«Қызға қырық үйден тыйым»

деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен «Айғаным» қыздар клубының отырысына университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров өзі қатысып, өнеге көрсете білді. Мәдени шараның басты мақсаты оқу ордасында білім алып жүрген қыздарды ұлттық дәстүрлер мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу болып табылады. Кеште ректор аталмыш клубтың бүгінгі жастар үшін маңызы зор екендігін тілге тиек етіп, жыл басынан бері университет қабырғасында арнайы бекітілген жоспар бойынша ауқымды игі шаралар өткізіліп жатқандығын баса айтты.
– «Айғаным» қыздар клубы  2016 жылдың қаңтар айында ашылған. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген халық. Ұлт тағдыры аналар қолында екендігі де анық,– деп бастады жиында сөйлеген сөзін ректор. – Қыз баланы тәрбиелеу дегеніміз, біртұтас ұлтты тәрбиелеу деген оймен ұштасады. Уни-
верситетте жұмыс істеп жатқан бұл қыздар клубы аға буын мен кейінгі буынның кездесіп, пікір алмасатын, сырласатын сыр-сұхбат алаңына айналған. Айғаным ақыл парасат иесі, бір өзі шығыстың негізгі төрт тілін, сонымен қатар, түркі тілдерін жетік білген, орыс тілін меңгерген. Қазақ елінің тізгінін берік ұстаған хан Абылайдан соң орыс отаршылдығы жылдарында отыз жылдай елін бірлікке ұйыта білген, халқы қалап хан сыйлаған, Уәли ханның сүйікті жары, 12 перзентінің анасы. Біздің оқу орнымыз аяулы есімімен аталатын ұлы ағартушы-ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі. Осындай адамзаттың асылын тәрбиелеген ананың өсиетін, ұлағатты істерін, ақыл-парасатын жастар бо-
йына молынан сіңірсе дейміз. Тәуелсіз еліміздің бас-
ты мақсаты – Мәңгілік ел  болу десек, халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау әрқайсымыздың парызымыз.
Бұдан кейін шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған аға буын өкілдері өскелең ұрпақты тәрбиелейтін болашақ ана, бойжеткен қыздарға ақыл-кеңестерін беріп, өмірлік мол тәжірибелерімен бөлісті. Кеш барысында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Зере Қиықова қыз балалар тәрбиесіне жете көңіл бөлген университет басшылығына ризашылығын білдіре отырып, облыс бойынша әртүрлі білім мекемелерінде осындай 10 клуб жұмыс істейтіндігін айтты және алдағы уақытта ұлдар клубын да ашу қажет екендігі туралы өз ойын ортаға салды. Жиналғандар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы Майлықожаның «Ата-ананың қадірі» термесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Мінбеге университеттің ардагер ұстазы Таңсық Жұрынқызы көтеріліп, сөз сөйлегенде, жиналғандардың барлығы ұйып тыңдады. Себебі, ұлағатты ұстаз ұрпақ қамы туралы өзекті  мәселелерді ортаға салды. Жанын жегідей жеген әр сөзі жүректен өтті. Ұстаз ананың парасат тағылымы, жаныңды жылулыққа бөлейтін аналық мейірімі сұлулыққа, сыршылдыққа, тағылымға тұнып тұр.  Ақылын айта отырып, еріксіз жылатты, сөзсіз ойлантты, тебірентіп толғантты.  Басыңнан сипап отырып, бауырына басатын өз анаңдай ұлағат айтар осындай парасаты биік ұстаздар болғаны қандай жақсы!
– Негізгі байлық – саналы ұрпақ. Қыз бала жатжұрттыққа жаралған, өз тегінің ар-ұят, намысын қорғаймын десе, келін боп түскен шаңырақтың ыңғайына көнеді. Ата-анасына жағымды, қайын жұртына жұғымды болудың жөнін іздейді. Екеуі бір-бірінің қас-қабағына қарап, түсіністікпен бір бағытты ұстауы ғана абырой әкеледі. Ата-ана жөн-жосықсыз қызын қорғаштамасын,–дей келіп, Таңсық Жұрынқызы соңғы кезде жиі сыналатын қыздар тәрбиесі туралы да өз ойын былайша сабақтады: «Қыз бала шалыс басса табалап, ақылы асса күндейтін әдетіміз бар. Сол гүлдер неге солады? Осындай қасіретке тек қыздар кінәлі ме? Жоқ. Егер де ерлер бойында қыз тағдырына деген жауапкершілік сезімі мол болса, қыз өмірін ойыншық етпеген болар еді. Өзі тәлкек еткен қыз тағдырындай өз кіндігінен жаралған қызды да біреу мазақ етсе, қайтер едім-ау деп сезінсе, біреудің қызының намысын таптамас. Осындай мәселелерді ер азаматтар ертерек ойланып, ұлының құлағына сіңірсе, мұндай жолсыздық орын алмас еді. Болған жағдайды сарапқа салып, бұрынғы билердей төрелік айтатын ақсақалдар алқасы болса», – деп аяқтады өз сөзін ардагер ұстаз. Шара барысында университеттің психология пәнінің оқытушысы, академиялық доцент Жұпар Қалиқызы «Отбасы – тәрбие бастауы» тақырыбында баяндама жасады. Кеште режиссер Құдайберген Насыровтың жетекшілігімен университет қабырғасындағы «Жауқазын» студенттер театрының дайындаған «Тағдыр тәлкегі» қойылымы да көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар, «Айғаным» клубының мүшелері өз өнерлерін ортаға салып, ән мен биден шашу шашты.
 …Ұлағатты жандар парасатты ой өрбіткен осындай әсерлі кештер көп болса игі. Себебі, әр нәрсеге еліктегіш өскелең ұрпақ өз халқының өнегесін көріп,  естіп өссе, жүректеріне түйіп алары сөзсіз. Кеудесі алтын сандық көнекөз қарияларым мен жүрегі ұлтым деп тебіренген ақылгөй аналарым-ай! Ақыл мен парасатты, мейірім мен ізгілікті, имандылық пен ибалықты, ар мен адалдықты ту етіп жүрген осындай әз аналарымыздың арқасында қызғалдақ ғұмыр солмайды деп үміттенейік. Жол көрсетер аға буыны бар Мәңгілік елдің тұғыры берік болсын. Әдеби кеш түрінде өткен бұл шараға қатысқан студент қыздарымыз одан алдағы күндеріне азық болар біраз жөн сөзді көкіректеріне құйды деген сенімдеміз.

Ұлмекен Шаменова.

Суретте: клуб мүшелері өнер көрсетуде.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар