«Көкшетау – тал бесігім»

өнер фестиваліне асығыңыздар!

21 сәуірде Ақмола облыстық филармониясында дәстүрлі «Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестивалі бастау алды. Бұл өнер мерекесі 30 сәуірге дейін созылып, бірқатар тартымды мәдени шаралармен ерекшеленетін болады. Ал, кеше фестиваль шымылдығы жерлесіміз, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері Руслан Баймурзиннің шығармашылық кешімен  ашылды. Біз фес-тиваль қарсаңында  облыстық филармонияның директоры Нұргүл Шәйкеновамен  арнайы жолығып, осы шара жөнінен сөзге тартқан едік.
–  Көгілдір көктеммен асыға жететін, «Көкшетау – тал бесігім» атты фестивальді өткізу дәстүрге айналған. Біз биылғы фестиваль аясында өтетін шаралардың алғашқысын дирижер Руслан Баймурзиннің шығармашылық кешімен бастауды жөн санадық. Себебі, оның есімі бұл күнде республикамызға ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де танымал. Ол талантты домбырашы, дарынды дирижер. 2012 жылы Алматы қаласында өткен Н.Тілендиев атындағы ІІ республикалық дирижерлер байқауында жүлделі  екінші орын иеленіп, лауреат атанды. Сондай-ақ, 2013 жылы Астана қаласында ұйымдастырылған Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» ІІІ республикалық фестивалінде «Дирижерлеу» номинациясы бойынша Астана қаласының әкімінің кубогы мен Гран-При иегері атанды.  
Бұл Руслан қол жеткізген жетістіктерінің бір парасы ғана. Біз алдымен өңіріміздегі өнерлі  жастарды қолдап, олардың шығармашылығын дүйім халыққа насихаттауды жөн санаймыз. Бұл музыкалық жоба еліміздегі түрлі өңірлермен қатар, шетел  әншілерінің арасындағы кәсіби және мәдени байланысты арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Тағы бір айта кететіні, біз ең алдымен өз көрерменімізді жалықтырып алмау үшін бағдарламалардың сан алуан болғанын
басты назарда ұстадық. Өздеріңіз білетіндей, филармонияның ірге тасы қаланған шақтан бері өткен жетпіс жылдың ішінде көптеген шығармашылық ұжымдар, әншілер, дирижерлер қызмет етті.
Шығармашылық орта қалыптастырдық. Қазір филармонияда жеті шығармашылық ұжым табысты жұмыс істеп келеді, әншілер мен солист-аспапшылар қатысатын  музыкалық дәрістер де бар. Біздің бас-ты мақсатымыз – өнерді сүйетін ортаны қалыптастыру, музыка тыңдайтын  қауымның қатарын көбейту. Әсіресе, жастар арасында классикалық туындылар арқылы эстетикалық тәрбие беруді көздейміз. Сондай-ақ, филармония қызметі ұлттық және әлем музыка өнерін насихаттауға, халқымыздың салт-дәстүрін сақтауға, өңір тұрғындарының  мәдени демалыс орнына айналуы үшін жағдай жасауға барынша атсалысады, – дейді Нұргүл Шәйкенова.
– Арқаның әншілік мектебіне, одан түлеп ұшқан талантты ақын-композиторларға, әнші-орындаушыларына белгілі музыка зерттеушілері де таңдана таңырқап өнерлеріне қаныға түсіп, зерттеп, зерделегені тарихтан белгілі. Г.Потанин «Маған қазақ даласы түгел ән салып тұрғандай көрінеді» деп бекер жазбаған болу керек,– деп ойын әрі жалғады директор. – Кешегі Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Шашубай мен Жарылғапбердінің өнері күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді.
Осы орайда, біз өткен жылы филармонияның 70 жылдық мерейлі датасына орайластырып, концертімізді «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» деп атап, осы концертте елімізге танымал дәстүрлі әншілердің орындауындағы Арқаның әншілік өнерін ортаға салған едік. Биылғы жылы классикалық өнер мен ұлттық өнерді ұштастыра отырып, көрерменіне рухани қуат сыйлайтын мәнді мәдени шара ұйымдастырмақшымыз. 21 сәуір күні өткізілетін Руслан Баймурзиннің кешінде К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, камералық музыка ансамблі, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің  бас дирижері Арман Жүдебаев, Астана қаласының мемлекеттік академиялық  филармониясының симфониялық оркестрінің бас дирижері Ернар Нұртазин, республикалық дирижерлер  байқауының лауреаты Әділет Азбаевтар қатысады.  Ал, 26 сәуір күні Гранд Отель «Опереттасы» болып өтеді. Бұл концертке «Көкшетау –  тал бесігім» фестивалінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов қатысады.  «Опереттаның» қоюшы режиссері Челябинск қаласынан арнайы келген Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Александр Мордасов екендігін атап өтсек дейміз.
Сондай-ақ, фестивальде облыстық филармонияның симфониялық оркестрі мен әншілері өнер көрсетеді. Үстіміздегі жылы филармониядағы «Гәкку» би ансамблінің құрылғанына 10 жыл толады. Фестиваль осы ұжымның шығармашылық есеп беру концертімен қорытындыланады.  30 сәуір күні өтетін би ұжымының концертінде Гүлмира Ордабаева бастаған ұжым  талғампаз көрерменнің көңілін көкке өрлетіп, бір серпілтеді деп ойлаймыз. Айта кету керек, осы концерттердің барлығына филармонияның жезтаңдай, күміс көмей әншілері қатысады.
Қандайда бір өнер мерекесінің ажарын ашатын би ұжымы. Осындай би ұжымдарының қатарына жуырда ғана құрылса да, концерттеріміздің көркіне айналған «Гәкку» би ансамблін атап өтпеске болмайды.  Ансамбльдің жетекшісі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық  өнер академиясын режиссер-хореограф мамандығы бойынша бітіріп шыққан Гүлмира Ордабаева би өнерін  дамытып және байытып,  дәстүрді құнттап, сақтап және құрметтеп  келеді. Ұстаздың зейіні мен шеберлігі арқасында  «Гәкку» жыл са-йын көрерменді жаңа  би қойылымдарымен қуантуда.
Ансамбльдің репертуары әртүрлі. Негізгі құрамына биден тәжірибесі бар қыздар іріктелініп алынады. «Гәкку» би ансамблі «кәсіби ансамбль» мәртебесіне ие және бұл негізінен, облыстық мәдениет колледжінің хореографиялық бөлімінің болашақ хореограф-студенттері қатысатын  Көкшетау қаласындағы жалғыз ұжым. Сондықтан да, жетекшінің оларға қояр талабы ерекше. Ансамбль репертуарының негізін «Айнакөл» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкасына  қойылған  билер құрайды. Осылайша фольклорлық ұжыммен біріге  би ансамблі  әйгілі «Аңшының зары» күйінің негізінде  қазақ биін қойды.
«Жезкиік» биі қазақ кермаралдың әдемілігін көзбен көре отырып, көшіріп салған нағыз суреті  секілді. Онымен қоса, ансамбльдің активінде әдемі «Жылқышы» деген би де бар. Бұл биде қыздар жайылымда жайылып жүрген жылқылар табынымен еріп жүрген  дала құсы – жылқышыны суреттейді. Ансамбльдің репертуарында «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындалатын «Зартунг» армян биін де ерекше атап өтуге тұрарлық. «Гәкку» ансамблінің дарынды хореографы Гүлмира Ордабаева  жаңа хореографиялық туындылармен қатар, қазіргі таңда жарты саусақпен билейтін билердің кең өріс алуы-на орай, нео-классикамен де жұмыс жа-сауды жолға қойды. Бұл да болса, бишінің ізденімпаздық еңбекқорлығын айғақтаса керек,–деп ойын түйіндеді өнер ұжымының басшысы.
Ендеше, ежелден ән меккесі атанған Көкше жерінде әсем ән мен шұғылалы би шалқыған өнер мерекесіне асығыңыздар, ағайын!

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар