі прима-қобыз аспабында ойнағанда өн бойыңды шымырлатып, өз дарын қабілетіне тәнті ете білді. Хормен ән айту, күй орындау аталымдарында да үміткерлер қатары көп болды.  Байқауға қатысқан жас таланттардың қай-қайсысы болмасын өздерін сахнада еркін ұстап, музыкалық аспапта ойнау шеберлігі мен ойнау тәсілі сияқты қарым-қабілеттерімен  жиналғандардың көңілінен шыға білді.
«Жүзден жүйрік озады жарысқанда» демекші, қазылар алқасының ұйғарымымен «ЭКСПО – 2017» аясында өткен облыстық орындаушылар байқауының домбыра аталымы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алған ақкөлдік Алан Төлеудің айтуынша, осындай өнер додалары жас өнерпаздардың өнеріне өріс ашады.
– Мен Ақкөл ауданындағы музыка мектебінің домбыра класында оқимын. Ұлттық аспапта ойнау мен үшін зор мәртебе. Ұстазым Бөжен Құрметбек  мені күй өнеріне баулып, жастайымнан қасиетті қара домбыраның құндылығын бойыма сіңіре білді, – дейді ол ағынан жарылып.            
Айта кету керек, хормен ән айту және фортепиано аталымдарында жүлделі 1 орыннан көрінген лауреаттар мамыр айында Павлодар қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.   
Байқаудың жүлдегерлері мен олардың ұстаздарына білім басқармасының арнайы дипломдары мен Алғыс хаттары табыс етілді.
Марапаттау салтанатында сөз сөйлеген   дарынды, өнерпаз балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Қайыржанқызы облыс-
та алғашқы рет ұйымдастырылып отырған өнер додасына қатысқан жас өнерпаздарға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілеп, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің директоры Саян Мұхамедияровқа байқауды ұйымдастыруға атсалысқаны үшін алғысын білдірді.         
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар