Өнерпаздарға кенде емес

«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне арналған аудандық «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауы мәресіне жетті.

«Қуатты Қазақстан – баянды болашақ!» ұранымен өткен байқауда аудан орталығы, ауылдық және селолық округтерден жиналған 184 көркемөнерпаздар ұжымынан құралған 2 мыңдай  өнерпаз бен 263 әнші өнер көрсетті.  
Қазылар алқасы байқаудың тақырыптық ашылуына, сахнаның безендірілуіне, қатысушылардың репертуар таңдауына, олардың орындаушылық шеберліктеріне аса мән берді. Бұл орайда, Бірсуат,  Түрген, Константиновка, Арнасай, Волгадоновка селолық және ауылдық округтердің клуб жетекшілерінің, аудан орталығындағы №3 Аршалы орта мектебінің ұжымдарының белсенділігін ерекше атап өтуге болады.
Байқаудың негізгі мақсаты – талантты жас өнерпаздар мен ұжымдарды анықтау болғандықтан, әр округ жыл сайын сахнаға жаңа өнерпаздарды, дарындарды шығарулары тиіс.  Осы тұрғыдан алғанда,  Михайловка ауылдық мәдениет үйінің атынан қатысқан «Сказка» би ұжымы, №3 Аршалы орта мектебінің өнерпаздары А.Әбен мен Н.Күдербекова, бірсуаттық орындаушы Б.Рақымжан, арнасайлық «Веселка», түргендік «Ассорти» вокалдық топтары,  Анар ауылынан келген А.Ахметова мен Сарыоба ауылының намысын қорғаған М.Әбдікәрімова тамаша өнер көрсетіп, көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар, бұл жолғы байқауға шағын ауылдық клубтардың белсенді қатысқандығы қуантты. Көркемөнерпаздар байқауының облыстық гала-концертінде ауданның ең үздік ұжымдары – «Задоринка», В.Зеленский атындағы халық,  «Мираж» халықтық би, Тасболатовтар әулетінің «Алмагүл» отбасылық ансамбльдері, қазақ және орыс халық аспаптары оркестрлері мен би ұжымдары қатысты.
Көркемөнерпаздар байқауы барысында Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың мәдениетін, тұрмысын, салт-дәстүрін бейнелейтін қолданбалы және бейнелеу өнері шеберлерінің ең үздік жұмыстары «Киелі өнердің өшпес ізі» атты көрмеге қойылды. Үздік деп танылған жұмыстар облыстық байқау көрмесіне жолдама алды. Өнерпаздар ауылдардағы байқаулардың өткізілуіне ерекше мән беріп, демеушілік жасаған Волгадоновка, Михайловка, Арнасай ауылдық округтерінің әкімдеріне ризашылықтарын білдіруде.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар