Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
АЛАШТЫҢ АСЫЛ АЗАМАТЫ - АРҚА АЖАРЫ

АЛАШТЫҢ АСЫЛ АЗАМАТЫ

Осы мақалаға қоса беріліп отырған фотосурет кезінде республикалық «Егемен  Қазақстан» газетінің бетінде «Алыптардың асыл бейнесі» деген тақырыппен (№264-265, 1991 жыл) басылып шыққан. Суретті алғашқылардың бірі болып көріп, онда кімдер бейнеленгенін нақтылап айтып берген Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова апай болатын.

Гүлнәр апайдың айтуынша, суретте халқымыздың ардақты перзенттері Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов (алдыңғы қатарда), Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасұлы (екінші қатарда) бейнеленген. Бұл фотосурет 1926 жылы Қызылорда қаласында түсірілген. Республиканың сол кездегі астанасы, мәдени орталығы Қызылорда болғандықтан, Алаш зиялылары сонда жиналып, ұлт мүддесіне қатысты мәселелерді шешіп отырғаны белгілі.
Егер жоғарыда аталған арыстарға қатысты деректер бәрімізге бұрынан мәлім болса, осы суреттегі Абдолла Байтасұлы жалпақ жұртқа белгісіз, еленбей келе жатқан есімдердің бірі. Ол ХХ ғасырда ғұмыр кешкен, Алаштың рухани-мәдени, әдеби өміріне белсене атсалысқан зерделі әдебиетші, қарымды журналист, шебер аудармашы, парасатты сыншы, ұстаз, зерттеуші. Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Досмұхамедұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды Алаш арыс-
тарымен бірге ұлт мүддесін көксеген қалам қайраткері. Оның өміріне, өнегелі қызметіне қатысты деректер Е.Тілешев, Д.Қамзабекұлы, И.Нұрахмет сияқты әдебиетші ғалымдар құрастырған анықтамалықта берілген: «Абдолла Байтасов 1901 жылы Ақмола губерниясы, Петропавл уезінің Ортақшылдар болысында туған. Белгілі қоғам қайраткері, білікті ұстаз, талантты журналист, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. 1917 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Алаш қозғалысы тұсында белсенді жұмыстар істеген, қазақ комитеттерін құруға атсалысқан. Алаш Орда үкіметінің көркейіп-гүлденуі, іргесі бекіп, тұғырлы болуы үшін күрескен. Қазақ қауымын бақытқа жеткізуді армандаған. Алашорда таратылған соң кеңес үкіметінің қызметінде болды. 1921-1923 жылдары Петропавл қаласында «Бостандық туы» газетінің редакциясында жұмыс істейді. Кейін «Жас алаш», «Жас қайрат», «Еңбекші қазақ» газеттерінің белсенді авторларының бірі болды. Ол редактор ретінде де, журналист ретінде де қазақ қоғамының өзекті мәселелерін қозғап, елдің дамуы мен халық тұрмысының жақсаруы үшін көп күш жұмсайды. 1923 жылы Ташкенттегі жұмысшылар факультеті мен Қазақ халық институтында жұмыс істейді. Кезінде оқи алмаған. Кейін кеңестік жұмыстарға тартылған қазақ азаматтарының білім алуы, қоғамға бейімделуіне күш салады. 1924-1927 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде оқыған. 1928 жылы «Ақ жол» газеті редакциясының ғылым-техника бөлімінде меңгеруші болады. Алаш қайраткерлерімен бірге, «Алқа» әдеби ұйымын құруға қатысқан. 1929 жылы қуғын-сүргін кезінде тұтқындалған. 1930 жылы сәуірде ОГПУ «Үштігінің» шешімімен Архангельскіге жер аударылған. Одан кейінгі өмірінен дерек жоқ» (54-55 беттер).
Жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты зерттеу әфсанасында Абдолла Байтасовқа қатысты мынадай ақпарат бар: «1900 жылы Ақмола губерниясы Көкшетау уезінің Айыртау болысында (екінші бір анкетада – Қостанай округінің Бақбаққара ауданы) туған. Мұғалімдер семинариясын бітірген. 1921 жылдан кәсіподақ мүшесі. 1920 жылдан мамандығы бойынша қызмет істейді. Шет елде, әскерде, қызыл армия қатарында болмаған, бұрын сотталмаған. Қоғамдық қызмет атқармайды, дені сау, өзін істеп жүрген қызметіне лайық деп санайды, қазір мұғалім. Сын-ескертпесі жоқ. «Жас алаш», «Жас қайрат» газеттерінің белсенді авторы. Ағарту, сауат ашу, әр ғылымның саласындағы кітаптар жөнінде мақалалар жазған. Саяси экономия қақында пікір қозғаған». (341 бет).
Абдолла Байтасұлының ғұмырнамасына байланысты бұл деректерді саралай келе, Абдолланың Ақмола өлкесінің тумасы, қайраткерлік, қаламгерлік, аудармашылық қабілетімен дараланған, жан-жақты білімімен ерекшеленген, ұлтын сүйген тұлға екенін аңғарамыз.
Абдолла Байтасұлының өмірдегі болмысы, мінезі жайлы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың «Шындық шырағы» атты естелік-эссесінде де жазылған: «Айналып соғамын» деген Жүсіпбек бес-алты күн өткен соң тағы келді. Үй іші қуанышпен қарсы алды. Бұл жолы жанына Абдолла Байтасовты ертіп келіпті. Ол да Дулатовтарға бұрыннан таныс, тәтемнің жан досы, дәрігер Жұмағали Тілеулиннің бажасы болатын. Абдолла ұзын бойлы, талдырмаш келген, бұйра шашты, ылғи күліп, көңілді жүретін әдебиетші жігіт болатын.
Ахмет Байтұрсынов ағайдың «Оқу құралы», «Қырық мысалы», тәтемнің «Есеп құралы», «Оқу құралы» (Қирағат) кітаптарынан, Мағжанның өлеңдерінен, М.Әуезовтің «Қарагөз», Ж.Аймауытовтың «Шернияз» пьесаларынан, И.Байзақовтың «Құралай сұлу», т.б. балаларға арналған ертегілерден Абдолла Байтасов үзінділер оқитын. Ол нағыз артистік шеберлікпен даусын да, кескінін де мүлдем өзгертіп, кейіпкерлердің бейнесін келтіріп, сөз мәнерін салып құбылтып, жандандырып оқитын. Отырғандар ризалықтарын білдіріп, сүйсініп қабыл алатын. Ал, біз үшін әр жазушыны көріп, олардың шығармаларын оқып, тыңдау үлкен бақыт, мәңгі естен шықпайтын мектеп болатын. Бұл Абдолланың жаңа ғана Айткешке (Айша) үйленген кезі еді. Олар бізге жақын Мальков көшесіндегі Латифа Қожықовтардың үйінде тұратын» (43 бет).
Гүлнәр Міржақыпқызының естелігінен Абдолланың адами келбетін, әдебиет пен өнерге деген ілтипатын, көзқарасын анық байқай аламыз. Сонымен қатар, өз ортасында сыйлы, беделді азамат болғаны көрініп тұр. Бұл сөзімізге тағы бір дәлел ретінде Абдолла Байтасұлының Жүсіпбек Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлымен алысқан хаттарын келтіруге болады.
Мәселен, Қошке Кемеңгерұлы Абдоллаға «Ғабдолла дос» деп хат жазған екен. Хат 1924 жылы сәуірдің 13-інде жолданыпты. Қысқа қайырылған амандық-саулықтан соң Қошке Абдоллаға екі өтінішін айтады. Екеуі де ұлт үшін маңызды мәселелердің төңірегінде болады. Дәлелді болу үшін үзінді келтірсек: «Жыл басында Қазақстан мемлекеттік баспасы ауыл шаруашылығынан оқулық жаз деп қолқа салып еді. Мен осыны ойластырып, керекті материалдарды қорытып жатырмын. Баспадағылар мұны қашан баса алады екен, соны білші.
Екінші өтінішім: Госпланға соқ, Смағұлға жолық. Біздің тараптан қандай көмек қажет екенін біл. Оның бізге қандай жәрдемі керек екенін де айт. Смағұлда қабілет те, жүрек те бар. Менің бұған онымен «Жас азаматта» істес болған кезде көзім анық жетті (Смағұл Сәдуақасовты айтып отыр – Г.Т.).
Түркістан мәселесі туралы ондағылар қандай шешімге келгенін де сұрашы. Екі облыс Қазақстанға қосылса, қазақ мекемелерінің жайы не болмақ? Ташкентті астана ету мәселесі де көтеріліп еді ғой.
Хат жаз. Жарайды, сау-саламатта бол! Құшақтасып көріскенше». (255 бет).
Абдолла Байтасұлының Жүсіпбек Аймауытұлына жазған хатында да біраз өзекті мәселелердің басы ашылады. Атап айтсақ, әдебиет пен сынның жай-күйі, «Алқа» әдеби ұйымын құру жөнінде ортақ пікірлер қамтылады. Хаттың жазылған уақыты туралы мәлімет Тұрсын Жұртбайдың «Талқы» еңбегінде берілген. «Жылы көрсетілмеген бұл хаттың шамамен 1924 жылдың аяғында жазылғандығы байқалады. Өйткені, Мағжан мен Мұхтар өзара пікір алысып, жаңа әдеби бағытты бағдарлайтын үйірме ашудың жоспарын талқылап жүргендігі туралы мәлімет соны растайды. Бұл кезде Мұхтар да оқуда жүрген болатын. Жүсіпбектің «Нұр күйі» дастаны да сол жылы жарық көрді». (253 бет).
Енді хаттың мазмұнына қысқаша талдау жасасақ.
«Жүсіпбек!
«Көрмегелі көп айдың жүзі болды» дегендей, бір-бірімізбен көріспегелі көп уақыттар болып та қалды-ау!» – деген жолдармен амандық-саулық сұраудан бас-
тайды. Әрі қарай Мағжанмен жолығып әңгімелескенін баян етеді. Хатта Мағжан мен Абдолланың пікірінде өзара үндестік пен сабақтастық байқалады. Бұған айғақ етіп мына үзіндіні келтіруге болады: «Мағжанға жолықтым. 15 күндей бірге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенің соңғы жазғандарыңа қанағаттанады. Осы күнге шейін айызым қанған сәулетші қалам «Нұр күйі» болды. Қызыққандықтан әлденеше оқыдым дейді. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менің ойларымды нық бекітті. Қуандым. Онымен түрлі мәселелер туралы көп кеңестім. Соны пікірлері бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: «Түбінде жалғыздар тобы жасайды, біз жалғыздар тобының құрамасымыз», деп жазады екен. Бұл пікірді Мағжан да қуаттайды» (250-252 беттер). Осы үзіндіден Абдолла Байтасұлының әдеби сын көзқарасы мен пайымын да байқай аламыз. Абдолла Мағжан секілді Жүсіпбектің ақындығын, сыншылдық қырын жоғары бағалайды. «Нұр күйі» поэмасын әдебиетімізге қосылған жауһар туынды деп есептеп, бұған қатысты қуанышын жасыра алмайды.
Бұдан кейін хатта «Алқа» әдеби ұйымын құру туралы сөз қозғалады. Бұл ретте Мағжанның, Мұхтардың ұстанымдары мен ойлары бір жерден өрбитіні аңғарылады. Себебі, сол алмағайып кезеңде зиялылардың жұдырықтай жұмылып, ұлт тағдыры мен болашағы үшін қызмет етуі ауадай қажет еді. Өйткені, заманның талап еткені осы бірлік пен ортақ мүдде болатын.
Абдолла Байтасұлының Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытұлымен алысқан хаттарынан оның өміріне, шығармашылығына, қызметіне қатысты деректерді молынан ұшырата аламыз. Әсіресе, өмірдегі адами келбеті, адамгершілігі, досқа адалдығы, әдебиет пен өнерге деген биік талғамы, асқақ рухы мен ұлтжандылығы сияқты қасиеттері айрықша көзге түседі.
Қорытындылай келгенде, Абдолла Байтасұлының Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды ұлы тұлғалармен бір мақсат пен мұратты көздеген, ұлттың қамын жеген, келешегін ойлаған Алаштың асыл азаматы болғанына анық көзіміз жете түседі.

Гүлсезім ТЕМІРТАС,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
4 курс студенті.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар