Халықты әлеуметтік қорғау – мемлекеттік маңызды міндет

Елбасының биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық  дамуын жеделдетіп, әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз елінің санатына қосылу міндеті  қойылып отыр. Бұл үшін экономикалық жағынан даму жеткіліксіз, сонымен бірге, халықты әлеуметтік қолдау деңгейі де жоғары болуы қажет. Сондықтан, елімізде бұл бағытта тұрақты және мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Ақмола облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік сая-сатты жүзеге асырады. Департамент құзырындағы міндеттердің қатарында халықты зейнетақымен қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектерді әлеуметтік қорғау сияқты маңызды міндеттер бар. Біздің облысымызда еліміздің басқа да аймақтарындағы сияқты 2006 жылы мүгедектерге арналған бірыңғай электрондық база  жасалған еді. Қазіргі күні облысымыздың аумағында 28637 мүгедек бар.
Елімізде мүгедектікті анықтап, тағайындауға сараптама жасауға қатысты бірыңғай заң жүйесі жұмыс істейді. Бұл бағыттағы негізге алатын басты заң «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заң болып табылады. Сонымен бірге, 2005 жылдың 20 шілдесіндегі Үкіметтің «Медициналық-әлеуметтік сараптаманы жасау ережесі»  және 2003 жылдың 25 сәуірінде бекітілген «Міндетті әлеуметтік қамсыздандыру туралы» нормативтік-құқықтық  актілері басшылыққа алынады.
Бұл заңнамалар адамдардың еңбекке қабілеттілігін жоғалтып, мүгедектік алуына байланысты оны дәрежелеуді жүзеге асыруды реттейді. Біздің елімізде еңбекке жарамсыз, әлеуметтік жағынан қорғауға мұқтаж жандарды қолдау деңгейі жыл санап өсіп келеді. Әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс пен оның елімізге тигізген салқынына қарамастан, Елбасының тапсырмасымен халықты әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталатын қаржы көлемі жыл санап өспесе, кемімей отырғанын білеміз. Бұл да елімізде әлеуметтік салаға қаншалықты маңыз беріліп отырғанын көрсетеді.
Заман ағымына қарай қолданыстағы заңдар  үнемі жетілдіріліп отырады. Мұнда ең алдымен, заңның халыққа қолжетімділігі мен ыңғайлы болуы, жұртшылық мүддесіне сай келуі назарға алынады. 2015 жылдан бері мүгедектікті анықтау және мүгедектігіне орай жәрдемақы тағайындау жұмыстары ықшамдалып, жеделдетілді. Қазіргі күні мүгедектігі бар адам үйінен шықпай-ақ, интернет арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі арызын жазып, бере алады. Сонымен бірге, мүгедектігіне орай еңбекке жарамсыздық дәрежесін анықтау жайы да біршама ықшамдалып, жеңілдетілген. Бұлардың бәрі жұртшылықты әуре-сарсаңға салмай және көп уақытын жоғалтпай өтініштерін жедел қарап, шешуге игі ықпалын тигізуде.
Департаментке мүгедек жандар тарапынан түсетін арыздардың негізгі бөлігі мүгедектігін анықтайтын құжаттарды қалпына келтіру жайы. Өткен жылы осындай мәселеге байланысты 85 арыз түссе, олардың бәрі қанағаттандырылды. Облысымызда бүгінгі күні тұрғындарға медициналық-әлеуметтік қызмет көрсетумен 6 бөлім айналысады. Бұл бөлімдерде өз жұмыстарын жақсы білетін білікті мамандар қызмет атқарады. Мүгедектер үшін облыс орталығына келудің қиындығы ескеріліп, бөлім мамандары барлық аудандарда көшпелі мәжілістер өткізіп, мүгедектікті анықтау, тағайындау сияқты маңызды мәселелерге қатысты қызмет көрсетеді. Өткен жылы бөлім мамандары осындай 384 көшпелі мәжіліс өткізіп,  6714 мүгедекті куәландырған.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттік қызмет көрсетуде кедергісіз орта қалыптастыру жайы айтылған еді. Осы орайда, департамент мамандары қызмет көрсету сапасы мен жеделдігін арттыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқаруда. 2015 жылдың 20 ақпанында Мемлекет басшысы «Мүгедектер құқығы туралы Конвенцияны ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Бұл елімізде мүгедектер құқығын қорғауда жаңа қадамға жол ашты. Біздің департаментте халықты әлеуметтік жағынан қорғауды бақылауға арналған арнайы бөлім құрылып, қызмет істеуде. Бұл бөлімнің міндеті: мүгедектер мен арнайы мекемелерде ұсталатын қарт адамдардың, науқастардың әлеуметтік қолдауды уақытында және талапқа сай алып отыруын қадағалау, мүгедектердің әлеуметтік мекемелерге заң талаптарына сай кіріп-шығуына мүмкіндіктің жасалуы-на бақылау жасау.  Осы мәселелер бойынша Кәсіпкерлік кодексі талаптарына сай жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер өткізіліп тұрады.
Осындай тексерулердің барысында мекеме басшылары мен жауапты тұлғалары олқылықтар анықталған жағдайда заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы тексеру барысында қолданыстағы заң талаптарын бұзғаны үшін 2 медициналық-әлеуметтік мекеменің басшылары мен Көкшетау қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі жауапкершілікке тартылды.
Өкінішке орай, мүгедектердің жа-йына көңіл бөлмейтін мекемелер мен кәсіпорындар жер-жерде кездесіп жатады. Мәселен, Есіл ауданындағы Ақсай селосында тұратын мүгедек М.Михайлов осы ауылдағы орта мектепте мүгедектерге арналған пандустың жоқтығын айтып, арыз жазған еді. Тексеру барысында пандус жоқтығы анықталып, мектеп директорына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Мұндай жағдайлар көптеген кәсіпорындар мен мекемелерде орын алған. Өткен жылы осындай олқылықтарға жол берген 23 субъект түрлі жауапкершіліктерге тартылды.
Департамент қызметінің маңызды салаларының бірі – зейнетақымен қамтамасыз ету. Биылғы жылдың
1 сәуіріндегі жағдайға орай облысымызда 109717 адам ынтымақты зейнетақы алады. Оған қоса, 29516 адам асыраушысынан айырылғандығына орай жәрдемақы алады және 50573 адам мемлекеттік басқа да жәрдемақылар алып отырады. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы төлемі 9 пайызға, ал, базалық төлем 7 пайызға өсіп, ең төменгі зейнетақы мөлшері 40950 теңге болды. Орташа зейнетақы көлемі  47365 теңгені құрайды. Биылғы жылдың шілдесінен бастап ынтымақты зейнетақы 11 пайызға, базалық төлем 13 пайызға өспек. Сөйтіп, зейнетақы деңгейі 20 пайызға артатын болады.
Ана мен баланы қорғау бағытында да елімізде айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Биылғы жылдың
1 шілдесінен бастап бала тууға байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы 20 пайызға өседі.  Сөйтіп, бірінші, екінші және үшінші сәбиін дүниеге әкелген аналар 86222 теңге көлемінде, ал төртінші, бесінші баласын тапқандар  142947 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы алатын болады.
Департамент мамандары зейнетақы мен жәрдемақы бойынша болатын өзгерістерге орай, халықты ақпараттандыру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіп отыр. Осы орайда, арнайы мобильді топ құрылып, олар облысымыздың барлық өңірлеріне іссапарларға шығып, түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде.

Қабдуәли ҚҰЛЫШЕВ,
Ақмола облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон
департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар