Асқақтай бер, ақиық өлең!

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы ұжымдары «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырған «Ақмола – жырымның арқауы» атты облыстық жекпе-жек айтыстың ақтық сыны болып өтті. Аталмыш өнер кешіне облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева қатысып, айтыстың жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттады.   

Кезең-кезеңімен өткен жыр додасында шашасына шаң жұқтырмай, алқалы топтың алдында ақ боз атының маңдайы жарқырап, бұған дейін сөз додасына түскен сегіз ақынның арасынан топ жарған қос жүйріктің өнерін тамашалауға келген өнерсүйер қауым мәдениет сарайына көптеп жиналды.  Сөз майданында бұландылық Нұрислам Әбділ мен ерейментаулық Ерлан Дәулетұлы кездесіп, суырыпсалма ақындық қабілеттерімен ел көңілінен шығуға тырысып бақты.
Жекпе-жек айтыс бұрын-соңды облысымызда болмаған. Қазіргі заманға сай лайықталған қанатқақты жобалардың бірі осы деуге де болады. Себебі, бұл жолы қазылар алқасы ғана емес, көрермен де дауыс беру арқылы өзі жеңімпаз деп санаған өнерпазына дауысын беруге жағдай жасалған. Мәселен, ғаламтор желісімен де, залда отырып арнайы парақша арқылы да өз таңдауыңды жасауға болады. Бұл да болса, айтыстың әділ өтуіне жасалған оңтайлы шешім десек асыра айтқандық емес. Жас ұрпақтың бойында елжандылық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілік сезім мен Қазақстанның тарихы және мәдениетіне деген қызығушылықты арттырып отырған аталмыш ұжым басшылығының бұл ұмтылысын ерекше атап өткен ләзім. Осыған дейінгі жыр додаларында тек қана сүре айтыс өткізілетін. Ал, осы жолғы сөз сайысы үш кезеңнен тұрды. Атап айтсақ, тосын тапсырма, қайым айтыс және сүре айтыс деп аталатын аталымдарда айтыскерлер өз қабілет-қарымдарын байқатты. Жалпы, бірден айта кету керек, айтыскерлердің сахнада өздерін ұстауы, ұлттық киімдері, мақамы келісті болды. Өлең сөзде бір-біріне дес бермеген олар халықтың дем берген қошеметіне арқалана түсті. Әсіресе, Ерланның тапқырлығы мен орынды әзілі, ұтымды ұйқастары жырсүйер қауымды тәнті етті. Алқалы топтың алдында өнер көрсету оңай емес. Жүздеген көрерменге не айтамын, қандай мәселе қозғаймын деген көкейдегі келісті оймен шықпасаң, сөзден тосылып, табан астында сөз тауып айта алмау ақынға сын. Ақындардың кейде домбыраны құр сабалап, әні мен сөзі үйлеспей, мағыналы сөзінің мәнін қашырып жатқан тұстары да кездесіп қалды. Әсіресе, Ерлан қарсыласының домбыра құлағын қайта-қайта бұрай бергендігін байқап қалып, осал тұсын сөзбен безбендегесі келді ме, осынысын тілге тиек етті. Ал,  Нұрислам болса, өз кезегінде сөзден тосылмай,  «тайып кетсе де тиегім, тұғырым менің таймасын» деп қарсыласының қарымтасын қайтарды. Айтыстың алғашқы кезеңі тосын тапсырмада экран арқылы берілген суреттерге табан астында өлең құрап беру керек болатын. Жансыз сурет арқылы көптеген жанның көкейінде жүрген көкейтесті мәселелерді де тілге тиек ете білген ақындар бұл жолы тақырыпты да аша біліп, өз қарым-қабілеттерін жақсы көрсете алды. Дей тұрсақ та, керағар пікір, ойдың қайталануы, ұйқастың солғындығы байқалып та тұрды. Жалпы, кез келген жыр додасы ақынды шыңдап, ширата түсері анық. Мәселен, мешіт тақырыбында Ерлан Дәулетұлы мен Нұрислам Әбділдің де пікірі бір жерден шықты. Әсіресе, Нұрисламның «бесік пен мешіт бос болмасын» деген ойы ұтымды. Десек те, сөз арасында екеуі де мешітке жиі бармайтындықтарын айтып өз пікірлеріне өздері қарама-қайшы келгендіктерін де аңғартып алды. «Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ» деді ме екен Нұрислам айтыстың өн бойында қоғамда болып жатқан көптеген келеңсіз дүниелерді өз өлеңіне арқау етуге тырысты. Әйтсе де, кей кезде ұйқас қуып, асыра сілтеп, әспеттеп кететіні көңілге қаяу келтіргені рас. Мәселен, өзі намысын қорғамаққа келген Бұланды ауданының кемшіліктерін көрсетпекші болған қадамы қуантса да, сол өңірді «ең жаман аудан» дегені, я болмаса,  ауданда «Балуан Шолаққа арналған шолақ көше де жоқ» деп  кесекті ойын қисынсыз бір сөз арқылы әлсіретіп алғандығын айта кетуіміз  керек. Тұмар ханым бейнеленген суретке қарап, өлең құрауға келгенде  Ерлан тарихтан сыр шертіп, қазақтың қазыналы аналары туралы тебірене жырлай келіп, бұқара халық көп сын айтатын қазіргі қыздардың тәрбиесі туралы тапқыр теңеулері мен табан астында суы-
рып салған шумақтары жұрт көңілінен шықты. Әсіресе, оның түрлі мақамға салып, сол әуенге сай мәнді өлең құрастыра алған қадамы көз қуантты.
Бұл күнде азғындалған әйелдер көп,
Біреулер көңілдес боп бөлесіне,
Кей келін қарсы шықты енесіне.
Жат жерге кеткен қыздарың көп,
Жем болған жауларының жебесіне.
Кешегі Тұмарларың кетті емес пе,
Татулықтың  мінетін кемесіне.
Тұмардың жалғастары серт кетті ме,
Салайыншы тағы бір ел есіне.
Құшағына дұшпанның кірмек түгіл,
Жат таяқты  тигізбес денесіне, –
деген сөздері көрерменіне ой салды.
Тосын тапсырмадан кейін, айтыстың ең қызықты кезеңінің бірі – қайым айтыс. Жұрт елеңдеп асыға күткен бұл аталымда  Ерлан қарсыласын қиын ұйқас беріп шалуға қанша тырысқанымен, Нұрислам бұл жолы шашасына шаң жұқпас шын жүйрік екендігін дәлелдей білді. Ендеше, жыр бәйгесінде бағын сынамаққа келген жастар үшін бұл айтыс өнер мектебі болды десек, артық айтқандық емес.  
Ақындардың сөз саптауы, тақырыптан ауытқуы, айтыстың көркемдік деңгейін төмендететінін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, ұйқас қуып, сөздің құнын жоғалтып алатынымызды ескере бермейміз.  Айта кету керек, ақындардың назарынан тақырып тыс қалып қойғандай болды. «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне дайындықты тілге тиек еткен Ерлан болса, Көкшенің өзі дайын тұрған көрме ғой деп кербез өңірдің бағасын бір-ақ ауыз сөзбен аспандатып жібергені көпшіліктің көңілінен шықты. Қос айтыскер де ата жұртқа оралған ағайындар мәселесіне де кеңінен тоқталды. Айтыс-
та белгілі болғандай  Ерланның өзі әлі күнге дейін азаматтығын ала алмай жүрсе керек. Шын мәнісінде
Отаным деп ата қонысты армандап, елге деген сағынышын арқалап жететін қандастарымызға әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей жатқандығы өтірік емес. Осы мәселе турасында ақындар өз ойларын ортаға салып, көрермен көңілінен шыға білді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Халық ақыны Көкен Шәкеевтің шәкірті, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек бастаған қазақ еліне танымал кіл жүйріктер қос ақынның өнерін бағалады. Айтыс қорытындысы бойынша «Ең үздік жас айтыскер ақын – 2017» атанған Ерлан Дәулетұлына облыстық мәдениет басқармасының арнайы дипломмен қоса бағалы сыйлық табыс етілсе, Нұрислам Әбділ «Шал ақын» атындағы жүлдемен марапатталды. Бұл жүлдені айтыскер ақын Әлібек Серғалиев тағайындап, ақын інісіне ақшалай сыйлық  табыс етті. Көптен күткен бұл доданың да ақтық сыны артта қалды. Айтыстан кейін туатын пікірлер де сантүрлі еді. Біреулері  «Келбеті Көкшетаудай дара тұлға» деп қаламгер апайлар атап өткен ақиық ақын Көкеннің ізбасарлары қайда десе, енді бірі әлі де болса азаматтық ала алмай жүрсе де Ерейментаудың ақынымын деп сол өңірдің атағын аспандатқан Ерландай ақындарды көтеруіміз керек дегенді айтты. Жастар жағы Нұрисламды қолдағаны да белгілі. Бұған ақынның интернет желісі арқылы жинаған дауыс ұпайлары дәлел бола алады. Иә,  «Сөз байлам – ақын үшін міндетті түрде жаңалық болуы шарт» деген. Қазақтың ұлттық өнерін сүйреп, жанымен сүйген ұлтжанды ұл-қыздарымыз бар кезде, айтыс өнері жандана бермек. Олай болса, от тілді орақ ауызды, ақ адал сөздің балақ бауын ағытар ақиық ақындарымыз Ақан мен Біржан туған киелі өңірден әлі талай өнерлі өрен туады деген сенімдеміз. Қалай дегенмен де, алдыңғы буын ағаларының ақылдаса отырып, басшылықтың қолдауымен облыста айтыс ұйымдастырамын деп талаптанып, осы игі шараның басы-қасында жүрген облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Мерген Тоқсанбайдың еңбегін де атап өтсек деп едік. Көкшенің биігінен, көрерменнің жүрегінен ән қалықтап, қазақтың киелі өнері ұрпақтан-ұрпаққа мұра бола берсін. Асқақтай  бер, ақиық өлең!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
 Суреттерде: Нұрислам Әбділ мен Ерлан Дәулетұлы; айтыс жеңімпазы Ерлан Дәулетұлы.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар