Көкшетау қаласындағы №1 құрылыс-техникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беретін білім ошақтарындағы өзге ұлт оқушылары арасында облыстық пән олимпиадасы өткізілді.
Байқауға қатысушылар қазақ тілі пәнінен, сондай-ақ, Қазақстан тарихы пәні мен ағылшын тілінен өз білімдерін сарапқа салып, облыстық олимпиада да үздіктер анықталды.
Білім додасына 70-тен астам оқушы қатысты. Бұл олимпиаданың мақсаты – мемлекеттік тілді жетік білуге оқушыларды қанаттандыру, ғылым мен технологияның тіліне айналған ағылшын тілін жастарды терең меңгеруге бағыттау мен туған елдің тарихын білулері үшін ұйымдастырылған.
Қатысушылар қазақ және ағылшын тілдерінде эссе жазып, шешендік өнерлерін ортаға салды. Ал, Қазақстан тарихынан білім деңгейлерін көрсетіп, тест тапсырмаларын орындады. Екі бөлімнен тұрған білім жарысында қазақ тілі пәнінен Аршалы кентінің №4 агротехникалық колледжінің білім алушысы Ахмет Қасымов жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, ағылшын тілінен Щучинск қаласының педагогикалық колледжінің оқушысы Айдын Рамазанов бірінші орынды жеңіп алды. Қазақстан тарихы пәнінен қазақ тілінде оқитын оқушылар арасында бірінші орынға лайық деп Көкшетау қаласындағы жоғары медициналық колледжінің білім алушысы Замира Нурулла танылса, орыс тілінде оқытылатын Қазақстан тарихы пәнінен Көкшетау қаласының «Арна» колледжінің оқушысы Айгүл Хәкімжанова бірінші орынды алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: олимпиада қатысушылары.