Заң талаптарын орындау – міндет

 

Заңның дұрыс орындалуын қадағалау прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы бұлжымас қағида Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рəміздер  туралы» заңына да қатысты.

 

Еліміздің əрбір азаматы елдік нышандарды көздің қарашығындай сақтап, оларға құрметпен қарауы керек. Сайып келгенде, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі оның мемлекеттік рəміздері секілді басты құндылықтарын қадірлеуден басталады. Отанын сүйетін әрбір азамат үшін еліміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны қадір тұтып, қастерлейтін тәуелсіздігіміздің нышандары болуы керек.  Мемлекеттік рəміздер күні міне, 25 жылдан бері маусымның төртінде атап өтіліп келеді. Өзіміздің дербес мемлекеттік рəміздеріміздің болуы тəуелсіз Қазақстанның алға нық қадам басуына негіз болды. Мемлекеттік рəміздер қоғамның саяси мəдениетінің бір бөлшегіне айналды және рухани мəдениетті дамытуға септігін тигізіп отырады. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының жаңа стандарты енгізілгеніне тоқталып өткім келеді. Өткен жылдың
1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2015 жылғы 14 тамыздағы бұйрығымен бекітілген «Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы». Техникалық шарттар»  атты жаңа ұлттық стандарты қолданысқа енгізілді. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес,  ұлттық стандартта белгіленген  Мемлекеттік Елтаңбаға қойылатын талаптар міндетті болып табылады. Мұндай өзгертулер бостан-босқа жасалып отырған жоқ. Мемлекеттік Елтаңбаның техникалық өлшемдері мен түсінің нұсқасын бақылауға қатысты кемшіліктер анықталғандықтан, бес жыл бойы қолданыста жүрген ұлттық стандарт қайта қаралды.  Аталмыш стандарт ережесін қайта қарау қажеттілігі жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардан   Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін сапасыз  дайындау және қолдану,  соның ішінде оларды  мемлекеттік рәміздер нарығында дұрыс пайдаланбауына қатысты шағымдардың жиілеп кетуінен туындаған болатын. Бұрынғы ұлттық стандарт 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданыста болады да, одан кейін барлық мемлекеттік мекемелер ескі үлгідегі Елтаңбаны жаңа стандартқа ауыстыруға міндетті.
«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 458-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдаланған жағдайда лауазымды тұлғалар екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтіні тұжырымдалған. Заң үстемдік еткен жерде қашанда тәртіп сақталатынын ұмытпайық.   
Сөз соңында барлық жерлестерімді Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтап, тәуелсіз еліміздің көк байрағы әрдайым биіктен желбірей берсін деген тілегімді білдіремін.  

Тимур ТӘШІМБАЕВ,
Ақмола облысының прокуроры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар