Рухани жаңғырудың негізі – ұлттық құндылықта

 

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың  нақты бағыттарын айқындап берді. Ол бағыттар: бәсекелік қабілеттілік; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы; сананың ашықтығы.

 

Біздің қазіргі мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұдан бұрын аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. «Біртұтас ұлт болу» идеясы – биік мақсаттардың бірі ғана емес, бірегейі. Шын мәнінде, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналуда», – деді Елбасы өз мақаласында.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде саяси-экономикалық ахуалын жоғары деңгейде орнықтырған қазақ елі рухани жаңғыру жолында бұған дейін де жемісті істер атқарған. «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары арқылы барымыз бағаланып, жоғымыз түгелденген болатын. Жыл басында жарияланған Үндеу мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Елбасы саяси реформа мен экономикалық жаңғыру процестерінің нақты мақсат-міндеттері мен басымдықтарын, оған жету жолдарын саралап берді. Сондай-ақ, Елбасы мақаласы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу», – деп сананың жаңғыруы жолында атқарылар міндеттерді тайға таңба басқандай айқындап берген тарихи құжат болып отыр.
Мемлекетіміздің басты байлығы – адам капиталының негізгі ұлттық тірегі саналатын руханият. Өзімізде бар дүниені игеріп, заман талабына сай ізденіс пен қоғамға пайдалы іс жасау – елімізді өркениетке жеткізері анық. Осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  ұжымы да Елбасының жоғарыда аталған мақаласын жан-жақты талқылап, оқу орнының оқытушы-ғалымдары елімізді өркениетке жеткізу жолына өз үлестерін қосуда. Атап айтсақ, Елбасының мақаласын іске асыру мақсатында концептуалды және медиа жұмыс жоспары құрылып, атқарылатын істердің бағыты айқындалды.  
Университет ұстаздарымен студенттері үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбы бойынша дәрістер оқып, ғылыми конференциялар өткізілді. Сонымен қатар, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарының қатысуымен «Туған жер: зерде және зерттеу» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оқу орнының ұжымында студент жастармен  бірлесе отырып Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқыланды.
Сонымен қатар, қалалық және облыстық газеттер мен жергілікті теле-радио бағдарламаларында Елбасы мақаласы бойынша мақалалар жариялап,  сұхбат берілуде. Университеттің профессор-оқытушы құрамы өз факультеттерінде ашық трибуна ұйымдастырып, Елбасы мақаласын талқылауда.
Ұлттық рухтың маңызы өз ұлтына деген ерекше сүйіспеншіліктен басталады. Ол сүйіспеншілік бізге туған жердің топырағымен, ауасымен, тау-тасымен жан дүниемізге енбек. Елбасы ол туралы өзінің рухани жаңғырудағы бағдаршам еткен мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып отыр.  
Осы орайда, университет ғалымдары Ақмола облысы әкімшілігімен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып,  Ақмола өңіріндегі ата-бабаларымыздан ұрпаққа мұра болып қалған тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерді тереңірек зерттеу, зерделеу жұмыстарын қолдарына алуда. Мәселен, жуырда ғана университет ғалымдары  Зеренді ауданының Қазақстан ауылының аумағында орналасқан Уәлихан мазарына экспедициямен барып қайтты.
Тарихи анықтама: Қазақстан ауылынан Көкшетау қаласына қарай бетте бір шақырымдай жерде ежелгі қорған көп шоғырланған тұста Омбы арқылы Сібірден Көкшетаудағы  Майбалық көлі арқылы Түркістанға одан әрі Бұқараға баратын ескі керуен жолы болған. 2006 жылы бұл жерді атақты археолог Ф.Зайберт зерттеп шығып, бұл жерде сармат дәуірінен бастап, жоңғар дәуірі мен қазақ хандығы кезеңінің ескерткіштері шоғырланғанын анықтаған болатын.
Ауылдың орналасқан жері Абылайдың әйелі қарақалпақ қызы, Сайман ханымның мекені. Жергілікті қарттар бұл биік төбені бұрыннан «Хан сүйегі» деп атаған. 1993 жылы Уәлі ханның құлпытасы табылып, ол біраз жыл зерттелмей, мәтіні оқылмай жатып қалды. 1903 жылы төре Сұлтанғазы Уәлиханов осы құлпытасты бабасының құрметіне қойдырған болатын. Сол кезден ол жер топонимикасында «Төре түскен» деген жер аталған.  Ескерткіш бірнеше рет алтын іздеуші вандалдардың тарапынан қиратылып, асты-үстіне келтірілген жағдайда 2006 жылға дейін болды.
Мазар шаруашылық әдіспен салынғандықтан, заман талабына Уәлі ханның қазақ мемлекеті тарихында алатын орнына еш сәйкес келмейді. Ескерткіштің анықтама-ақпарат беретін тақтайшалары тозып, жазулары өшіп кеткен. Қоршау ағаштан жасалғандықтан кей жерлері бұзылып құлаған. Егер біз тарихи туризмді дамытамыз десек бұл жердің өте қолайлы инфраструктурасы болғаны дұрыс.
Экспедицияның қорытындысы бойынша кесенеге қатысты мынадай ұсыныстарымыз бар:
1) Кесененің алып жатқан үлкен аумағындағы ағаш қоршауларды алып, металдан не жылтыр мрамор тастардан қоршау орнатылса;
2) Кесененің жан-жағын үлкен пантеон деп есептеу керек. Және осы қорымда жатқан басқа тұлғаларды анықтау керек. Кесенені орай қоршап жатқан биік қорымды ежелгі сақ қорғаны деп қарастыруымыз керек. Оның сақ қорғаны екендігін елімізге белгілі археолог  Ф.Зайберт растаған;
3) Кесене орналасқан биік шоқыдан жақын маңдағы ауыл Қазақстанға дейін асфальт жол салынып, кесенеге келушілерге, туристерге арналған инфраструктура жасалу қажет;
4) Уәлихан мазарына баратын барлық жол тораптарына арнайы анықтамалық белгілер орнату қолға алынса;
5) Уәлихан мазарының жанына арнайы шырақшы, қорықшы белгілеп, музей-үй кешені жасақталса;
6) Уәлихан мазары кесенесіне қатысты арнайы жарнамалық, бағдарламалық жұмыстар жүргізіліп, кесене  өлкенің арнайы туристік кластеріне енгізілсе;
7) Уәлихан мазары және Уәлихан тұлғасы жайында арнайы ғылыми-танымдық деректі фильм түсірілсе.
Сонымен қатар, Президенттің жаңа бағдарламасына сәйкес Қазақстан үкіметіне Уәлихан тарихи кешенін»дамытып салуға мақсатты қаражат бөлу мәселесі қарастырылса. Себебі, қазақ тарихындағы мемлекеттік тұлғаларды ұлықтау ол қарапайым халықтың ғана ісі емес, мемлекеттің ісі деп білеміз.
Және де «Туған жер» бағдарламасы аясында тарихи орындарды патриоттық құндылықтар негізінде насихат ошағына айналдыру керек. Мысалы: Абылай ханның ордасы болған  Бурабай ауданындағы Қызылшілік деген жерге «Хан ордасы» деген барельеф белгі орнату, Еңбекшілдер ауданының Жыланды,  Қарагер деген жерден өтетін бұрынғы қара жолды «Абылай жолы» деп атайтын. Сол жолға «Абылай жолы» деген белгі қою, Кенесары үңгіріне Кенесарының суреті мен ақпараттық тақта орнату жұмыстары  жүзеге асырылса, ұлттық құндылықтарымызды  сақтау  жолындағы игі шаралар болып табылатыны сөзсіз.
Осы бағытта Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғалымдары Ақмола облыстық мәдениет басқармасымен бірлесе, Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен бірнеше көлемді ғылыми жобалар жоспарланған. Олар:
1. Хан ордасы – Көкшетау.
2. Ақмола облысында этноауылдарды құрастыру.
3. «Аңырақай шайқасына» музей – панорама жасау.
4. Көкшелік Алаш қайраткерлерінің өмір жолы, қызметі, еңбектерін зерттеп ғылыми-зерттеу, жинақ шығару.
5.  Екі тілде Ақмола тарихы бойынша  деректер мен құжаттар жинағын дайындау (XIX ғасырдың басы мен ХХ соңы).
6. Уәлихан этномемориалдық кешенін жасау.
«Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында Ақмола облысының рухани және тарихи ескерткіштерінің интерактивті этнокартасын құрастыру, «Бабалар мұрасы» панорамасы мен   «Туған жер» көрмесін ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Ақмола-Көкше өңірінің мәдени-тарихи, географиялық-туристік маңызы бар жерлерге нақты бағыттар белгіленіп, танымдық кешенді саяхаттар жоспарлануда. Атап айтсақ, Қазақтың соңғы ханы Уәли сұлтанның, Ақан сері мен Біржан сал, Қарасай мен Қосағалы батырлардың мазары, сонымен қатар, Сырымбеттегі Уәлихановтар әулетінің қонысы, шежіреге толы Зеренді-Жыланды, Сандықтау мен Атбасар, Бұланды-Қотыркөл аймақтарын зерттеу жоспары құрылуда. Осы жобаларға университеттің жас ғалымдары мен магистранттары және «Болашақ» түлектері жұмылдырылуда. Жалпы, бағдарламаға сәйкес тақырыпты көрмелер, экологиялық абаттандыру іс-шаралары, шығармашылық кездесулер, арнайы кездесулер мен курстар, сондай-ақ, интернет және әлеуметтік желілер жұмыс істеп,  ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, Елбасы мақаласында көтерілген «100 оқулық» бағдарламасына сай, шет ел тілінен оқулықтарды аударуға тапсырма беруіне сәйкес университеттің оқытушы-профессор ғалымдары педагогикалық бағытта жазылған дүниежүзілік маңызы бар орыс-ағылшын тілдеріндегі оқулықтарды аудару ісін  жүзеге асыруға атсалысуда.
Болашақта саналы ұрпақ бойында отансүйгіштік сезім, туған өлкенің ерекшеліктерін бойына сіңіріп өскен тұлға, білімді азамат ретінде қалыптасуы үшін университет ғалымдары Ақмола облысының мектеп оқушыларына арнап аймақ тарихы, мәдени мұрасы, археологиясы, фауна-флорасы туралы ғылыми-танымдық, оқу-әдістемелік мағлұматтарды қамтитын қосымша оқу құралдарын дайындауды ұсынады. Бұл аса көп қаражатты қажет етпейді. Еліміздің қасиетті рухани құндылықтарын ұлықтау мақсатында облыс және аудандардағы шежірелі қарттармен бірлесе отырып, далалық-этнографиялық зерттеулер жүргізіліп және олармен сұхбаттар өткізіп, олар туралы ғылыми еңбектер жазуды жоспарлап отыр. Бұл игілікті іске оқу орнының ғалымдарымен қатар, студент жастар да тартылуда. Аталған істерге қатысты барлық материалдар жинақталып, өңірдің тарихи-табиғи мекендерін насихаттауға байланысты ғаламтордан арнайы портал мен газет айдарын ашудың алғашқы жұмыстары жүргізілуде.
Ал, мақаладағы «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасауды тапсырған Елбасы міндеттемесіне сәйкес, біздің білім ордамыз еліміздің өркендеп өсуі мен білім, ғылымның дамуына өз үлестерін  қосқан тұлғаларды айқындап, «Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дің 100 жаңа есімі»  жобасы бойынша жұмысты қолға алды.
Елбасы мақаласында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру міндеті жүктеліп отыр. Осы орайда, білім ордасы осы жобаны іске асыру мақсатында оқытылып жатқан шет тілдерімен қатар қытай, араб, испан, француз тілдерімен толықтырып, тілдерді оқыту деңгейінің аясын кеңейтуді жоспарлауда. Осыған орай, университет мәдени қазыналарымызды  әлем жұртшылығына таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластырып, студенттер арасында түрлі байқаулар мен жобалар ұйымдастыруда.   
Сонымен бірге, Президент өз мақаласында қазақ халқы, жалпы қоғамымыз қалай ілгерілеуі керек деген күрделі мәселелердің тұшымды тұжырымын жасады. Атап айту керек, бұл мақала зиялы қауым өкілдерін бейжай қалдырмағаны анық. Көтерілген мәселелерде еліміздің ертеңгі бағыт-бағдары айқындалған. Демек, көпшілік осы идеяларды бағдаршам етіп, оны нақты жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылуы керек, соның ішінде білім саласын, отаншылдықты, бәсекеге қабілеттілікті дамыту, ұлттық бірегей тектілік дегеннің өзі үлкен-үлкен көкжиектерге жетелейтінін меңзейді. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшуіміз әлемдік өркениет көшіне ілесуде елеулі рөл атқаратын құбылыс болады деген ойдамыз.
Мақалада маңызды орын алатын «Туған жер» бағдарламасы  жалпы ұлттық патриотизмді қалыптастыруға, өзінің туған жеріне, өзінің туған ауылына, өңіріне деген сүйіспеншілік сезімін оятуға бағытталған. Сондай-ақ, рухани жаңғырудың ажырамас бір бөлшегі болып табылады.
Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озуда. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.
Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін.

 

Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  ректоры, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар