Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен ағайын! Осы бір сын сәтте бүкіл ел, облыс халқы, сіздермен бірге!

Қатерді жеңетін күш, бірлік бар

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Атбасар ауданында болып, көктемгі су тасқынының зардабын жою жөнінде кеңес өткізді және осы бағытта қазіргі шұғыл қолға алынып жатқан жұмыстарды пысықтады.

Өңір басшысы өз сөзінде облыс аумағындағы су тасқыны жағдайы күрделі екенін, өңірде 980 тұрғын үйді су алғанын, бүгінгі күнге дейін 397 тұрғын үйді су басып тұрғанын атап өтті.
– Өңір бойынша су тасқыны болған тоғыз ауданның тұрғындары аман. Ең қиын жағдай Атбасар мен Сандықтау
аудандарында қалыптасты. Бүгінгі таңда бұл аудандардағы су тасқынының беті қайтып, тұрғындар өз тұрғын үйлеріне орала бастады. Енді біздің алдымызда су тасқынының зардабын жою жұмысы тұр. Тұрғындарды баспанамен, азық-түлік тағамдарымен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлуіміз керек,– деді облыс басшысы.
Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишовтың баяндауынша, аудан аумағында 454 тұрғын үйді су алған, оның 317-сі аудан орталығына, өзге тұрғын үйлер Покровка, Садовый, Борисовка, Полтавка, Новосельский селоларына тиесілі. Кейбір тұрғын үйлерді екі метрге дейін су басып, аудан бойынша 32-сі тұруға жарамсыз болып қалған. Жергілікті жерлерде тегін ыстық ас пен медициналық көмек ұйымдастырылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен тұрғын үйлер жертөлесінің суы сорылып, сыртқа шығарылуда. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы жүз шақты отбасы өз тұрғын үйлеріне оралыпты.
Су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық жағынан көмек көрсету үшін Атбасар қаласындағы «Таза қала» қоғамдық бірлестігі есеп-шот ашқан. Зардап шеккен тұрғын үйлерді тіркеу үшін аудандық мәдениет үйінде жедел штаб жұмыс істеуде. Бес компанияның сарапшылары тұрғын үйлердің жағдайын сараптауда. Баспанасыз қалған отбасылардың пәтер жалдауына қаржылай көмек көрсетіледі. Ендігі қауіп Есіл өзені жағалауындағы елді мекендерге төніп тұр. Одан әрі аудан басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жасалған жағдай мен өңірдің кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен көрсетіліп жатқан қайырымдылық көмек  жайында айтып берді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаев өз сөзінде су тасқынынан құтқару жұмысына департамент қызметкерлерімен бірге, Көкшетау техникалық институтының курсанттары, Астана қаласындағы және жергілікті жердегі Ұлттық ұланның сардарлары мен сарбаздары тартылғанын атап өтті. Су тасқынынан құтқарушылар тұрғындар мен малды дер кезінде қауіпсіз жерге көшірген. Әлеуметтік нысандарды су алмау үшін 6 мың қап инертті материалдармен бөгет жасалыпты. Қазір күш пен техниканың бір бөлігі су тасқыны қауіп төндірген Целиноград ауданына апарылды.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Жанбай Омаров өз сөзінде аудан тұрғындарының су алған үйлерін екі жүзге жуық полицей күзететінін, бүгінгі күнге дейін қылмыстық іс пен тонау оқиғасы тіркелмегенін баяндап берді. Қазір полицейлер су тасқынының зардабын жоюға көмектесуде.
Кеңесте су тасқынынан зардап шеккендер сапалы ауыз сумен қамтылғаны және жұқпалы ауру тіркелмегені жөнінде айтылды. Қаладағы су құбырлары жүйесіне ешқандай зақым келмеген. Тек су алған тұрғын үйлерді залалсыздандырып, кәріз жүйесі мен септиктерді лай судан тазалау қажет.
Облыс басшысы бұл жұмыстарды тез арада қаржыландырып, атқару жөнінде тапсырма берді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың айтуынша, өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерге еліміздің түкпір-түкпірінен материалдық және қаржылай қайырымдылық көмегі көрсетілуде. Осыған халықты жұмылдыру үшін тиісті жұмыстар атқарылды. Мәселен, Достық үйінде акциялар өткізілуде. Арнайы есеп-шот ашылып, бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландырулар берілген. Бүгінгі таңда жұрт осы есеп-шотқа қаржы аударуда. Қайырымдылық көмекті әділ бөліп беру үшін арнайы комиссия құрылған. Достық үйі мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында, барлық аудан орталықтарында төсек-орын, киім-кешек және азық-түлік қабылдайтын арнайы орындар ашылған. Астанадағы барлық мемлекеттік органдар арнайы есеп-шотқа қаржы аударып, азық-түлік тағамдары жағынан көмектесуде. Есіл ауданы алғашқылардың бірі болып 1 миллион теңге, Жақсы ауданы 2 миллионнан астам теңге қаржы аударды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, су тасқынынан зардап шеккен адамдардың ұсыныс-тілегін жеткізді. Осы орайда, облыс әкімі тиісті басшыларға зардап шеккен адамдармен жеке-жеке кездесуді тапсырды. Жергілікті депутаттардың, кәсіпкерлер мен тұрғындардың ой-пікірлері мен ұсыныстар да тыңдалды. Кеңес жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы су тасқыны зардабын жою жөнінде комиссия құрылғанын, облыстық бюджеттен төтенше жағдайға байланысты Атбасар мен Сандықтау аудандарына қаржы бөлінетінін, сондай-ақ, Целиноград ауданына да үлкен су келе жатқанын атап өтті.
– Жергілікті полиция қызметі мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті үлкен жауапкершілікпен жұмыстарын  одан әрі жалғастыруы тиіс. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жұқпалы ауруларға жол бермеуі, қайырымдылық көмекке қоғамдық бақылау жасалуы қажет. Су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір тұрғын назардан тыс қалмауы керек, – деп атап көрсеткен облыс әкімі үйлері мүлдем жарамай қалған отбасыларына үй салынатынын мәлімдеді.
Рамазан баяқұлы.
Атбасар ауданы.

 

 

Қауіп бір сейіліп, бір өршіп тұр

 

Целиноград ауданының Семеновка ауылында бірқатар үйлерді су алды. Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рәшит Әкімов осы елді мекенде болып, тұрғындармен кездесіп, суда қалған ауылдың жағдайымен танысты.

17 сәуір күні таңғы сағат алты шамасында келген қызыл су Новоишим ауылдық округіне қарасты Семеновка ауылындағы 34 үйдің 19-ын шайып, қалған үйлердің аулаларына кірген. Тілсіз жаудың құрсауында қалған бір үй құлап қалған. Иелері аман. Аталмыш елді мекенде дәл осындай жағдай ауыл ақсақалдарының айтуынша отыз жыл бұрын болған екен. Биылғы жағдайды сенатор былай деп түсіндірді:
– Біріншіден, облыста қар жылдағы мөлшерден көп түскен. Ауа райының күрт жылынуына байланысты жер қар суларын өзіне сіңіре алмай жатыр. Екіншіден, Талапкер ауылында көптеген жерлерді халыққа үй салуға бергеннен кейін, су жүретін бағыттарда бөгеттер туындап, су маңайдағы елді мекендерге кетіп жатыр.
Аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеевтің айтуын-ша, Семеновка елді мекеніне келген судың мөлшері 348 миллион текше метр. Оның 28 миллион текше метрі сусорғыштармен сорып алынған және су қоймаларына бағытталған. Жалпы, ауданда 53 елді мекен бар болса, соның 26-сына қызыл судың жету қаупі бар көрінеді. Қазір мұнда апаттың салдарынан болған шығындарды есептеуге арнайы комиссия құрылуда.
– Ауылда су тасқынын алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілді, бірақ, осыншама қиын жағдай орын алады деп ойламаған едік. Түнгі сағат төрттің кезінде ауылдың шетіне су жинала бастады. Алтыдан аса бергенде су Жамбыл көшесінің бойындағы 7 үйге жетті. Одан кейін Целинная көшесіндегі басқа үйлер де су астында қалды, – дейді ауыл тұрғындарының бірі. Новоишим  селолық округіне қарасты бұл елді мекендегі апат салдарын жоюға төтенше жағдай қызметі, аудандық әкімдік пен ауыл әкімдігі, тұрғындар, Новоишим агротехникалық колледжінің студенттері, бас-аяғы 60 адам жұмылдырылған. Ауылдық округтегі «Семеновка», «Новоишимка» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Анжелика», «Сәби құрылыс», «Сапсан» жеке шаруа қожалықтары арнайы техникалар бөліп, қолдан келген көмектерін көрсетуде. Су үйлерде шамамен жарты метрге дейін көтерілген.
– Балаларымның құжаттарын ғана алып үлгердік. Киім-кешектері, оқу құралдары, барлығы суда қалды. Тасқын орын алғаннан бері сабаққа бара алмай отыр,–дейді 8 баланың анасы Гүлдарай Досжанова. Бір жарым жыл бұрын ғана Астана қаласында жалдамалы пәтерден шаршап, осында көшіп келіп, сатып алған үйлері енді суға кетіп, бір қабырғасы құлап қалды. Жолдасы ауыл әкімдігінде әртүрлі жұмыстарда істейді. Балаларының алды 14-те болса, ең кішкентайы алты айлық. Қазір олар өздерінің үйлерінің жанындағы вагонда тұрып жатыр. Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, су Шортанды ауданының Дамса су қоймасынан келген. Егер Дамсадағы суды жан-жаққа бұрмаса, елді мекендерді су алмақшы.
– Он жылдан бері осында әкім болып істеймін, бірақ, мұндай жағдайды бірінші рет көріп отырмын. Аудандық әкімдік барлық техника, қажетті құралдарды тез бөліп, суды ауылдан шығару жұмыстарымен айналысудамыз, – дейді   Омархан Кішкенеев.
Мұндағы қазіргі жағдайды өз көзімен көріп, осыны жоғары жаққа жеткізу мақсатында келген халық қалаулысы Рәшит Әкімов ауылдың ең шетіндегі құлап қалған үйдің иелерімен сөйлесті. Александр Колбасконың бұл үйінде отыз жыл бұрын да осындай жағдай орын алыпты. Жеріне қатысты құжаттары дұрыс болғанымен, үйінің құжаттары дұрыс емес көрінеді. Аудан әкімі сарапшы топтардың жұмысы басталғанша құжаттарын ретке келтіру қажеттігін ескертті. Үй иесі қазір баласы мен жұбайы үшеуі көршілерінде тұрып жатыр. Ауылдағы №11 негізгі мектепте су тасқынынан зардап шеккендерді орналастыруға арналған бөлімше ашылған. Бірақ, табиғи апаттың салдарынан жапа шеккен адамдарды жақын туыстары мен өзге тұрғындар өздерінің үйлеріне алған. Ауылда медициналық қызметкерден бастап, психолог мамандар да жұмыс жүргізуде.
– Менің бұл ауданға келіп отырған себебім, тасқынның беті өте қатты. Ауданның жартысынан көбін су шайып өту қаупі бар. Бұл Семеновка ауылы республикалық, халықаралық маңызы бар жолда орналасқан. Осы жерден шет мемлекеттердің азаматтары көптеп өтеді. Мына қираған, құлаған үйлерді жол бойынан тез арада алып тастауға, тиісті жұмыстардың рет-ретімен жүргізілуіне бас-көз болуымыз керек. Халықтың мұң-мұқтажын ескере келе, осындай табиғат апатын болдырмау үшін арнайы бағдарлама қабылдау керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдағалы отырмыз, – деп сөзін түйіндеді сенатор.
Кеше ауданның еріктілер клубы «Газельмен» ауылға киім-кешек пен азық-түлік жеткізген. Бүгін Астана қаласынан Динара Бекмағамбетова бастаған «Добряков» еріктілер клубы да қайырымдылық сапарымен келді. Олар бұған дейін Атбасар ауданының 125 отбасына да дәл осындай көмек көрсетіпті.

Ырысалды Шамшинва.

Целиноград ауданы.

 

 Елдігіміз бұл жолы да ісімізден көріне түсуде

 

Облыста орын алған табиғат апатына байланысты облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин Аршалы ауданында болып, №42 разъездің тұрғындарымен кездесті.
Қайрат Құдайбергенов депутаттарды өз үйіне апарып, су тасқынының келтірген зардабын көрсетті. Оның үйіне жартылай нұсқан келген екен. 17 сәуір күні кешкісін су тасқыны қаупі туындауына орай, разъезд тұрғындары Аршалы кентіне көшіріле бастады. Олар көшіру пунктінде, агротехникалық колледждің жатақханасында орналастырылды. Бүгінгі күнге дейін көшірілген 206 адамның барлығы үйлеріне оралды.
–Ешкім басына түскен осы ауыртпалығымен жалғыз қалмайды. Су шайған үйлер сараптамадан өткізілгеннен кейін тиісті жағдайлар қарастырылатын болады, – деді өз сөзінде облыстық мәслихаттың хатшысы. Бұдан әрі депутаттар Қосшы кентіндегі гидробекетте болып, Целиноград ауданының Тайтөбе, Р.Қошқарбаев, Талапкер ауылдарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралап көрді. Мұнда жағаны бекіту жұмыстары қолға алынуда. Тұтастай алғанда, облыста жағдайды қалпына келтіруге барлық шаралар қарастырылуда.  
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов Атбасар қаласында болып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға филиал ұжымы жинаған қаржы мен азық-түлік өнімдерін табыс етті.
Жабай өзенінің жағасына жақын орналасқан Ибарурри көшесінің тұрғындары су бөгеті салынып жатқанда, оның әлсіздігінен өздеріне қорған бола алмайтынын білгендіктерін айтады. Екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Зәуреш Батырованың су тасқынынан барлық мүлкі мен азық-түлігі жарамсыз болып қалған. Ғалым Бекмағамбетов партия филиалы атынан үй иесіне 100 мың теңге ақшалай көмек көрсетті.
Бұл күндері Атбасарға еліміздің басқа өңірлерінен де көмек келіп жетуде. Түс ауа Мәдениет және спорт министрлігінің бір жарым тонна күріш, ұн тиеген көлігі келді. Астана қаласында табиғат апатына орай қоғамдық белсенділердің штабы құрылған көрінеді. Ауданның өзінде де 12 адамнан құрылған шұғыл штаб сәрсенбіде өз жұмысын бастаған. Оның жетекшісі Әділхан Серікпаевтың айтуынша, алғашқы күні 231 адам, келесі күні 56 адам қабылданған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

 

 

Сандықтау ауданының орталығы Балкашино селосында тасқын судан зардап шеккен адамдарға шұғыл  көмек көрсету үшін арнайы  жедел штаб құрылды.

Штабта заңгерлер, сәулетшілер мен мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін әртүрлі мамандар бар. Қазіргі таңда мамандар көмегіне 130 адам жүгінген. Ал, 80 адам үй құжаттарын жасауға өтініш білдірген екен. Штаб басшысы, аудандық мемлекеттік мұрағаттың директоры Галина Виноградованың айтуынша, Жабай өзенінің жағасындағы дамба жарылғандықтан, 300-ге жуық үйді су шайған. Адамдардың басым көпшілігі әлеуметтік көмекке ғана зәру емес, сонымен қатар, психологиялық көмекке де мұқтаж.
Сондай-ақ, аудан орталығында табиғат апатына ұшыраған үйлерді қалпына келтіріп, тасқын судан құрғату сияқты жұмыстарды атқаруға арнайы мобильді топ құрылған. Бұл топта қазір 100-ге жуық адам жұмыс істеуде. Айта кетерлігі, оның ішінде еріктілер де бар. Мәселен, информатика пәнінің мұғалімі Виталий Деабальд оқиға орын алғаннан бері ауылдастарына көмектесіп жүр. Ол бұл апат тек жеке адамның қайғысы емес, барлық халықтың ортақ қайғысы екендігін айтады. Ал, зейнеткер Татьяна Григертті сөзге тартқанымызда, ол өз ойын былайша сабақтады:
– Мен Балкашино селосының байырғы тұрғынымын. Үйімізге кірген су 1 метрге дейін көтерілді. Мұндай апатты өмірімде бірінші рет көруім. Айта кету керек, бұл кісі жалғыз өзі тұрады. Осыны ескерген  мобильді топ мүшелері оның үйіне көмекке келген. Бұдан бөлек, тәуелсіз сарапшылар да үш топқа бөлініп, өз жұмыстарын бастап кеткен. Олар үйлердің қаншалықты судан зардап шеккендігін саралап, материалдық шығынды анықтайтын болады. Бұл жерде медико-психологиялық орындар да жұмыс істеуде. Су деңгейі сәл төмендегендіктен, қазір адамдар үйлеріне оралып жатыр. Тұрғын үйлері жарамсыз болған отбасылар жеке кәсіпкер Александр Коренецтің  туристік базасына орналастырылған. Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен сандықтаулықтарға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы, «Қызыл Жарты ай» қоғамының Ақмола облыстық филиалы және облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен өзге де адамдар қол ұшын беруде.
Назгүл РАБИЛОВА.
Сандықтау ауданы.

 

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар