Қара шаңырақта қайта қауыштық

 

Заманында облыстық мектеп-интернатта шалғайдағы шағын ауылдардың ұл-қыздары көп оқитын. Облыс орталығындағы осы бір білім ошағы шын мәнінде тәлімді тәрбиенің, берік білімнің ордасы болды.

 

Өзіңнің балалық шағың өткен, енді қайтып келмейтін қызықты күндерің өткен білім ошағында жарты ғасырдан кейін жүздесу ғажап оқиға екен. Біз 1967 жылы осы мектепті үш сыныптың оқушылары болып бітірдік. Біздің «в» сыныбында 29 оқушы болды. Өз ісінің шынайы шеберлері, нағыз білім бағының бағбандары сабақ берді. Ол кезде мектептің директоры Тәшім Сейітов ағамыз болатын. Кәрім Ілиясов, Сапура Темірәлиева, Балғожа Көкенов, Мәриям Оразақова, Кенжебай Сағындықов, Жылқайдар Нүркеев, Сайран Ерімжанова, Бақыткерей Жұмабаев, Орынша Сейітова тәрізді ұстаздардан тәлім-тәрбие алдық. Қай-қайсысы болмасын ұстаздық мейірімдері мен шапағатын төгіп, білім нәрімен сусындатушы еді. Соның ішінде есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс Кәрім Ілиясов туралы бір сөз айта кетсек артық болмас. Кәрім аға мектептегі оқушылардың арасынан талантты балаларды таңдап алып, үйірмеге тартты. Біз сол кездің өзінде әртүрлі қойылымдарды қоюшы едік. Өзімізше сахна безендіретінбіз. Өнердің өріне сүйреген ағамыз қаладағы мәдениет ошақтарынан киім, тіпті, жасанды сақалға дейін тауып әкелетін. Жарты ғасыр өтсе де осы бір жайды біз әлі ұмытқан жоқпыз. Бір өкініштісі, облыстың мәдени дамуына үлкен үлес қосқан Кәрім Ілиясовтың аты соңғы кезде аталмай қалды. Осы жүздесуде біз естеліктер жинағын шығару туралы уағдаластық.
Айтқандайын, қара шаңырақтағы қуанышты кездесуді басынан бастап таратып айтайыншы. Бізді мектептің жаңа директоры Әсел Қайратқызы мен оның орынбасары Майра Нығметқызы қарсы алды. Қарсы алушылардың арасында өзімізге сабақ берген Жылқайдар Нүркеев пен Кенжебай Сағындықов та бар екен. Ұстаздарымызға арнап алып келген алқызыл гүл шоқтарын табыс еттік. Оқушы кезіміздегідей ет жүрегіміз дүрсілдеп толғандық та. Жүрек толқытар осы бір сәтті сипаттауға тіл жетпес. Мектептегі демалыс бөлмесінде жүздесу өткізілді. Оның барысында білімнің қара шаңырағының өткен тарихы мен бүгінгі қол жеткізген жетістігін қамтып көрсететін бейнебаянды тамашаладық. Ұзын-ырғасы бір сағатқа созылған қызғылықты концертті тыңдадық.
Мектептің жатақханасын араладық. Осыдан елу жыл бұрынғы көрініспен салыстырғанда арасы жер мен көктей екен. Асхананы, спорт залын көрдік. Баяғыда өзіміз оқып білім алған сыныптарда болдық. Көкіректегі көне суреттер қайтадан тіріліп, балалардың думанына тұнып тұратын білім ошағының әр бөлмесі, әр заты соншалықты ыстық көрінді. Жалғыз-ақ әттең-айы, біздің де қатарымыз сиреп қалыпты. Бір кезде бірге оқыған Қуандық, Меңдібай, Қаламқас, Ақлима, Ұлболсын, Рақима, Қымбат, Нұрсұлу тәрізді құрбыларымыз бүгінде ортамызда жоқ. Оларға о дүниенің жақсылығын тілестік.
Елу жылдан кейінгі кездесу әсерлі өтті. Өйткені, бұл біздің ұшқан ұямыз, жанымызға жақын ыстық мектебіміз. Сан талай қазақтың баласына үлкен өмірге жолдама берген білім ошағы алдағы күндерде де бәз-баяғы биігінен табылып, білім бесігі бола берсін деген шәкірттік ізгі тілегімізді айтып, бір-бірімізді қия алмай қоштастық. Келесі кездескенше, аяулы сыныптастар!

Жақсыбай АЙТҚОЖИН,
облыстық мектеп-интернаттың түлегі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар