Ел сыйлаған ардақтылар

Көкшетау қаласы тарихының музейінде өткен мәнді кездесу адам тағдырында туған жер, туған қаласының алатын орнын тағы бір елеп-екшеп, айқындап бергендей болды. 

Сал-серілік сара жолды жалғап жүрген сан қырлы талант иесі Иран сал Тасқара, қолөнер шебері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шәмшия Айтжанова, ұлағатты ұстаз Күләш Темірбаевалар Көкшетаумен сабақтасып өрілген өнегелі өмірлері туралы сыр шертті. Халық шебері Шәмшия апаның қолөнермен қатар, жыр өрнегін де өре алатындығын өнерсүйер қауым жақсы біледі. Ол осы кеште ғұмырбаянын баяндай келіп, өз өлеңдерімен қатар, ақын Қайырбай Төреғожаның «Жамандамаңдар қазақты» деп аталатын патриоттық өлеңін ерекше шабытпен оқып берді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, білім беруге балаға» деген тәмсілдің жай айтыла салған сөз емес екендігін ардагер ұстаз Күләш Хаджанқызының ғұмыр жолымен жақынырақ танысқан сайын қаныға түсесің. Өзі бас болып, Көкшетау қаласындағы педагогикалық қызметкерлердің мұражайын ашып, оны күні бүгінге дейін басқарып келе жатқандығы, ұстаздың өз ісіне деген ақ адал көңілі, мұражайдағы әрбір мұраны  көзінің қарашығындай сақтап, қызғыштай қорыған, еселі еңбегі жастарға үлгі бола алатындығы сөзсіз. Ардагер ұстаз қаладағы 14 педагогикалық әулеттің жүріп өткен жолдары туралы арнайы альбом шығару мәселесін қолға алған.
– Мен де осындай ұстаздар әулетінен шыққанмын. Біздің әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 331 жыл. Өз басым 45 жылғы ғұмырымды ұстаздыққа арнадым,– дейді Күләш Хаджанқызы тебірене сөйлеп. Бұл кісі де Көкшетау қаласының құрметті азаматы.  «Шәкірттеріңіздің арасында бүгінде елге танымал болғандары бар ма?» деген  сауалға ол сатирик-жазушы, журналист Сайлау Көшкенұлы, айтулы дәрігер Сағынтай Кенжетаев, облыс орталығындағы «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық бірлестіктің төрағасы Герихан Яндеев, тағы басқа белгілі азаматтардың есімдерін ерекше мақтанышпен атап өтті.
Ақын-композитор Иран Тасқараның ғұмыр жолы да ғибратқа толы. Бір ғажабы, мамандығы тау кен инженері болғанымен, ол кісі ешуақытта өнерден қол үзбеген. Тіпті, түрлі лауазымды қызметтерді атқарғанда да. Шынында да, Иран ағадай сан қырлы талант иесі бүгінде саусақпен санарлықтай. Шіркін-ай, дейсің, осындай азаматтар жанымызда жүргенде бағалап, қадірін біле түскенге не жетеді. Жиналғандар Иран салдан ән күткені анық еді. Аға да әдеттегідей домбырасын бірге  ала келіпті. Иран сал салған ән қандай! Әуендік, ырғақтық, интоннациялық тұрғыдан мейлінше бай келетін ағаның әндерінің көбі кең тыныс, зор да-уыспен шырқалады. Құлақ құрышын қандыратын осындай әндер бұл жолы да көрерменнің көңілін көкке өрлетті. Жиналғандар ерекше қошемет көрсетіп, бар ынта-зейіндерімен тыңдады.  Сазгер әдеттегідей өз әңгімесін сабырмен әдемі өрбіте білді.      
– Арқаның әуезді әндерін қанша тыңдасаң да қанбайсың. Өйткені, сол сырлы мөлдір музыкада дархан даламыздай, қазақтың кең жүректілігі, кең пейілділігі жатыр. Кешегі Ақандар мен Біржандардың, Үкілі Ыбырайдың сиқырлы ән әлемі мені жылдар бойы жылулыққа бөлеп келеді, – дейді аға ағынан жарылып.
 – Ең басты мәселе – ұлттық өнерді сақтап қалуымыз керек, – деді аға тағы да. – Ал, бұл үшін алдымен әрбір адам төл өнерімізге жанашыр болғаны абзал. Ал, сендер – жауқазын жастар, жас өрендер, ең бастысы, осыны жүрекке түйіп қойыңдар!–деп түйіндеді өз сөзін кездесу барысында Иран сал. Студенттер өнер иесіне өз тараптарынан қызықты сұрақтар қойып, шығармашылығына терең бойлай түсті.
Кеш барысында музей директорының орынбасары Әмина Шәріпова  сөз сөйлеп, ұжым атынан келген қонақтарға гүл шоқтарын сыйлап, алғыс білдірді.
Біржан сал атындағы музыка колледжінің оқушылары да әннен шашу шашып, жиналғандардың көңілдерін серпілтті. Облыс орталығының өсіп-өркендеуі үшін еселі еңбек сіңірген осындай өнегелі жандармен өткен кездесу кешінен  жастар үлкен әсер алып, жақсы ой түйді.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар