Айлықтың біраз көмегі тиді

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс орталығының кескін-келбеті мен көркі және оны жақсарту жолдары сөз болды.

 

Қала әкімдігінің «Көкшетау қаласы аумағын абаттандыру және санитарлық тазалығы бойынша шаралар ұйымдастырып, өткізу жөніндегі» қаулысына сәйкес, биылғы жылдың 17 сәуірінен 17 мамырға дейін тазалық айлығы өткізілді. Сатыбек Жолдасбеков өз сөзінде сенбілікті тиімді өткізу үшін қала аумағы 218 шағын учаскеге бөлініп, 218 ұйымға бекітілгенін атап өтті. Тарқата айтқанда, шағын учаскелер мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындарға, пәтер иелері кооперативтеріне, заңды және жеке тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға бекітілді. Сенбілікте қала көшелері қоқыстан тазартылып, ағаш түптері әктелді, ағаш көшеттері отырғызылды. Айлық кезінде коммуналдық кәсіпорындар аялдамалар мен арнайы орындықтарды сырлап, субұрқақтар мен ескерткіштерді жөндеді. Сондай-ақ, коммуналдық және жеке кәсіпорындар қаланы көгалдандыруды ұйымдастыру шарасына белсене атсалысты. Олар ағаш көшеттерін сатып алып, отырғызуға орын дайындады.
Сөйтіп, қала аумағында 1700 әртүрлі ағаш көшеті отырғызылды. Сенбілік аясында Краснояр селосына шығатын жол бойындағы саяжайлар маңы мен скверлер, орталық бақ, Даңқ аллеясы, арнайы алаңдар, жанар-жағармай құятын станциялар маңы қоқыстан тазартылды. Бұл жұмыстарға коммуналдық кәсіпорындардың ұжымдары мен оқу орындарының студенттері тартылды. Ағаш түптерін әктеп, қоқыс жинау үшін «Көкше Жәрдем» коммуналдық кәсіпорны мен «Көкшетау ДЭУ» серіктестігіне, бюджеттік мекемелерге 10 мың дана қап және 10 тонна известь берілді. «Алтынтау Көкшетау» серіктестігінің қолғабыс жасауымен Краснояр селосына шығатын жол бойындағы саяжайлар маңында 13 қоқыс үйіндісі қала сыртына шығарылды. Бұл жұмысқа 180 адам мен 8 арнайы техника тартылды. Жалпы 22-23 сәуірде қала аумағынан 3100 текше метр қоқыс қала сыртына шығарылды.  Тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны қала тұрғындары апарған қоқысты тегін қабылдады. Қоқыс шығаруды жеделдету үшін жекеменшік кәсіпорындардан 31 жүк автокөлігі мен 5 артатын техника тартылды. Бұл шараға 12393 мың адам қатысты. Биылғы жылдың 20 мамырында коммуналдық қызметтердің, жоғары оқу орнының студенттері мен колледж оқушыларының қатысуымен сенбілік өткізілді. Сенбілік аясында Краснояр селосына шығатын жолдың бойындағы саяжай маңы қоқыстан тазартылды. Үстіміздегі жылдың 25 мамырында таза бейсенбілік ұйымдастырылды. Бұл шараға қаланың коммуналдық қызметі мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері тартылып, Бұқпа тауының етегін қоқыстан тазартты. Сондай-ақ, таза бейсенбілік аясында Қостанай қаласына шығатын жолдың бойындағы қоқысты  «Бұқпа» орман шаруашылығы, облыстық статистика прокуратурасы, облыстық экология департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері  жинады. Бұл шараға 42 адам және 3 арнайы техника тартылып, қалалық полигонға 5 текше метр қоқыс шығарылды. Жалпы, айлық кезінде мердігер «Еңбек Көкшетау» кәсіпорны 57 қоқыс үйіндісінен құтылды. Қала аумағын абаттандыру және санитарлық тазалықта ұстау бойынша өткізілген сенбіліктерге тұрғындар, мемлекеттік және жекеменшік мекемелер белсенді қатысып, қаланы қыс айларында жиналған қоқыстан тазартты. Бүгінгі таңда «Центральный» және «Васильковка» шағын аудандарының аулалары  абаттандырылуда. Баспасөз мәслихаты соңында журналистер қойған сауалдарға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілі мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұшымды жауап берді.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар