Былтыр қуантқан «Оқжетпес» биыл қобалжытып отыр оның үстіне команданың чемпионат ойындарын өз алаңында өткізе алмауы жығылған үстіне жұдырық болуда

 

«Алға басқан қадамы кері кетіп» деп айтып отырғанымыз, былтырғы маусымда  клуб алғашқы алтылықтан көрінген болатын. Соған орай, жанкүйерлер өздерінің сүйікті командасы биылғы чемпионатта алдына бұдан да жоғары мақсаттар қойып, жүлделі орындар  үшін күреседі деп күткен еді.
Алайда, олай болмай шықты. Алғашқы ойындардан-ақ «Оқжетпестің» қарқыны былтырғыдан бәсең екендігі көрініп қалды. Алматыда екінші турда алтын медальдан басты үміткерлердің бірі саналатын «Қайратпен» 2:2 есебімен тең түскенімен, одан кейінгі кездесулерде ойыны қожырай берді. Өткен жексенбіде ел біріншілігінің 15-ші туры да аяқталды. Бірінші айналым ойындары да мәреге жетіп, екінші айналым басталғалы қашан. Алайда, команданың ойыны түзелудің орнына, кері кетуде десек, шындықтан алыстай қоймаймыз. Бұл екі ортада өзі соңғы үш жыл бойы баптап келе жатқан «Оқжетпестен» биыл ештеңе шығара алмасын білді ме, кезінде «Ақтөбе» мен «Тобылды» маңдайларын жарқыратып, бір емес, бірнеше мәрте чемпиондық атаққа алып келген ресейлік танымал маман Владимир Муханов та командадан кетіп тынды. Сөйтіп, қайтадан турнир кестесінің соңында тұрған өзінің үйреншікті «Ақтөбесіне» бүйрегі бұрған бұл бапкердің орнына кезінде Қазақстанның ұлттық құрамасын да жаттықтырып көрген Виктор Пасулько келді. Көріп отырсыздар, өзінің айтуынша, жарты жыл жұмыссыз жүрген бұл ресейлік маман да біздер үшін бөтен біреу емес.
– Шымкенттің «Ордабасындағы» жұмысымнан, ондағы жанкүйерлерден көңілімде жақсы әсер қалғандықтан да, қайтадан Қазақстанды таңдадым, – дейді өзі. Бұрынғы бас жаттықтырушы Владимир Мухановқа да бүкіл жанкүйерлер болып алғысымызды айтуымыз керек. Мықтының аты мықты. Премьер-Лигадан бір түсіп қалып, бір қайта оралып, қаншама жыл ала-құла өнер көрсетумен жүрген «Оқжетпес» қашан алғашқы алтылыққа легіп еді. Ал, былтыр білікті бапкер қолға алған айналасы екі-ақ жылдың ішінде бесінші орынға тұрақтап, Еуропа лигасында бағын сынауға  бір ғана қадам жетпей қалғаны белгілі.
Ал, биылғы сылбыр ойын өрнегіне команда құрамының қайта  жаңарғаны көп әсер етті ғой ойлаймыз. Былтыр жасыратыны жоқ, клубта  мықты ойыншылар көп болғанымен, олардың дені «футболда асарын асап, жасарын жасаған» сақа спортшылар еді. Сол себепті де, клуб ел біріншілігіне қатысатын 12 команданың ішінде ойыншыларының жасы жағынан ең «кәрі» командалардың бірінен аталып жүрді. Оның үстіне чемпионат нағыз мәресіне таяп, бәсеке қызған кезде жаман болсын, жақсы болсын, сұр  мерген шабуылшылар қатарындағы Әлібек Бөлешев бастаған 4 негізгі ойыншы спорттық тәртіпті бұзғандары үшін бапкердің шешімімен командадан шеттетілді.
Осының бәрі айналып-үйіріліп келгенде «Оқжетпестің» барлық  шебін әлсіретіп, биыл команданы айтарлықтай көлемде қайта жасақтауға әкеліп соқты. Ол ойыншылар бұрынғыларынан жас әрі әрбір ойынға барын салғандай көрінгенімен, қорғаныс, шабуыл шептері көп сыр беріп қалуда. Қимылы шалт, техникалық шеберліктері мен қақпаға бағыттаған соққылары көп жағдайда «жарайсың» дегізетін Игорь Юрин, Тимур Досмағамбетов, Максим Федин сияқты ойыншылармен қатар, қарсыластардың айып алаңында жүз пайыз мүмкіндіктің өзін пайдалана алмай, меселіңді қайтаратын Сергей Шафф сынды шабан шабуылшылар да баршылық.
Біріншілік өрмек жүзіне ауған сайын енді біз күткен медаль емес, Премьер-Лигада қалу-қалмаудың өзі үлкен мәселеге айналып тұрған оқжетпестіктерді бұл тұйықтан бір шығарса, алдағы болатын трансферде дұрыс таңдалған ойыншылардың көмегі ғана шығара алатын сияқты. Трансфер дегеніміз, Премьер-Лига командаларына сырттан ойыншылар алуға мүмкіндік берілетін осы 20 шақты күннің аясы. Биылғы трансферлік кезең 10 маусымнан басталмақшы. Сондықтан, жаңа бапкер команданың қаржылық жағдайын да ескере отырып, «Оқжетпестің» ойынын тыңнан қосылатын үш-төрт белді ойыншымен күшейтпек ниетте.  
Виктор Пасулько келгелі,  жерлестеріміздің 15-ші турда сырт алаңда біріншіліктегі мықты клубтардың бірі Павлодардың «Ертісімен» 0:0 есебімен тең түскені командаға үлкен моральдық күш бергені анық. Қазір клуб құрамында өзгерістер болып жатыр. Украиндық және американдық футболшылар Сергей Политыло, Джозеф Нейнмен екі жақты келісім бойынша арадағы контракт бұзылды. Қорғаушы Даниил Чертов та жарақатына байланысты командадан кетті. Клубтың жаңа директоры болып Юрий Бондаренко, бас жаттықтырушының көмекшісі болып кезінде жасыл алаңда жасындай жарқырап, қарсыластар қақпасына 142 доп соққан танымал шабуылшы Нүркен Мәзбаев тағайындалды.
Осылайша команда ойынын жақсартуға күш салынбай жатқан жоқ, салынып жатыр. Тек тағы бір қинайтыны, ақмолалық жанкүйерлердің биылғы футбол маусымы басталғалы Көкшетаудағы «Оқжетпес» стадионында бірде-бір рет өз сүйікті командасының ойынын тамашалай алмауы.
Премьер-Лигада өнер көрсетіп жүрген бүкіл  футбол клубтарының ішінен тек біздің облыс орталығында ғана осылай болып отыр. Бұл жағдай осыдан үш жыл бұрын қылаң берген еді. 2015 жылы команда чемпионаттың бастапқы ойындарын Елордадағы «Астана-Арена» стадионында өткізіп, содан кейін ғана өз алаңына оралған-ды. Ал, былтыр наурызда ел біріншілігі бастау алысымен, сырт алаңдағы мұндай ойындар тіпті көбейіп, клуб Көкшетаудағы алғашқы ойынын Қарағандының «Шахтерімен» 15 маусымда ғана өткізген болатын. Мұның бәрі ол кезде күннің салқындығы, футбол алаңының қар суынан дайын болмауымен түсіндірілген. Сөйтіп, жанкүйерлер талай жыл сыралғы өз командасымен де, миллиондардың сүйікті ойыны – футболмен де әбден  сағынысып барып табысқаны әлі есте.
Ал, осы жергілікті футболды сағынудың көкесін биыл көргелі тұрмыз. Себебі, «Оқжетпес» осы маусымда өз алаңында мүлдем ойнамайтын сыңайлы. Өйткені, жерлестеріміз күтпеген жерден өзге клубтың орнына Еуропа лигасына қатысқан 2009 жылы асығыс-үсігіс төселген табиғи жамылғы бұл күнде әбден шаруасы бітіп, футболшылардың доп тебуіне жарамай қалған. Қазақстан футбол федерациясының шығарған осындай шешіміне, сиықсыз алаңға да қолдан келер еш қайран жоқ.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қамқорлығымен қазір футбол алаңын қайта жаңарту жұмыстары басталып кетті. Бұрынғы құны кеткен табиғи шөптің орнына енді жасанды жамылғы төселмекші. Мұның өзі келесі маусымда оқжетпестіктердің Премьер-Лига ойындарын басынан бастап өз алаңдарында өткізулеріне мүмкіндік береді.
Жә, «бір жылға қоян терісі де шыдаған», «Қазспорт» телеарнасы, әлеуметтік желідегі ПФЛК ТВ көрсетілімі бар, бір маусымға біз, жанкүйелер де шыдармыз. Тек Виктор Пасулько «ойынына қан жүгіртсем» деп отырған «Оқжетпес» биыл Премьер-Лигадан шығып қалмай, бұдан былайғы тәуір ойынымен көңілімізді бір демдеп қойса!..                    

Суретте: «Оқжетпестің» былтырғы өз алаңындағы жеңісті ойыны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар