Ахметжан Есімов: «Көрмеде таңдай қақтыратын, көз қызықтыратын кереметтер көп»

 

Әлем назарын Астанаға аударған ауқымды жаһандық оқиға – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатына да санаулы күндер қалды. Елбасы Ұлттық жоба деп бағалаған жаһандық шараны өткізуге дайындық барысында арнайы құрылған «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамына жүктелген жауапкершілік те, атқарылған жұмыс та зор. Жақында осы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов еліміздің және шетелдердің бірқатар БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Төменде сол салиқалы әңгімені оқырмандар назарына ықшамдап ұсынып отырмыз.

 

– Ахметжан Смағұлұлы, осы бір жауапты жұмысқа кірісер алдында сіз оптимист болдыңыз. Сонымен бірге, сіз топ-менеджерлер құрамын оңтайландыруды, қосымша инвестиция тартуды, туристік әлеуетті арттыруды ойладыңыз. Бүгін, яғни, ЭКСПО-2017-нің жалауы желбірейтін салтанатты сәтке санаулы күндер қалғанда, сол ойлағандарыңыздың қаншасы жүзеге асқандығы, қандай нәтижелерге қол жеткендігі және қандай да бір өкінішті сәттеріңіз туралы айтып өтсеңіз?
 – Президент мені Ұлттық компанияның басшысы етіп тағайындағаннан кейін екінші күні, бұл 2016 жылдың 13 тамызы болатын, мен құрылыс алаңына келдім және тұрғызылып жатқан нысандардың алғашқысы ретінде BI-Grоup компаниясы салып жатқан құрылыс нысаны – С1 павильонын көрдім. Шындығын айтсам, дәл сол кезде бұл жерде өндіріс кестесі жазылған тақтайша орнатылған бетон плитасынан басқа ешқандай құрылыс, ешқандай ғимарат жоқ еді. Дәл сол сәтте көрген көрініс менің бойымда ешқандай оптимистік сезім тудырған жоқ. Алда орасан зор жұмыс күтіп тұрды. Ең алдымен Ұлттық компанияның құрылымын, департаменттерін ретке келтіру керек болды. Жұмыс ауқымы өте үлкен, ал уақыт тапшы болатын. Жұмысқа қызу кірісіп кеткеннен кейін менің бойымда оптимистік сезімдер пайда бола бастады. Білекті сыбанып, жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек болды. Басқа жол жоқ. Біздің дер кезінде үлгере алмайтындығымызға күдік білдірген сәуегейлер де көп болды. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, біз жұмысты таза жерден бастап кеттік.
Ақиқатын айтқанда, біз өте ауқымды жұмыс жүргіздік. Тіпті, мердігер ұйымдармен келіспеген сәттеріміз де болды. Ол түсінікті де. Әрбір мердігер компанияның пайда тапқысы келді. Алайда, біз бұл жұмысты түсіністікпен және білгірлікпен жүзеге асырдық. Осының нәтижесінде құрылыс нысандарының 2014 жылы жобаланған құнынан 300 миллиард теңге үнемдеуге қол жеткіздік. Біз үшін осы 1,5 жыл ерен еңбекке толы күндер болды. Мен барлық жобалаушыларға, инженерлерге, архитекторларға, ең бастысы, жұмысшыларға шексіз алғысымды білдіремін. Астанада мұндай қар қалың түскен қаһарлы қысты көптен көрмеген едім, сонымен бірге, биылғыдай борандары мен дауылдары мол көктем де көптен бері болған жоқ. Соған қарамастан, құрылыс алаңдарындағы қызу жұмыс қарқынынан бір жаңылған жоқ. Бүгінде барлық құрылыс нысандарының жұмысы аяқталды. Қазір көрме кешенінің аумағында негізінен әрлендіру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Мен, Россия және Россия 24 арналары кіретін Бүкілресейлік мемлекеттік телерадио компанияның өкілі боламын. Осы уақытқа дейін біздің телеарналар осы көрме қалашығының құрылыс алаңында атқарылып жатқан жұмыс ауқымына ерекше қызығушылықпен қарады. Менің сұрағым Қазақстан және Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық байланыстар мен қарым-қатынастарға қатысты. Екі мемлекеттің экономикасында да шикізат үлесі жоғары. Екі мемлекеттің де экономикасы негізінен мұнай өндіруге бағытталған. ЭКСПО ұраны – жаңа технология және жаңа энергия. Осыған байланысты мен Қазақстан және Ресей экономикасы болашақта қаншалықты өзгереді, екі ел экономикасындағы шикізат басымдығы бүгінгі жағдайдан қаншалықты төмендейтіндігі туралы сіздің болжамыңызды білгім келеді?
– Болашақ деген ауқымды түсінік. Таяу болашаққа көз жүгіртетін болсақ, біздің елдердің экономикасы өзгереді деп айта қою қиын. Алайда, алыс болашақты бағдарлайтын болсақ, өмірдің өзі сияқты экономиканың да өзгеріске ұшырайтындығы сөзсіз. Мәселен, сонау 90-шы жылдары мен Премьер-Министрдің орынбасары болып қызмет атқарған кезде, біраз уақыт энергетика саласына жетекшілік еттім. Осыдан 20 жыл бұрын АҚШ-тың астанасы Вашингтонда екі мемлекет басшыларының қатысуымен өткен кездесуде, бүгінде энергетика саласында жемісті жұмыс істеп тұрған жобаларға жетекші мұнай компаниялары басшыларымен бірге мен қол қойған едім. Сол бір уақытта жаңғырмалы энергия көздері туралы, баламалы энергетика туралы ой болған емес. Шынымды айтсам, бұл тақырыппен мен осы қызметке кіріскен сәттен бастап, етене араластым. Менің ойымша, көптеген қазақстандықтар мен ресейліктердің де түсінігі осы дәрежеде. Бұл саланың проблемаларымен жан-жақты айналыспай тұрып, экономиканың жасыл энергияға күрт бұрылатынын түсіну қиын. Қазіргі күні Тұңғыш Президентіміздің көрме тақырыбын «Болашақтың энергиясы» деп дәл болжаған көрегендігіне тәнті боласың. Бүгінде біз көріп отырғандай, шикізат өндіретін мемлекеттер мұнай бағасындағы құбылмалылыққа тәуелді болып отыр. Сондықтан да, менің ойымша, әлемнің барлық мемлекеттері тұрақтылыққа қарай ұмтылуда, яғни, баламалы энергияны қолдайды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары мұнай-газ секторында осындай дағдарыс болған. Сол кезеңде француздар атом энергиясына қарай түбегейлі бетбұрыс жасады. Бүгінде Францияда өндірілетін барлық электр энергиясының 72 пайызын атом электр стансалары шығарады. Бұл ел энергияны экспорттап, оны өндіру жөнінен әлемде екінші орында, ал оның үлесі бойынша бірінші орынды иеленеді.
Қазір мен көрмеге қатысушы елдердің павильондарын аралап, осы мәселеге байланысты терең ойға қаламын. Мәселен, Германияда үстіміздегі жылдың 30 сәуірі мен 1 мамыры аралығында жаңғырмалы энергия көздері арқылы өндірілген электр қуаты елдегі бүкіл электр энергиясының 85 пайызын құрады, осы елден Голландияға баратын пойыздардың 70 пайызы жел энергиясының күшімен жүреді. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда қазір әлемдегі кейбір елдер балама энергия көздерін пайдалануда өте жоғары көрсеткіштерге жетсе, кейбіреулері әлі де дәстүрлі энергия көздерін пайдаланады. Алайда, Президент әлденеше рет атап көрсеткендей, мұнайдың да бітетін кезі келеді, сонымен бірге, мұнай бағасындағы қазіргі тұрақсыздық оны өте қауіпті шекке әкеліп тірейді. Осыған байланысты біз үшін мұнай өндіру және экспорттау тиімсіз болып қалуы да әбден мүмкін.
Осы реттен келгенде біздің көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы тек әлемдік державаларды ғана емес, сонымен бірге, дамушы мемлекеттерді де өте қызықтыруда. Халықаралық көрмелер бюросы тарихында бұл тақырыптың баламасы болып көрген емес. Сондықтан, біз көрме шеңберінде энергетикалық дағдарыстан шығудың жолын іздейтін алаң қалыптастыруға ұмтылудамыз. Өткен жылы ЭКСПО-2017 көрмесіне барлығы 30 мемлекет қатысуға ниет қылса, бүгінде көрмеге 115 мемлекет толық қатысқалы отыр. Бұл мемлекеттер жаңғырмалы энергия көздері (ЖЭК) бойынша жан-жақты ізденістер жүргізіп, үлкен жетістіктерге жетуде. Олар өздерінің осы әлеуетін ЭКСПО-2017 көрмесінің ауқымында паш етпек. ЭКСПО бұл саланың мамандарына жаңа бағыттар ашады. Қарапайым азаматтар үшін, әсіресе, жастар үшін көрме тақырыбы ЖЭК саласындағы жетістіктерді және жаңа технологияларды өндіріске енгізуге үлкен мүмкіндік туғызады.
– ЭКСПО – бұл біріншіден, әлемдегі ең үлкен көрме, екіншіден, әрбір қатысушы ел үшін мол мүмкіндіктер туғызатын зор рынок. Қытай павильоны көрмедегі ең ірі павильон болып саналады, ал сіз оны қалай бағалайсыз? Екіншіден, сіздің ойыңызша Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста Астананың үлесі қандай болмақ?
 – Ең алдымен, Қытай ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға өте белсенділік танытқанын атап өткім келеді. Іс жүзінде ҚХР павильоны көрмедегі ең ірі орталық. Қытай өз павильонын жабдықтау жөніндегі жұмысты бірінші бастады және бірінші болып аяқтағалы отыр. Мен Қытай павильонында бірнеше рет болдым және онда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың ерекше әсерге бөлейтіндігін атап өткім келеді. Ол түсінікті де. Қытай халқының саны жағынан әлемдегі ең ірі мемлекет. Оның экономикасы да зор, өндірісі мен энергия ресурстарын тұтыну көлемі де орасан. Бұл елдегі импорт көлемі де жоғары. Қазақстан Қытайға мұнай және газ экспорттайды. Соған байланысты қазір ЖЭК саласында ҚХР-да атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар біздің елімізді өте қызықтырады. Көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, бұл ел ЖЭК саласын дамытуға бюджеттен 2,5 триллион юань қаржы бөліп отыр. Бұл ЖЭК саласына салынған қаржы көлемі бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Жоғарыда атап өткенімдей, Қытай павильоны көлемі жағынан ғана емес, сонымен бірге, мазмұны жағынан да терең. Көрме күндері біздің қаламызда ШЫҰ саммиті өтеді. Келген мемлекет басшылары көрме кешенін аралайды. Сондықтан, бұл шараға біз үлкен жауапкершілікпен қарап отырмыз. Өз кезегінде бұл көрме комиссарларына, павильон жетекшілеріне де зор жауапкершілік жүктейді. Менің ойымша, Қытай павильонының дайындығы жоғары, тақырыбы мазмұнды.
 – ЭКСПО көрмесінің басшылығына келгеннен бері сіз топ-менеджерлер санын екі есе қысқарттыңыз. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықтың мерзімі мен сапасына әсерін тигізген жоқ па?
– Мен Ұлттық компанияның құрылымымен таныса бастаған кезде оны оңтайландыру қажет екенін түсіндім. Ең бастысы, құрылымды тек оңтайландыруды ғана емес, оның жұмыс істеу қабілетін барынша арттыруды мақсат еттім. Мәселен, департаменттер бұл біздің барлық негізгі жұмыстарды атқаратын «жұмыс аттары» болып табылады. Ал, Ұлттық компанияда департаменттердің үстінен қарайтын тоғыз атқарушы дирек-тор бар екен. Біз атқарушы директорлар санын үшеуге дейін қысқарттық. Оның үстіне екі атқарушы директор департамент директоры міндеттерін қоса атқаратын болды. Яғни, біз құрылымды жеңілдеттік. Атқаратын міндеттерді нақтыладық. Соның арқасында шешім қабылдаудағы жауапкершілік пен жеделдікті бірнеше рет арттырдық. Біз қажетсіз құрылымдарды қысқарту нәтижесінде қаржы ғана үнемдеп қойған жоқпыз, сонымен бірге, тиімді команда құра білдік. Қорыта айтқанда, біз Елбасының жан-жақты қолдауының арқасында 21 айдың ішінде 6 жыл бойы атқарылмаған жұмысты атқардық. Менің ойымша, біз Ұлттық компанияның ішінде тиімді жұмыс орталығын құрумен бірге, бас мердігерлермен, жобалаушылармен, архитекторлармен және барлық қызмет орталықтарымен түсіністік қалыптастыра білдік. Біз қалалық әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Апта сайын әкімдікпен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысындағы мәселелерді талқылаймыз. Бұл орайда біз толық түсіністік пен үлкен жетістікке қол жеткіздік.

– Қазақстан үшін бұл жоба нақты қандай мүмкіндіктерге жол ашады?  
– Ең алдымен, ЭКСПО-2017 көрмесі мамандарға, оның ішінде жастарға даңғыл жол ашатындығын атап айтқым келеді. Біздің жастарымыз жаңашыл, осыған байланысты мұнда еңбексүйгіш және ізденімпаз жастарға мүмкіндіктер мол. Мәселен, үздік тәжірибелер аймағын алайық. Бұл – халықаралық комиссияның іріктеуінен өткен әлемдегі ең үздік жобалар қойылған павильон. Мұнда 24 жоба орналастырылған. Осы павильонды аралаған адам әлемде ЖЭК саласында қандай озық жетістіктерге қол жеткізілгендігін көре алады. Сондықтан, бұл павильонды аралаған жастар көптеген пайдалы жаңалықтармен танысады. Тағы бір атап өтетін мәселе көрмеде «Қазатомөнеркәсіп» пен «Росатом» компаниясы бірігіп жабдықтаған корпоративті павильон жұмыс істейді. Онда бейбіт атомды адамзат игілігіне жарату мақсатындағы озық техноло-гиялар көрсетіледі. Тұжырымдай айтсақ, экономиканы шикізатқа тәуелділіктен құтқару мақсатында ЭКСПО-2017 көрмесі түбегейлі бетбұрыс болмақ.
– Бүкіл әлемде ауқымды шаралар өткеннен кейін инфрақұрылымдық нысандардың бос тұрып қалу проблемасы бар. Мәселен, Рио Олимпиадасынан кейін осындай жағдай орын алды. Неліктен, Астанада мұндай жағдай орын алмайды деп ойлайсыз?
 – Біріншіден, Миланда өткен көрмеден біздің көрменің айырмашылығы – онда барлық павильондарды, оның ішінде Қазақстан павильонын да қатысушы мемлекеттер өздері құрастырды және өздері жинап алып кетті. Ал, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі барлық нысандар түбегейлі салынған ғимараттар болып табылады. Көптеген нысандар көрмеден кейін де жұмыс істейтін болады. Мәселен, Сфера ғимараты Болашақ музейіне айналады. Мұнда энергия тақырыбы барынша жан-жақты, атап айтқанда, ғарыш, күн, жел, су энергиясынан бастап, кинетикалық энергияға дейін толық көрініс табатын болады. Яғни, ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында қол жеткізілген барлық жетістік көрме мұрасына айналады.
Халықаралық павильондар орналасқан нысандарда болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Сонымен бірге, мұнда Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясында айтқан бастамасы негізінде БҰҰ-ның қамқорлығымен Жасыл экономика халықаралық орталығы ашылады. ІТ-стартаптары да жұмыс істемек. Жалпы, нысандарды пайда-лануға қатысты жиырмадан астам ұсыныс түсіп отыр. Нысандарға деген сұраныс өте көп. Қазірдің өзінде ұсыныстар саны көрме қалашығындағы ғимараттардағы бос аудандар көлемінен асып түсті. Осы ретте JobWorld атты әлемге әйгілі білім орталығын ашу жөніндегі ұсынысқа байланысты ойымды айта кетсем деймін. Бұл орайда, біз Корея елінің тәжірибесін зерттедік. Корея бұл бағытта үздік саналады. Мұндай мектеп жасына дейінгі балаларға және 24 жасқа дейінгі жастарға арналған орталықтар көптеген дамушы елдерде ашылуда. Мектеп жасына дейінгі балалар осы орталықтарға барып, жұмыс, мамандық деген ұғымдармен танысады.
Кейін өздеріне қажетті дұрыс мамандықты таңдай алады. Балалар кішкентай кездерінен бастап өрт сөндіруші, дәрігер, құрылысшы, аспаз сияқты мамандықтармен етене танысады. Яғни, бұл мамандықтардың қыры мен сырын көзбен көріп, көңілге тоқиды. Бұл орталықтарда балалар қызығушылығына, қабілетіне қарай топтастырылады, шынайы түйсігімен болашақ мамандығын таңдайды. Ең бастысы, мұнда мемлекеттік білім беру орталығы да болады. Бір сөзбен айтқанда, қазірге дейін түсіп жатқан ұсыныстар саны көрме қалашығындағы ғимараттардағы бос алаңдарға қарағанда, едәуір көп. Бұл бізді ерекше қуантады.
– Теріс жарнама да жарнама. Біз мамандығымыздың арқасында ЭКСПО-2017 көрмесіне қызығушылықтың барынша арта түскенін байқаймыз. Бұл орайда, мені осында келіп көрмені тамашалай алатын туристер қызықтырады. Сіздің ойыңызша бұл әлемдік шараға туристік қызығушылық қандай болмақ? Ресей және Қытай сияқты көрші елдерден қанша туристер келуі мүмкін? Жалпы, көрші елдерден қанша қонақтар келеді деп ойлайсыз?
– Көрмені тамашалайтындар саны 5 миллион келуші, оның 15 пайызы шетелдік қонақтар болады деп күтілуде. Негізінен бұлар Ресейден және Қытайдан келетін туристер болмақ. Біз, әсіресе, көрші елдерде ауқымды жұмыстар жүргіздік. Атап айтқанда, Ресей бойынша мен барлық шекаралас аймақтардың губернаторларымен меморандумға қол қойдым. Олардың саны онға жуық. Сонымен бірге, Санкт-Петербург, Мәскеу және басқа қалаларда роуд-шоу өткіздік. Сондықтан, біз осы екі үлкен көрші мемлекеттен туристер көп келуге тиіс деп ойлаймыз. Тағы бір айта кететін мәселе, бүгінгі күнге дейін біз 1 миллионнан астам билет саттық. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Билет сатып алушылардың ішінде 44 мемлекеттің туристері бар.

– Туристерге байланысты тақырыпты одан әрі жалғастырсақ. Ахметжан Смағұлұлы, сіз басшы ретінде емес, турист ретінде қандай экспозицияларды тамашалар едіңіз? Сіздің міндетті түрде көремін деген «MUST HAVE» 5-үздік жәдігер қандай?
 – Кеше осында біздің еліміздің мемлекеттік органы басшыларының бірі келіп кетті. Біз қауіпсіздік мәселесіне байланысты барлық нысандарды аралап шықтық. Ол өз сөзінде «сіз бұл ғимараттардың бәрін өз жүрегіңізден өткізген шығарсыз?» деді. Бұл шындығында солай. Көрме қалашығындағы әрбір нысан мен үшін қымбат. Өйткені, олардың барлығын өз қолымызбен тұрғыздық. Алайда, сіздің сұрағыңызға тікелей жауап беретін болсам, бірінші нысан, сөзсіз – Нұр-Әлем. Ең алдымен, бұл ғимарат инженерлік және сәулет өнері тұрғысынан жүзеге асырылған озық шешімдерімен ерекшеленеді. Ғимарат жабындысы − 2824 шыны, оның салмағы 13 мың тоннадан астам. Әрбір шынының салмағы 600-ден 800 килоға дейін. Бұл шынылардың ерекшелігі сол, олар дөңгелене біткен. Сөйтіп, ғимараттың бұрышсыз сфералық дөңгеленген келбетін құрайды. Олар өте тегіс және үрленген шар сияқты. Ал, мұндай шынылардың салмағы 1600 килодан асады. Бұл павильон көрмеге келушілердің бәрін қызықтырады. Қазірдің өзінде осы ғимараттың ерекшелігіне тәнті болған National Geographic телеарнасы келіп кетті. Ақиқатында, бұл көлемі 80 метрді құрайтын, биіктігі 100 метр әлемдегі бірден-бір шар тәріздес ғимарат. Ұлттық павильонның ішкі инсталляциялау және жабдықтау жұмыстарын дүние жүзіне белгілі швейцариялық, италиялық, герма-ниялық фирмалар жүзеге асыруда. Бір сөзбен айтқанда, көрме қалашығындағы бірінші нысан – бұл Нұр-Әлем. Сонымен бірге, мұнда озық тәжірибелер алаңы жұмыс істейді. Бұл энергияның пайда болуынан бастап, бүгінгі ЖЭК саласында қол жеткізген озық технологияларды паш ететін алаң. Тағы бір ерекше нысан – Арт-орталық. Онда француздардың 2018 жылы алғаш рет көрсетілуге тиіс қойылымы көрсетілмек. Көрме орталығында Дю Солей циркінің қайталанбас көріністерін тамашалауға болады. ЭКСПО-2017 көрмесінің алаңында мұнан басқа да таңдай қақтыратын, көз қызықтыратын кереметтер баршылық. Сондықтан, келіңіздер, көріңіздер – таңдау жетерлік. Турист ретінде мен осы нысандарды және мен айтпаған басқа да жәдігерлерді тамашалар едім.
 – Әсерлі әңгімеңізге рахмет. Сәттілік тілейміз.
  («Егемен Қазақстан», 1 маусым 2017 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар