Қаланың суына не болды?..

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен шұғыл брифингте «Көкшетау Су арнасы» серіктестігінің директоры Зейнұр Әлібеков журналистерге облыс орталығындағы ауыз су сапасының неліктен сыр бергенін түсіндіріп берді.
Серіктестік директорының айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде Көкшетау қаласына ауыз су Сергеев су қоймасынан беріліп келген. 7 мамырда «Казводхоз» кәсіпорнының басшылығы су құбырында апатты жағдай орын алғаны жөнінде телефонограмма жіберген. Солтүстік Қазақстан облысында қатты дауыл тұрады деген ескертуге байланысты су құбыры жүйесі таңғы сағат тоғызда электр қуатынан ажыратылады. Осы орайда, су сорғыштар тоқтап, қатты су толқынының салдарынан бетон құбыр алты жерден тесіліпті. Сөйтіп, Сергеев су тазалағыш станциясынан берілетін су тоқтаған.
– Өткен 7-9 мамырда қалаға шаңғы базасының жанындағы су қорынан 40 мың текше метр ауыз су берілді. Бұл қор таусылған соң ауыз суды Шағалалы су қоймасынан ала бастадық. Су тасқыны салдарынан мұндағы су сарғыш болып шықты. Осының салдарынан бүгінгі таңда қалаға берілетін ауыз судың сапасы нашар болып тұр. Оның үстіне 1972 жылы салынған су тазалағыш станциясы әбден тозған. Оны жарамсыз деп танып, есептен шығаруға дайындаудамыз. Станция су тасқыны кезінде мұндай мол су көлемімен жұмыс істей алмайды. Өйткені, өнімділігі аз. Биылғы жылдың қыс айларында су тасқыны кезеңіне үш сүзгі дайындадық. Су тарататын қондырғылар толық ауыс-
тырылды. Әр сүзгідегі 50 тонна құм да жаңартылды. Қазір станцияда 6 сүзгі жұмыс істеуде. Дегенмен, Шағалалы су қоймасынан келетін сарғыш суды тазалауға  мүмкіндігі жетпей отыр. Ауыз су сапасының нашарлауына байланысты, оны тұндырып немесе қайнатып ішкен жөн. Қалыптасқан жағдай жөнінде «Казводхоз» кәсіпорны басшылығымен сөйлескенімізде, олар құбырды жөндеп, су жібере бастағанда Көкшетау қаласының іргесіндегі су құбыры жарылғанын мәлімдеді. Апатты жағдай қалпына келтірілсе, екі-үш күннің ішінде су сапасы жақсарады. Оған қоса, су құбырлары да жуылып, залалсыздандырылады, – деді Зейнұр Әлібеков брифинг барысында.
Қазіргі уақытта Еуропалық даму банкімен жаңа су тазалағыш станцияның құрылысын аяқтау жөнінде келісім-шартқа қол қойылған. Банк өкілдері облыс әкімімен кездесіп, соңғы есептерін ұсынды. Қаржыландыру мәселесі Үкімет деңгейінде шешіледі. Егер бұл жоба биылғы жылдың жоспарына енсе, банк ережесі бойынша конкурс жарияланып, құрылысты білікті мердігер компания одан әрі жалғастыратын болады. Нысан пайдалануға берілгенде мұндай апатты жағдай қайталана қалса, Шағалалы су қоймасының суын да тазалауға болады. Өйткені, жаңа станцияның лай суды тазалауға мүмкіндігі мол. Су тасқыны басталғанда Шағалалы су қоймасының үш шлюзінен 50 миллион текше метр су ағызылған. Қазір бұл шлюздер жабық. Су жаңа тұна бастады. Дегенмен, лай суды тазартуға ескі су тазартқыш станциясының қуаты жетер емес. Сондықтан, Сергеев су құбыры жөнделгенше, тұрғындарға сабырлылық сақтауға тура келеді.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар