Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жерлес ғалым оқытушының жетістігі - АРҚА АЖАРЫ

Жерлес ғалым оқытушының жетістігі

Қасиетіңнен айналайын, туған жер! Туған жер деген ғажап қой шіркін. Сағыныштың уытынан сарғайып таң атқанда туған жердің тұма табиғаты ойыңа оралып, таңғы шықтай мөлдіреп көз алдыңа келетіні бар. Бурабай баурайы, әрідегі ит тұмсығы өтпейтін қарағайы, қайың-терегі аралас қалың орманның құшағындағы Мезгілсор ауылы. Ауыл төңірегін тіршіліктің қорғанындай болып орманы қалқалап тұратын. Жел-құздан, өкпек дауылдан.

 

Көнекөз қариялар табиғаттың айдай ашық жүзіне кіреуке түсірмеуге тырысатын. Қара қарғаның миы қайнайтын қырық күн шілдеде қайыңды алқаптың бауырындағы бармақтай-бармақтай толып піскен жидек ат тұяғын қып-қызыл қылып бояп тастайды екен. Бұл неге екенін кім білсін, ауыл жанындағы жылы бұлақты жақсы көретін. Кішкентай ғана бұлақ. Мөп-мөлдір, тап-таза. Бірде жүгіре басса, бірде аяңдай іркіліп, сылдырлап-сылдырлап тіл қатып ағады. Жан дүниесіне мөлдірлік бұлақтан көшкен, сыршылдық ақ қайыңның жүрекше жапырағынан ауысқан. Бұлақты аңсауы тазалыққа іңкәрліктен. Қазір Мезгілсор ауылы замананың өкпек желіне шыдай алмай жан-жаққа бытырай көшкен. Осы бір өкініш жүрегін тұз құйғандай ашытады. Бірақ, дәтке қуаты ауыл адамдарының ынтымағы мен бірлігі. Осы топырақта кіндік қаны тамған қаншама адам қай қиырда жүрсе де бір-бірінің айтып келген қуанышы мен айтпай    келген өкінішіне ортақтасады. Сондай бір бастары қосыла қалған сәттерде елдерін айтып егілетіндері де бар.
Есін білгелі жаны жайсаң жақсылардың шарапатын көп көрген. Бәлкім, құдіреті күшті жаратқан иенің жазуынан шығар. Ата-анасы Сақтияр мен Бибісараның ерекше тәрбиесін алды. Көтерсе қолды талдырған, сүйгенде мейір қандырған Раушанның үстінен ата-анасы құс ұшырған жоқ. Ыстық ықыластарына, мейірлі мейірімдеріне, шуақты махаббаттарына бөлеп ер жеткізді. Туған ауылда бастауыш мектепті бітірген. Қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазы Қалиман Жәкентайқызының аяулы бейнесі, ақ жарқын жүзі, мөп-мөлдір мейірімі әлі күнге дейін жан жүрегінің терең бір түкпірінде. Бәлкім ұстаз болуға деген ұмтылыстың жалғыз түйір дәні жүрегіне сол кезде егілді ме екен. Әрі қарай он бес шақырым жердегі Молодежныйда білімін жалғастырды. Ендігі оқу орыс тілінде. Кешегі кеңес заманында орыс тілін білмеген адам қыр аса алмайды деген ұғым болатын. Күні ертең нанын тауып жесін деген ниетте. Бұл жерде де Қайыржан жиен ағасының шаңырағында болды. Олардың да жақсылық шарапатын көрді. Әйтеуір, маңдайына жазылған жақсы бір дүние – үлкендердің мейірімі.
Өздері ұзап шығып білім ала алмағаннан ба екен атасы мен әжесі Раушанның білім алғанын қалаған. Арқаның ақырған аязында қалың киізге орап, шанаға салып он бес шақырым жердегі мектепке таситын. Бір күн кешігіп көрген емес. Бар баланың алды болып таң бозында партада отыратын. Сол кезі есіне түскенде түкірігің жерге түспей мұз болып қататын аязда денесін жылытқан киіз бе, әлде атасының мейірім-махаббаты ма, қайсы екенін өзі де айыра алмас еді. Бір ғажабы атасы өңкей жүген-құрық тимеген, ауыздығымен алысатын асау ат мінетін.
Ауыл адамдары осы бір шетін көріністі қабылдай да алмайтын. Тіпті, кейбіреулер осы қыз осынша әлпештегенде министр бола ма деп қыжыртып отыратын. Ал, көктем келіп, қар үстінде қызыл су жүре бастаған көксоқта мезгілде салт атпен тасушы еді. Сөйтіп жүріп оқу оқыды. Тоғызыншы, оныншы сыныптарды Абылай хан ауылында тәмамдады. Мектепте жақсы оқыған. Енді алда мамандық таңдау мәселесі. Ол кезде ұстаз беделі, мұғалімдердің мәртебесі адам айтқысыз еді. Білімді қадірлейтін, білімдіні құрметтейтін ауыл адамдары мұғалім көрсе жол беріп, сый-құрметін көрсетіп, ыстық ықыластарын танытып жататын. Аңқылдаған ауыл адамдарының тап-таза пейілдеріне сай мұғалімдер де елге еңбегін сіңіріп жатты. Бәлкім содан ба екен, мұғалім болуды қалаған. Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы педагогика институтының филология факультетіне тапсырған. Өнегесі өзгеше ұжым еді. Білім баспалдағы да берік. Әуел баста тілге деген ынта-ықыласы зор студент қыз түпсіз терең мұхитқа сүңгіп кеткендей. Ақ бас толқындары аспанға атқан адуын мұхит түбінен іздегені інжу-маржан. Інжу-маржаны – телегей-теңіз білім нәрі.
Сол бір шақта ауылдағы тұма бұлақ, тұма бұлақтың мөлдірлігі мен тазалығы ойға оралатын. Сөйтсе өмірдің өзі осындай тазалықтан тұруы керек екен ғой. Жан дүниең, рухани болмысың ғана емес, тіліңнің тазалығы да. Бұл тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті деп аталатын өзгеше бір сиқырлы сырға, сарабдал сезімталдыққа тұнып тұрған сырлы әлем. Сырлы әлемнің сырына қаныққанша қанша уақыт. Мектепте жақсы білім алған Раушан жоғары оқу орнында да қамшы салдырған жоқ. Ынтасы мен ықыласы зор еді. Жоғары оқу орнында оқып жүргенінде анасы ауырып қалып, оқудан қол үзуге де мәжбүр болған. Ол кезде академиялық демалыс алу дегенді біле қоймайтын. Жолым кесілді-ау, үмітім үзілді-ау деп торыққан. Бір жыл кеш бітіргені де сол. Ұстаздық қана емес, әкелік мейірімін төккен филология факультетінің деканы Жағыпар Мусиннің өкінішпен айтқан бір ауыз сөзі әлі күнге дейін жадында. Талабы мен талантын ескерген тағылымы мол ұстаз жақсы оқушылардың өмір жолында неге қиындық кездеседі екен деп өкінсе керек. Жалғыз Жағыпар Мұсаұлы ғана емес, деканның орынбасары Нина Семеновна академиялық демалыс алудың тәртібін тәптіштеп түсіндіргенін де ұстаздардың өзіне артқан үміті мен сенімі деп қабылдаған.
Жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолын Бурабайдың бауырындағы Қарабауыр ауылында бастады. Үміт пен ізетке толы ұстаздық жол Абылай хан ауылында жалғасты. Өзі оқыған мектепте бағзы бір кезеңде өзіне сабақ берген мектеп мұғалімдерімен бір сапта тұрып үзеңгі қағыстыра қызмет еткен балауса жылдар бағын асырып, бабын тасытқан жемісті жылдар еді. Кейін облыс орталығындағы білімнің қара шаңырағы – педагогикалық институтта әдіскер болып қызмет істей бастады. 1990 жылдардың басында темір бұғаудай тұмшалаған тоталитарлық жүйенің көбесі сөгіліп, босағада булығып қалған қазақ тілі төрге оза бастады. Міне, осы кезде филология факультетінде қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген, сабақ бере алатын мұғалім керек болды, кадрдың қасқалдақтың қанындай тапшы кезі. Мына бір қызықты қараңызшы кешегі кеңес заманында қазақ еліндегі институтта қазақ тілінің бөлімі ашылмай тұрып, поляк бөлімі жұмыс істеді. Мұғалімдері сонау Польшадан келіп сабақ беретін. Бұл да ұлтын құлай сүйген ұлық мінезді ұстаздың намысын қамшыламай қалған жоқ.  
Білім бере жүріп ғылыммен шұғылданды. Телегей-теңіз тіл білімі ғылымының түпсіз терең тұңғиықтағы інжу-маржанын сүзу. Тау басынан құдық қазғанмен пара-пар қияпат еңбекті қажет ететін, талап пен талантты тілейтін зор шаруа. 2004 жылы тіл білімінің аса білгірі Элеонора Дүйсенқызы Сүлейменованың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғады. Негізгі мазмұны екі тілдің тілдік сана арқылы бір-біріне деген көзқарасы.
Жоғары оқу орнындағы еңбек жолы да жоғарылай берді. Университетті филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев басқарған кезде ғылыми хатшы, кейін кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді. 2012 жылдан бері филология факультетінің деканы. Таяуда Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Раушан Әміренованың ұстаздық өмірінде тағы бір ауыз толтырып айтуға лайық жемісті де жеңісті жаңалық болды. Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы аталымы бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алды. Төрт жүзден астам дәмелі ұстаздар қатысқан ұлы жарыс болатын. Бұған дейін атқарылған еңбегі, көз майын тауысып жазған жұмыстары, тақырыбының актуальдығы, тағы басқа қаншама талаптар ескерілетін білім бәйгесінде бағының үстем болуы әуел бастағы жан жүрегімен қалаған өз ісіне деген адалдығы.
Тіл тазалығы, сөйлеу мәдениеті ауызға іліккен сәтте ұлағаты мол ұстаздың көз алдына қараша ауылдың қасындағы тұма бұлақ елестер еді. Тап-таза, мөп-мөлдір. Шаңытқан шілденің ыстығында көз ұшына дейін кең көсіліп созылып жатқан, мың сан шөп өсетін миуалы алқаптың шөліркеген шөлін қандырып, еркелей елітіп ағады емес пе. Алақаныңмен көсіп алсаң жалт-жұлт еткен сәулесі жанарыңды қарықтыратын тазалық. Бәлкім тіл де, өз тілің де, ұлт тілі де дәл сол бір балауса кезіңде жаныңда жатталып қалған, жан дүниесіне нәр берген бұлақ суындай мөлдіреп тұрғанға не жетсін шіркін.  

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар