«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы сайланды

Кеше «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясы болып өтті. Конференцияның күн тәртібіне партияның  облыстық филиалының  төрағасын сайлау және Елбасының республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылап, қолдау туралы мәселелер енгізілді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша делегаттардың бірауыздан дауыс беруімен облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. 

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың  төрағалығымен өткен конференция жұмысына  «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, сондай-ақ, аудандық және қалалық филиалдардың төрағалары мен орынбасарлары, партия белсенділері қатысты.
Конференцияда қаралған ұйымдастыру мәселесінен кейін партия хатшысы Фархад Қуанғанов сөз алып, Елбасы мақаласының басты бағыттары мен тұжырымдары, партияның алдында тұрған өскелең міндеттер туралы баяндап берді. Бұдан әрі конференцияда сөз сөйлеген облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы және саяси кеңесінің мүшесі Мәлік Мырзалин өзіне көрсеткен жоғары сенімдері үшін конференция делегаттарына зор алғыс сезімін білдірді. Бұл сенім өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін айта келе,  бірлесіп филиал жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтеруге бар күш-жігерін аянбайтындығын мәлімдеді.
Бұдан кейін Мәлік Мырзалин Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына кеңінен тоқталып, оның мазмұны, өзектілігі мен тарихи мән-маңызы туралы жан-жақты сөз сөйледі.    
– Бұл мақалада қарастырылған бәсекеге қабілеттілік мәселесі өте орынды және көкейкесті болып табылады. Осы орайда, Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арнаған биылғы Жолдауында әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылу міндетін қойғаны белгілі. Мақалада қозғалған келелі мәселелер мен іргелі міндеттерді осы жаңғыруымыздың жолындағы басты бағыт-бағдар деп түсінген жөн. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды да сақтап қалуымыз қажет. Сондықтан, мақалада айтылған латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Әрине, біз оған бір күннің ішінде көше алмаймыз, ең алдымен, болашақ ұрпақты осы әліпбимен оқытатын мамандарды даярлап алуымыз керек. Бүгінгі жас ұрпақ алғыр да ынталы болып өсіп келеді. Қазір балабақшалардың өзінде бүлдіршіндер үш тілді үйреніп жатыр. Сондықтан, бізге латын әліпбиін меңгеру қиынға соқпайды.  Осының нәтижесінде Интернет желілеріндегі басқа елдердің бағдарламалары мен жаңалықтарын оқып, өз қажетімізге еркін пайдалана алатын боламыз. Осылай өзге озық елдермен иық тірестіруге мүмкіншілігіміз арта түседі, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ, конференцияда партияның Жақсы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Камила Мұғалова, Ақмола облысы бойынша «Азаматтық альянсы қауымдастығы»  бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа сөз сөйлеп, Елбасының бағдарламалық мақаласына байланысты өз ой-пікірлерін білдірді. Осымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының  кезектен тыс ХХVІІ конференциясы өз жұмысын аяқтады.

Ырысалды Шамшиева.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар