Өткен жылдың 5 маусымында Ақтөбеде еліміз үшін күтпеген қайғылы жағдай – лаңкестік шабуыл орын алғаны белгілі. Біз бүгін «Ел қорғаны» бетінде сол күні №6655 әскери бөліміне тұтқиылдан болған шабуыл кезінде содырларға өзге сарбаздармен бірге тойтарыс берген ақмолалық ұландар Артем Авдеев пен Денис Чернышов туралы әңгімелегенді жөн көрдік.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жан аямай, барын салып әрекет етулерінің арқасында лаңкестер тоқтатылды. Олар кәсіби шеберліктері мен азаматтық борыштарына адалдығын, ерлік пен отансүйгіштіктің нақты үлгісін көрсетті. Осы орайда, Ұлттық гвардия мен полиция қызметкерлерінің жедел іс-әрекеті мен тәртібінің деңгейі жоғары екендігін ерекше атап өткім келеді», – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Бейбіт күнде орын алған мына жағдайдан кейін «олар бұл лаңкестік топты тез арада анықтап, олардың көзін жойып, жасырынғандарын анықтап, құрықтады» деген хабарлар жер-жерде айтылып жатты. Ішкі қарауылдағы жеке құрамның шешімді тез қабылдап, әрекет етуінің арқасында әскери бөлімге жасалған ожар да қатерлі шабуыл тоқтатылды. Бұл жантүршігерлік оқиғаның куәсі болған, қылмыскерлерге тойтарыс беруге қатысқан Артем Авдеев пен Денис Чернышовтың да ерлігі ересен. Қатардағы Артем Авдеев сол күні өзінің қызметтестерімен күзетте болған. Атыс кезінде оған оқ тиіп, басынан жараланды.
– Ол күні біз ішкі күзетте тұрдық. Алты адам болатынбыз. Күзетті қабылдап алғаннан кейін тәртіп бойынша бірінші сақтық тобы күзетке, екінші топ ұйықтауы керек болатын. Біз түстік ішіп алғаннан кейін ұйықтауымыз керек болатын, бірақ бізді әскери қызметші бөлімге шабуыл жасалып жатыр деп шақырды. Бірінші топ күзет бастығымен тойтарыс беруге бірден кірісіп кетті, ал біз екінші топ күзетті күшейттік. Өзімнің күзет орныма жүгіріп бара жатқанда, атыстың болып жатқанын естідім. Содан үшінші күзет орнына жүгіріп барып, бекініске тұрып алдым. Сосын саябақ жаққа барып, шабуылға тойтарыс беруге кірістім. Оқыс басталған шабуыл кезінде қылмыскерлерге қарсы тойтарыс беріп жатқаным есімде, одан кейін не болғанын білмеймін, жедел жәрдем көлігінде ауруханаға әкетіп бара жатқан жерде ояндым, –дейді Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінің қызметкері.
Артем бүгінде әскер қатарында әлі де өзінің әскери міндетін атқарып жүр. Сол күннің қайталанбауын тілейді. Атыс басталғанын естіген соң қызметтестеріне бірден көмекке келген оны шабуылдаушылар бытырамен атып, дәл желкесіне оқ тигізіпті. Өзінің жараланғанына қарамастан, ол соңына дейін атысқан және қылмыскерлердің қару-жарақ қоймасына өтіп кетулеріне жол бермеген. Шабуылдаушының біреуінің сол жерде көзі жойылып, екеуін жаралаған, ал қалғандары қашып кеткен.
Ал, Денис Чернышов осы бір сын сағатта күзет орнында, яғни, бекіністе тұрған. Кенеттен басып кірген экстремистер 20 жастағы жас жауынгерді атқылаған. Ол иығынан, аяғынан жараланып, өкпесіне оқ тиген. Формасының сол жақ – жүрек тұсындағы қалтасында блокнот болыпты. Сол блокнот жауынгердің өмірін сақтап қалғанға ұқсайды. Оқ блокнотты жанай өтіп, өкпесіне тиген. Ол да біраз уақытқа дейін ауруханада жатып, емделіп, кейін әскери бөлімге кетті. Ауруханада жатқан кезінде оның командирлері үнемі хал-жағдайын сұрап біліп, барып жүріпті. Бұл оның ерлігіне басшыларының ризашылық білдіретіні анық. Осынау бейбіт заманда орын алған шабуылға тойтарыс беріп, бүгінгінің қаһармандары атанып жүрген кімдер дейсіздер ғой. Олар ешқандай да әскери оқу орнын тәмамдамаған, көктемде әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы парыздарын өтеуге Ақтөбедегі №6655 бөліміне қызмет етуге аттанған Атбасар мен Сандықтау аудандарының қарапайым жігіттері. Артем Авдеев Көкшетау медициналық колледжін аяқтаған соң, санитарлы фельдшер болып жұмыс істеп жүрген. Ол жайында ұстаздары тек жақсы пікірлер білдіруде.
– Сабақта үнемі белсенділік танытып, алдына мақсат қоя білетін азамат. Ол шығармашылыққа бейім, тез тіл табысады, әзілқой жігіт. Артемге қандай жағдайда болмасын арқа сүйеуге болады, көмек сұрасаң ешқашан тартынбайды, қолынан келгенше көмектесуге дайын тұрады, – дейді Көкшетау медициналық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тамара Дьяконова.
Артем Авдеев сонымен бірге колледж қабырғасында оқып жүргенде көптеген қызықты жобаларға белсене қатысыпты. Санитарлы фельдшер ретінде ол елді мекендердегі коттедждердегі Таза су инновациялық жобасының бастамасын көтерді. Аталған жоба үшін сыйлық алып, оның жобасы таза су алудың заманауи технологиялары мәселелеріне енгізілген.
Ал, Денис Чернышовқа келер болсақ, ол әскерге дейін тек Атбасар колледжін тәмамдап үлгерген. Құрылысшы мамандығы бойынша білім алған. Оқуды бітірген соң әскерге шақырылған. Мектепте спортпен белсенді шұғылданыпты. Әскерге дейінгі дайындық сабағына асқан қызығушылықпен, ерекше ынта-ықыласпен қатысқан. Арнайы ұйымдастырылған байқаулар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген. Қасында жүрген жора-жолдас, сыныптас, группаластарынан отансүйгіштігімен, жігерлілігімен, қайсарлығымен ерекшеленіп тұратын дейді ұстаздары. Қасында жүрген жолдастарымен болашақ туралы әңгімелескенде, үнемі әскерге барғысы келетіні жайында айтады екен. Өзінен үлкен ағалары әскер қатарынан келгенде олардың қасынан шықпай, әскердегі тыныс-тіршілік, әскери өмір жайында көп сұрапты. Биылғы көктемде әскерден келеді.
Ақтөбедегі лаңкестік оқиға кезінде жарақат алған №6655 әскери бөлімінің қатарындағы жауынгерлерге кейін құрмет көрсетілді. Кеуделерін оққа тосып, тосыннан болған шабуылға тойтарыс берген
6 сарбаз бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды, ата-аналарына осындай қайсар да батыр ұлдарды тәрбиелеп өсіргендері үшін әскери бөлімнен Алғыс хаттар жолданды. Олардың ішінде Денис Чернышов және Артем Авдеев, олардың ата-аналарының болғаны көз қуантады.
– Осы жауынгерлерді әскерге өзім шығарып салғаныма қуанамын, олармен мақтанамын. Олар өздерінің Отан алдындағы борыштарын адал атқарғандығы, батыл шешім қабылдап, ержүректіктері үшін кеудемді қуаныш кернейді. Бұл оқыс жағдайдан кейін жас ұрпақтың, біздің жауынгерлердің бойындағы кәсіби шеберліктері мен отансүйгіштіктеріне риза болдым, нағыз сарбаз осындай болуы тиіс. Сын сағатта өздерін еркін ұстап, шешім қабылдай алғандары, қасқайып келіп, жауға тойтарыс бергендері Отан қорғаушыларымызға сенім артуға болатындығын әбден дәлелдеп берді. Өздерінің намысты елдің жігіттері екендіктерін көрсете білгендігіне ризашылығым зор, – дейді облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы Жанат Ережепов.
Біздің басты кейіпкерлеріміз Артем мен Денис келісім-шартпен әскерде қалғылары келеді. Жоғарыда аталған қандықол қылмыскерлерге тойтарыс беру арқылы олар елді, туған жерді сақтауға қашан да әзір екендіктерін демалысқа келгендегі кездесуде жан-жақты айтып берді. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, жауынгерлеріміз бен сарбаздарымыздың қандай да болмасын жағдайға тас түйін дайын болғаны қандай жақсы. Бейбіт күнде орын алған бұл оқиғадан алар сабағымыз мол. Ел қорғайтын қаһарман сарбаздарымыз аман болсын.