«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» демекші, осы бағыттағы діни танымның маңыздылығы мен мәнділігі аса зор. Отбасы ұлттық және рухани дәстүрлерді үйрететін мектеп. Баланың алғашқы дамуы, қалыптасуы, әлеуметтік қарым-қатынасы, байланыстары, іс-қимылдары мен мінез-құлық нормаларын меңгеруі отбасынан бастау алады.
Отбасы баланың адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін, жеке қабілеттерін дамытып, белсенділікке, шығармашылыққа, қайратты да жігерлі болуға тәрбиелейді.
Демек, отбасы ұлт өкілін жөргегінен жасытпай, ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытуға жағдай жасайтын, этикалық әдеп, әдет, мінез-құлықтардың ұлтқа тән бірегей таусылмас қайнар бұлағы, рухани тамырларына жалғасқан киелі мекені. Сонымен қатар, ата-бабамыз бізге қалдырып кеткен ұлттық құндылықтарымызды жасөспірім бойына сіңіру аға буын өкілдерінің басты міндеті. Дін мен дәстүрдің үйлесімді бірлігін қалыптастыра білген ұлттың ғұмыры ұзақ болмақ.
Дін – адамзатпен бірге жасасып келеді және түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің барша осы жаратылыстың қожасы екенін, бірақ, сол үшін әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін құдірет те осы – дін. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.
Біздің санамыздағы ұлттық рух – негізінен дінімізден, тілімізден, салт-дәстүрімізден нәр ала отырып нығаяды. Сондықтан, ұлттық рухымызды байытқымыз келсе дінімізді сақтап, тілімізді жетілдіріп, салт-дәстүрімізді өркендетуге атсалысуымыз қажет.
«Мәңгілік Ел» мұраты – зайырлы қоғам құру. Елбасы «Ұлттың танымын да, тарихын да толғайтын сөз «Мәңгілік Ел» болуы керек. Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық» деп жазған болатын өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» дейтін еңбегінде. Осы орайда, Ұлы дала елі – Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан дейтін ұғымдардың бір-бірімен терең тамырластығын көреміз.
Отбасын құру – тек қана ұрпақ сүю түсінігімен шектелмейді. Әрбір отбасында ата-ана өздерінің уақытын жұмыс бабымен өткізуіне қарамастан, баласының немен қызығып айналысатынын, кіммен қайда жүргенін, қандай достарымен араласатынын, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқында қандай өзгерістер болып жатқандығын қадағалап жүргендері абзал.
Отбасы қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Көптеген жанұяның бірлесуінен ұлт пайда болады. Ұлт үшін отбасының орны бөлек, маңызы зор.
Отанды сүю иманнан басталады. Сонда ғана ұлттық идеология қоғамдағы теріс пиғылды діни ағымдардың идеяларынан жоғары тұра алады. Деструктивті діни ағымдардың жанұяңыздың, балаларыңыздың, өзіңіздің санаңызды улауына жол бермеңіздер.
Қаракөз МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,
облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» КММ-інің психолог маманы.