Әскерге бару – кез келген ер азаматтың Отан алдындағы парызы. Облыста жастарды әскер қатарына шақырудың көктемгі науқаны наурыз айында басталды және ол маусым айының соңына дейін жалғасатын болады.
Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жергілікті атқарушы және денсаулық сақтау, білім, ішкі істер, ардагерлерлер ұйымы секілді уәкілетті органдармен бірлесіп, әскерге шақыру науқанын жүргізіп жатыр. Облыстағы әскер қатарына қосылуға жасы жеткен азаматтарды әскерге шақыру жұмыстары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің дәрежесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыс әкімінің және қала, аудан әкімдерінің қабылдаған қаулыларына сәйкес жүргізілуде.
Өткен 2016 жылы облыста мерзімді әскерге азаматтарды шақыру белгіленген мерзімде, көктем мен күзде өткізіліп, еліміздің әскери бөлімдеріне 37 топ жіберілді. Оның 18-і көктемде, 19-ы күзде аттанған. Былтыр көктемгі шақыру кезінде әскери органдардан 801 адамға тапсырыс келген, алайда, түрлі себептерге байланысты 757 азамат қана әскер қатарына жіберілді. Шақырылғандарды жинақтау мен іріктеудің сапасыздығы және азаматтардың денсаулықтарының дұрыс болмауы салдарынан Мемлекеттік күзет қызметінің әскеріне 1 адам, ҰҚК шекара қызметінің қатарына 43 адам қосыла алмады.
Әскерге шақырудың күзгі науқанында облысқа 776 адамға сұрау келіп түсті. Бұл жолғы тапсырыс толығымен орындалды. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне 16 адам, шекара күзетіне 140 адам, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметі 266, Ұлттық ұланға 354 адам жіберілді.
Бүгінгі күні есепте 30 мыңға жуық адам тұр, олардың ішінде 5 мыңнан астамы ғана жарамдылар қатарында, ал, 3 мыңға жуығы мамандардың қосымша зерттеп, зерделеуін қажет етеді. 16 наурыздағы жағдай бойынша комиссия 3482 шақырылушыны тексеріп, зерделей келе, олардың тек 1232-сін ғана іріктеп алды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Жалпы, жігіттеріміздің әскерге жарамсыз болуына басты себеп – денсаулықтарының дұрыс болмауы. Мәселен, жастардың көбінде медициналық тексерістерден өту кезінде майтабан, экурес, көз, жүйке, терапиялық аурулар жиі кездесіп жатады. Әскерге өздері жүрек қалауларымен барғысы келетін азаматтар жоқ емес, бірақ, кез келген аурудың өзінің белгілі бір дәрежесіне сай алты ай немесе бір жыл ішінде емделіп шығып, келесі жылы қайта сұрануға болады екен. Соның өзінде олар дәрігерлердің қайта қарауынан өтіп қана, өздерінің Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттануларына болады. Жергілікті атқарушы органдар 2017 жылғы әскерге шақыру науқанын қамтамасыз ету үшін 130 миллион теңгеден астам қаржы қарастырып отыр. Көктемгі шақыру бойынша келген тапсырыс 867 адамды құрайды.
Департамент бастығы, полковник Жанат Ережеповтің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, облыстағы шақыру бөлімшелері медициналық құралдармен және керек-жарақтармен 80 пайыз қамтылған. Дәрігерлермен және тиісті мамандармен қамтамасыз ету жағы 70 пайызды құрап отыр. Бұл орайда, көз, тері, жүйке жүйесі дәрігерлері мен психиатр
мамандарының аса қажеттілік туғызып отырғандығын да айта кеткен жөн.
Департамент бастығы сонымен бірге, көктемгі науқанды сапалы өткізу үшін әскерге шақыруға жасы келетін азаматтарды сауықтыру жұмыстарын күшейтіп, емдеу мекемелерінде ем қабылдаудың сапасын арттыру, шақырылушылардың қосымша тексерілуін қамтамасыз ету қажеттігін айтып берді. Және бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметтен жалтарып жүрген азаматтарға іздеу салынып, бөлімдерге жеткізілуде.
Суретте: кезекті әскерге шақырылушылар.