Сәләфилер дәстүрді дұрыс танымайды

Кейінгі кезде қоғамда исламды жамылып пайда болған теріс ағымдар санының көбеюі өзекті мәселеге айналды. Әдетте, мұндай құбылыс қоғамда адамдардың діни сауатының жоқтығынан немесе сауатының аздығынан туындайды. Демек, қазақ үшін тарихи қалыптасқан дәстүрлі исламды, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын насихаттайтын білімді мамандар қажет. Түркі халықтарының Ханафи мазһабын таңдауында өзіндік ерекшелік бар. Бұл мектептің басқа мектептерден ерекшелігі, халықтың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарап, тұрмыста оларды пайдалануға жағдай жасайды.

 

Сондықтан да, біздің дәстүріміз дінмен біте қайнасып кеткен. Егер кейбір дәстүріміз шынымен де ислам қағидаттарына қайшы келіп жатса, оны имамдарымыз ескертіп жатады.
Ал енді, діни білімді шет мемлекеттен оқып келген жастардың басым көпшілігі дәстүрлі мазһабтарды қолдайтын исламды емес, басқа ағымдарды насихаттайды. Сондай теріс ағымдардың бірі сәләфизм. Сәләфизм халқымыздың дәстүрлерін де, Әбу Ханифа мазһабын да түбегейлі теріске шығарады.
Шариғат үкімімен үйлескен қайтқан адамға ас беруді алайық. Астың артынан қайтқан адамның рухына Құран оқып, бағыштап, жиналған ағайын-туыс, көрші-қолаң, жора-жолдастармен бірге бұрын өткендердің күнәларын кешіруін Алладан тілейміз. Ал, елге берілген астың негізгі мақсаты садақа ретінде қабылдануы. Берілген астан кейін қариялардан бата сұрап, сосын Құран оқып, тағы алақан жайып, Алладан мейірім мен береке сұрау, Құран сауабын марқұмға бағыштау біздің халықтың ғасырлар бо-
йына қалыптасқан дәстүрі. Бата бергеннің, ас қайтарғанның несі айып? Ас демекші сәләфилер дастархан басында бет сипап ас та қайтармайды. Ал, Мұхаммед пайғамбар «Дұға құлшылықтың өзегі», – деп айтқан емес пе? Осы сияқты дәстүрлерімізді сәләфизм жолын ұстанған кейбір жастарымыз жоққа шығарумен әлек. Тіпті, олардың кейбірі Қазақстанға шынайы дін ислам 89-90 жылдары ғана келді деп айтады. Мұны да естідік. Сонда ұлы  Абайдың:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас…» –
деп иман шарттарын талдауы ислам емес пе? Әрине, ислам.
Шәкәрім болса: «Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне, одан басқа құдай жоқтығына, Құран сөзінің бәрі шындығына анық ықыласпен нанбақ…», – деп иманды айшықтап кетті. Исламды сол 90-шы жылдары танығандар басқаларды өздеріндей көрмесін. Аталарымыз мұсылман болған.
Дін арқылы ғана мәселе шешілмейді. Бұл жөнінде Шәкәрім қажы былай дейді:
Жердің жүзін дәл тауып,
Ешбір дін жоқ орныққан.
Бәрінде де бар қауіп,
Дін көбейді сондықтан.
Сол көп дінде шешу бар,
Сол шешудің арты бар.
Адасқанға кешу бар,
Кешудің де шарты бар.
Ұлттық мінез-құлық, салт-дәстүр, өмірлік ұстанымдар әрбір халық үшін өзінің әлеуметтік күші мен рухани нәрін жоғалтпайтын сарқылмас кәусар. Өйткені, әр халық өзінің ата-бабасы ардақтаған дінін, сенімін тарихи жадында таптырмас құндылықтар ретінде қастерлейді.
Сәләфилердің тапжылмай қарсы тұрып, мойындағылары келмейтін келесі дәстүріміз – келіннің сәлем беруі. Сәләфизм идеологиясы бойынша келіннің сәлем беруі дінімізде жоқ дегенге келеді. Сөйтіп, олар келіннің сәлем салуын, құлшылық кезіндегі рукуғпен (намаз кезінде еңкею) теңестіреді. Басқаша айтқанда, адамның тек қана Алланың алдында, Аллаға ғана иілуіне болады. Ал, адам баласының алдында сәлем беруіне ислам рұқсат бермейді. Олай жасау Аллаға серік қосқан болып саналады екен. Осы қысқа шалбар киген сәләфилер «қысқа» ойлайтын көрінеді. Келіннің сәлем беруіндегі мәні жаңа үйдің табалдырығынан аттағалы тұрған кездегі сол отаудың иелеріне құрмет көрсетуінде.
Дәстүрімізді дұрыс білмейтін, не арнайы діни білімі жоқ шала сауаттыларға айтарым, діннен ізгілікті дәстүрді көрген дұрыс. Бұдан былай жастардың діни білімді елімізде, яғни, еліміздің діни оқу орындарында білім алғанын қалаймын.
Құдайға шүкір, бүгінгі таңда елімізде дәстүрлі ислам туралы діни білім беретін
1 университет, 1 Ислам институты, 9 медресе бар. Аталған оқу орындары ҚМДБ-ның білім ордалары. Дәлірек айтсақ, олар: Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті, республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты, «Әбу Ханифа» медресесі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі, Ақтөбе медресесі, Астана медресесі, Орал медресесі, Сарыағаш медресесі, «Һибатулла Тарази» медресесі, Үшқоңыр (Шамалған) медресесі, Шымкент медресесі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы сауат ашу курсы, Қауам ад-Дин әл-Фараби ат-Түркістани атындағы республикалық басқа да қарилар дайындау орталықтары діни білім береді.
Жастар – біздің жарқын болашағымыз, оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу – ел ағалары, дін қайраткерлері мен имамдарымыздың алдындағы негізгі мәселелердің бірі. Жастардың келешегі осыған байланысты. Өйткені, мешітке баратын халықтың басым бөлігі жастар. Сондықтан, да шығыстық түсініктегі тәрбие ұғымының ел болашағына бағыт-бағдар берудегі маңыздылығы өте жоғары. Әсіресе, мұсылмандық түсінікте жас ұрпаққа ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбие беруге баса назар аударылады.
Жастарымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін ұмытпай, құрмет тұтып қадірлеуі, адами құндылықтарды бірінші орынға қою маңызды. Дәстүрлі дінімізде ата-дәстүрімізбен ұштасып жатқан адамгершілік құндылықтар жетіп жатыр: білімге, ақылға, жақсы ниетке, әлеуметтік әділеттікке, сонымен қатар, адамдардың құқығы мен құрметіне ерекше көңіл бөлінген.

Ғарифолла ЕСІМ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар