Ізгі ниетті құттықтаулар лебізі

Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері!
Қадірлі ақмолалықтар!
Сіздерді бүгінгі қасиетті де қастерлі мереке – Жеңіс күнімен құттықтаймын! Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Ұлы Жеңіс жолында Отан үшін от кешіп миллиондаған асыл азаматтар мерт болды, қаншамасы iз-түссiз кетті, қаншама тағдыр тәлкекке түсті. Әр отбасы соғыс ауыртпалығын өз басынан өткерді. Туған Отанының бостандығы мен азаттығы үшін ауызбен айтып жеткізгісіз қиындыққа төзіп, Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангерлерден қалыспай, тылда қажырлылықпен еңбек еткендер де Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Ұлы Жеңіс болашаққа зор үміт әкелді. Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен біз кемел, әрі өркениетті Қазақстанда өмір сүрудеміз. Ең бастысы, көпұлтты халқымыздың арасындағы достықтың нәтижесінде тату-тәтті тіршілігіміз жалғаса түсуде.
Ұлы Отан соғысы жылдарында соғысқа әрбір бесінші қазақстандық аттанған еді. Біздің Ақмола облысынан 89 867 адам майданға аттанса, олардың 37 169-ы ғана елге қайтып оралды. Біздің 66 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры және Даңқ орденінің иегерлері атанды.  
Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағанбетов, және өзге де жерлестеріміздің батырлық жолдары Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі болып табылады. Сондықтан да, соғыс туралы естелік көпұлтты ел тарихының ажырамас бір бөлігі ретінде біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Құрметті жерлестер!
Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді тың жетістіктерге жігерлендіріп, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Біздің парызымыз – бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін терең ұғыну, қаза тапқандардың рухын қастер тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету. Өкінішке орай, олардың саны жыл өткен сайын сиреп барады. Біздің облысымызда Ұлы Отан соғысының 115 қана ардагері тұрады. Бізге бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлаған Жеңіс солдаттарына бас иіп, тағзым етеміз.
Тылда қалғандар да өздерінің ерен еңбектерімен Жеңісті жақындату үшін қолдан келгенін аямай, соғыстан кейін майданнан оралған ағалары, әкелерімен бірге еліміздің халық шаруашылығын қайта қалпына келтіріп, жас ұрпақтың болашағы үшін аянбай тер төкті. Біз бүгін облыстағы
6 мыңнан астам тыл еңбеккеріне де ауыр күндердегі адал еңбектері мен белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдіреміз. Сіздердің баршаңызды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
Мәлік МЫРЗАЛИН,
Ақмола облысының әкімі.

 

 

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді бәріміз үшін ең қымбат – Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл атаулы күн біздің Отанымызды жаудан қорғаған адамдардың патриотизмі, ерлігі мен өшпес даңқының символы. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына қанша жылдар өтсе де, оған қалай қол жеткізгенімізді ешқашан ұмытпай, соғыста қаза тапқандар мен Отан үшін от кешкен майдангерлерді әрдайым мәңгі есте сақтаудамыз.  
Өз Отанына деген сүйіспеншіліктің, ержүректілік пен батылдықтың айғағы деп жерлестеріміздің Ұлы Жеңіс жолындағы қайтпас қайсар күш-жігері мен ерлігін айтуға болады. Жеңіс күні баршамыз үшін ортақ мереке, ол біздің көпұлтты еліміздің барлық жастағы адамдарының кеудесіне мақтаныш, сенім мен сарқылмас күш ұялатады.
Ерліктеріңіз бен ержүректіліктеріңіз, өшпес қаһармандықтарыңыз үшін сіздерге мың мәрте тағзым етеміз, құрметті майдангерлер мен тыл еңбеккерлері! Ұрпаққа үлгі болғандарыңыз, өмірлік бай тәжірибелеріңіз, сондай-ақ, бізге бейбіт аспан астында өмір сүру мүмкіндігін сыйлағандарыңыз үшін мың алғыс!  Сіздерге зор денсаулық, сергектік пен ұзақ өмір тілеймін. Әрдайым кейінгі ұрпақтың қамқорлығы мен сүйіспеншілігіне бөлене беріңіздер!
Дулат НҰРМОЛДИН,
                            Ақмола облыстық  мәслихатының хатшысы.

 

 

Құрметті  Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері!
 Баршаңызды 9 мамыр  – Ұлы Жеңістің жүрек толқытарлық мерекесімен құттықтаймыз! Әлемді  фашизмнің қанды қырғынынан қорғап қалған сіздер Отанды сүю мен қорғаудың  ерлікке толы тамаша үлгісін көрсеттіңіздер. 1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысы жылдарында аға буын өкілдері майдан даласының шайқастары мен тылдағы ауыр  еңбекте жеңіске жету жолындағы барлық ауыртпашылықтарды қажырлылықпен көтере білді.  Барлық қазақстандықтар сияқты ақмолалықтар  да майдан даласында ерлікпен шайқасты. Тылда қалған қарттар мен әйелдер, қабырғасы қатып, бұғанасы беки қоймаған балалар да «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етіп, Ұлы Жеңіске жетуге өздерінің тамаша үлестерін қосты.
 Бұл күндері тәуелсіз елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне шынайы құрмет көрсетіліп, қамқорлық жасалып келеді. Аға буын өкілдері еліміздің тәуелсіздігін орнықтырып, нығайту жолында, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде әлі де тынбай, үлкен  жұмыстар жүргізуде. Сіздерді бүгінгі қасиетті мереке – Жеңіс күнімен құттықтай отырып, әрқайсыларыңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр,  отбасының аманшылығын тілейміз. Тәуелсіз еліміз көркейіп, нығая берсін!
                                                                                       Рашит Әкімов,
                                                                                       Жабал Ерғалиев,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар