Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының директоры Әлібек ТАТАНОВ: «Хабар тарату көлемін 17 сағатқа дейін ұлғайтып отырмыз» - АРҚА АЖАРЫ

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының директоры Әлібек ТАТАНОВ: «Хабар тарату көлемін 17 сағатқа дейін ұлғайтып отырмыз»

Қасиетті Қараөткелді кең жайлаған қалың елдің  жаңалығын жұртшылыққа жеткізетін, ел елеңдеген хабарды жедел тарата білетін «Қазақстан-Көкшетау» облыстық телеарнасы хабар тарату уақытын 14 сағаттан 17 сағатқа дейін ұлғайтып, көрермендерін қуантып отыр. Сонымен қатар, «Отау ТВ» Ұлттық жерсеріктік хабар тарату желісіне қосылу уақыты бұған дейін бар-жоғы 7 сағат қана болып келсе, қазіргі таңда бұл уақыт 17 сағатқа дейін ұлғайған. Жалпы, филиалдың алға қойған міндеттері  мен жоспарлары орасан. Шығармашылық ұжымға Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымдарының кандидаты Әлібек Татанов басшылық жасай бастағалы осындай  игі істер қолға алынуда. Осы ретте, газет тілшісі филиалдың жаңа директорымен арнайы жолығып, телеарнаның стратегиялық даму жоспарымен танысып оралған еді.

 

–Әлібек Жартайұлы, жаңа ұжымның тізгінін ұстаған күндерден бастап тың жаңалықтармен елді елең еткізіп жатырсыз. Соған қарағанда, алдағы уақытта да соны ізденістер көп болатын шығар?
– Рахмет. Жасырары жоқ, қазіргі таңда «айшылық алыс жерлерден,  жылдам хабар алғызған»  хат-хабардың заманы өткен. Бұл күнде жүйткіген желден жүйрік әлеуметтік желі арқылы жаңалық көзді ашып-жұмғанша тез тарап кететіні бар. Алайда, дүбірлі дүниенің дүрмегін былайғы жұрт теледидар арқылы бақылап отырады.  Технология күнде өзгеріп жатыр. Осы технологиялық прогресс телевидениеге де келді. Еріншек адам заман ағымына ілесе алмайды. Әсіресе, журналист. Бұл мамандық аса жауапкершілікпен зор ыждаһаттылықты, ізденімпаздықты және еңбекқорлықты талап етеді. Қолына қалам алған тілшінің бойында талантпен қатар, табандылық болуы керек. Кім ізденбесе, шаруасын елден бұрын күйттемесе, ол дами алмайды. Қазіргі ең бірінші мақсат – облыста хабар тарату аумағын  сандық 100 пайызға жеткізу мәселесіне аса мән беріп отырмыз. Әрине, оңай-оспақ шаруа емес. Қазірдің өзінде хабар таратудың жаңа кестесіне көшіп, телеөнімдердің контентін жетілдірдік. Атап айтсақ, таңғы ақпараттық-танымдық сазды бағдарламаны жандандырып, күнделікті хабардың сапасын арттыру, бағдарламалардың атауын, құрылымын және форматын заманауи талапқа сай өзгертуді жөн санадық. Шығармашылық ұжымның шеберлігін шыңдап, қызметкерлердің біліктілігін арттыру да – басты назарда. Сондай-ақ, жергілікті жоғары және орта білім беретін оқу орындарымен байланысты нығайтып, эфирге талантты жастарды тарту, облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандарда тілшілер қосынын ашып, эфирге күнделікті берілетін телеөнімдердің географиясын кеңейту, телеарнаның  маркетингтік және жарнама тарату жұмыстарын жетілдіріп, кіріс көлемін ұлғайту, материалдық-техникалық базаны нығайту  басты міндеттердің бірі болып отыр. Жалпы, біздің жұмысымыздың жандануына «Қазақстан» республикалық телерадио-корпорациясы» акционерлік қоғамы мен Ақмола облысының әкімі Мәлік
Мырзалин қолдау көрсетіп жатқандығын баса айтқым келеді. Алдағы уақытта телевизия ғана емес, облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы мен кешелі-бүгінгі тынысынан сыр шертетін музей ашсақ дейміз. Сондай-ақ, филиалдың бейнедыбыс қоры мен кітапханасы болуы керек. Көркем, деректі  және муьтипликациялық фильм-
дер жасайтын жаңа телевизиялық студия құру, заманауи дыбыс жазатын радиостудия жасақтау сияқты ауқымды жоспарлар тұр. Сонымен қатар, облыс орталығында қаламгерлер аллеясын ашып, Бурабай курорттық аймағында «Қаламгер» халықаралық шығармашылық демалыс үйін салуға ұсыныс енгізіп отырмыз.
– Талантты болу тәңірден деген. Өзіңіз атап өткендей, журналистің бойында дарын-қабілеттен басқа еңбекқорлық, білмекке ұмтылыс болуы керек. Жалпы, журналист болу бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Мен Ақтөбе облысының тумасымын. Мені әжем бауырына басып, тәлім-тәрбие беріп өсірді. Қазақтың асыл аналары-ай! Әсіресе ұрпақ тәрбиесі жөнінде әжем көп айтатын және сол білгенін кейінгіге бөлісуден еш жалыққан емес. Ақ кимешек киіп алдыңнан шыққанда өзімен бірге күн нұрының шуақты сәулесін ала жүргендей көрінетін де тұратын  бізге. Қазақтың ақ жаулығын басынан тастамайтындығының өзі бір тәлім емес пе. Әжем өзінің өнегесімен өскелең ұрпаққа үлгі бола білген жан. Ол кісінің әр сөзінен парасат-пайымы сезіліп тұратын, бойынан ізгілік, көзінен мейірім, сөйлеу мәнерінен биязылықты, ұстамдылықты, салмақтылықты бірден аңғарасың.  Кісілікті де, кішілікті де, адамгершілік сияқты абзал қасиеттердің барлығын әжем жастайынан санама сіңіре білді. Жоғары сыныпты ауылдан 60 шақырым жердегі елді мекенде бітірдім.  Ол кезде ауылдың жағдайы сын көтермейтін еді. Мәдени ошақтар, тіпті, білім ошақтары жабылып, елдің сиқы кеткен кез болатын. Еркелігіме қарамастан, қатарластарыммен бірге еңбекке ерте араластым. Жылы-жұмсақ жеп, жылы оранып жатқан бала мен емес едім.  Ауылдың қойын бағып, кейін трактор жүргізіп, қырмандағы қызу еңбек майданынан табылдым. Бізді өмір осылай ерте есейтті. Әлі есімде, ауылдағы жаңалықтың жаршысы аталатын радио мен ескі теледидар болатын. Бірақ, бір ғажабы, сол кезде ауыл адамдарының кітап оқуға құмарлығы ерекше еді. Ауыл кітапханасына күн құрғатпай келіп, жарыса кітап оқитынбыз. Жасымнан өлең жазатынмын. Құнарлы сөздің сырына бойлап, терең зерделеуді осы поэзия арқылы үйрендім. Бірақ, сол кездегі тырнақалды өлеңдерімді поэзияға балаудың өзі де артық болар. Дегенмен, ел арасында менің осы бір қабілет-қарымымды ерекше бағалап, тіпті аудандық ақындар айтысында өнер көрсетіп, жүлделі орыннан көрінгенім де бар. Қос ішекті қасиетті домбыраға тіл бітіп, сыр сандығында жатқан ойларды өлең сөзбен өріп, көрерменімнің көңілінен шығуға тырыстым. Осылайша кейбір айтыстың бас жүлдесін жеңіп алдым. Жастығым болар, сөз жарысынан ұтып алған алғашқы жүлдем – мотоцикл қанжығама байланғанда  қуанышымда шек болмағаны күні бүгінгідей көз алдымда. Осылайша түрлі деңгейдегі әдеби конкурстарға қатысып, шеберлігімді шыңдай түстім. Мектепті үздік тәмамдадым. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсемін деген ой ойда-жоқта келген шешім емес еді. Осылай ойымды саралап, жан сара-
йыммен кеңесіп, 1981 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім.
– Сіз білікті журналист қана емес, осы саладағы іскер менеджер мамансыз. Бір-біріне көмегі көп қос мамандықты меңгергенде қандай мақсатты көздедіңіз?
– Меніңше жан баласы қандай мамандықты меңгерсе де, ең бастысы адами болмысыңнан айырылып қалмауды көздеуің керек. Мейлі, сен академик, болмаса генерал, бәлкім жазушы боларсың, бірақ жүрегіңде рухани қуат, жасымас жігер, өмірге деген құлшыныс болмаса қандайда бір жұмысыңнан нәтиже шығуы екіталай. Әсіресе, журналистің еңбегі ел назарында. Сын айтқыштар мен мін түзегіштер көптеп кездеседі. Қазақ халқы сөз өнерін құдіретке балаған. Содан болар, тілшілердің әрбір сөзін былайғы жұрт қатаң қадағалап, сын тезінен өткізіп отырады. Сол себепті де әрбір журналист өзінің айтар ойына сақ болуы керек. ХХІ ғасырда нарықтық экономика мен заманауи технологиялар дамыған заман. Технологиялардың да «тілін» біліп, экономика саласының да өз маманы болуды мақсат тұтқан адам бұл күнде үлкен сұранысқа ие болады деп ойлаймын.  Журналист санқырлы талант иесі болғаны абзал. Қазір идея қат заман. Сондықтан, телевидениеге келіп, жай әшейін қызығын көрем деу бос әурешілік. Күндіз-түні ойын сарқып жұмыс істей алатын креативті, көркем ойлы, оқыған-тоқыған жастар ғана қызметке қабылданады. Жалпы, телевизия мамандарының басты міндеті ол қоғамдық мәселелерді көтеріп, адамды тәрбиелеу, жас ұрпақтың санасына рухани сәуле құю, ұлт болашағына қызмет ету. Бұл бізде бірінші кезекте тұрған мәселе.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Ұлмекен ШАМЕНОВА.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар