Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жасыл ауылдың жарқын істері - АРҚА АЖАРЫ

Жасыл ауылдың жарқын істері

 

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Аршалы ауданындағы Арнасай ауылында болып, жасыл технологиялар академиясының жұмысымен танысты.

 

Астанадан 32 шақырым қашықтықта орналасқан Арнасай ауылы өзге елді мекендерден ерекше. Шағын ауыл жасыл технологиялардың алаңына айналған. Ауылда халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Жаңалыққа қарапайым тұрғындар да қызығушылық танытуда. Атап айтқанда, табиғат қорғаушы, қуат сақтаушы, су үнемдеуші, өнімді арттырушы және басқа да жақсы қасиеттері бар жасыл технологиялар жаппай ендірілген бұл ауыл «ЭКСПО – 2017» жаһандық көрмесінде отандық бренд ретінде шетелдік қонақтардың назарына ұсынылатын болады.
Осында жасыл технологияларды тиімді пайдаланудың үздік тәжірибелері сыналып, Қазақстандағы барлық елді мекендерге таратылуда. Жұмыс сапары барысында осы ауылда болған аймақ басшысы қолға алынған жобалармен танысып, көрме кезінде осында аялдайтын шетелдік туристерді қарсы алу дайындығына назар аударды.
Қоршаған орта мен табиғи ресурстарға айрықша қамқорлық  танытып, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында жасыл технологияларды қолданудың тиімділігін насихаттап келе жатқан «Жасыл технологиялар академиясының» жетекшісі Татьяна Немцанның айтуынша, бүгінде 168 аулада тамшылатып суару жүйесін кәдеге жаратады. Енгізіліп отырған технологиялардың тиімділігі әуелі жан-жақты сыналады.
– «Арнасай» жасыл технологиялар орталығында заманауи тәжірибелік жылыжай 2015 жылдың күзінде іске қосылған. Бастапқыда 400 шаршы метрлік органикалық бау-бақшада бар-жоғы 7 жасыл технология қолданылды. Бүгінде оның саны 35-ке жеткен. Күн коллекторлары, биогумус, тұман түсіру жүйесі, диодты жарық, аквапоника және гидропоника – оның бір парасы. Осындай жаңа әдістердің есебінен 2016 жылы 1,5 миллион теңге қаржы үнемделді. Жиналған органикалық өнім көлемі 3 тоннадан асып жығылады. Экологиялық таза көкөністерді жергілікті мектептің оқушылары тұтынады. Ал, артылғаны саудаға шығарылады, – деді Татьяна Немцан.
Облыс әкімі ауылда агротуризмді дамыту үшін суға шомылу орындарын ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Арнасайдағы тағы бір жарқын жоба «EXPO Camp» жастардың «жасыл» лагері болып табылады. Мұндай лагерь құрудың мақсаты – балалар мен жастар арасында халықаралық, экологиялық, этнографиялық, практикалық және зияткерлік демалыс пен тәжірибе алмасуды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау, жасыл технологияларды пайдалану. Бұл туралы «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова айтып берді. Оның сөзіне қарағанда аталмыш лагерьді ағымдағы жылдың 6 маусымында ашу жоспарланған.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жазғы лагерьдің балалар үшін қауіпсіз әрі санитарлық тазалығы жағынан алғанда  талапқа сай болуы керектігін ескертті. Жұмыс сапары соңында облыс басшысы осындағы инвестициялық жобалардың бірінен саналатын 400 бас ірі қараға арналған «Мега фирма» тауарлы сүт фермасы мен жаңа бу қазандығының жобасымен танысты. Тауарлы сүт фермасы 2019 жылы іске қосылады. Оған Израиль, Польша және Қытай елдерінен инвестиция тартылмақ.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар