Жұмыстың ашықтығына баса мән берген жөн

 

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбековтың төрағалығымен өткен мәжілісте аймағымыздағы жер асты байлығын игеруге қатысты мәселелер талқыланды. Оған аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен аймақтық кәсіпкерлер палатасының және жер асты қазба  байлықтарын өндіретін кәсіпорындардың өкілдері қатысты. 

 

Мәжілісті ашқан облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджетті құруда елеулі рөл атқарып отырған жер асты байлығын игеру жұмыстарының ашықтығын қалыптастыру, өндірісті өркендетуге кедергі келтіретін жайларға жол бермеудің маңыздылығын атап өтті. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспановтың айтуынша, бүгінгі күні өңірімізде жер асты пайдалы қазбаларын өндіру ісімен айналысатын 45  өндіріс нысаны бар. Олардың 41-і  қатты пайдалы кен өндірсе, 4-еуі уран мен көмір өндіреді. Жалпы, жер асты қазбаларын өндірумен айналысатын  177 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы жер асты байлығын өндірушілер бюджетке 268,2 миллион теңге көлемінде салық төлеген. Облысымызда ырғақты жұмыс істеп тұрған және мол өнім өндіріп отырған кәсіпорындар қатарында «Қазақалтын» тау-кен комбинаты» АҚ, «Семізбай-V» серіктестігі, «Алтынтау-Көкшетау» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар бар.  Жер қойнауын пайдаланумен айналысатын кәсіпорындар мыңдаған адамды еңбекпен қамтамасыз етіп, бюджетке қомақты қаржы түсірумен бірге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде де жақсы жұмыстар атқаруда.
Мәселен, «Көкшетау-Алтынтау» акционерлік қоғамы өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  шеңберінде балабақша салып берді. Бұрын орталық мешіт құрылысына да қомақты қаржы қосқан еді.  Бұл кәсіпорын осы күнге дейін жалпы ауқымы 1,3 миллиард теңге көлеміндегі түрлі демеушілік, қайырымдылық көмек көрсеткен.  
Мәжіліс барысында жер асты қазбаларын өндірумен айналысатын кәсіпорын өкілдері өздері атқарып жатқан жұмыстары жайында айтып берді. Алдағы уақытта сала кәсіпорындары өткізген жиындардың қорытындысы негізінде өндіруші сала қызметінің ашықтығы жөнінде есеп дайындалмақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар