Өмірімнің жемісті бір белесі

 

Қазіргі «Арқа ажары», бұрынғы «Коммунизм нұры» газетінің редакциясымен таныстығым 1988 жылы Торғай облысының бірінші рет жабылуымен байланысты басталды. Ұясы бұзылған құсты көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бейшара шыр-пыр болып, ерсілі-қарсылы ұясын айналып ұшпай ма? Сонан соң қайырсыз мекенінен күдерін үзіп, басқа жерге ұшып кетпей ме?..

 

Біз де сол сияқты едік. Бүкіл жастығымыз бен бойдағы қайрат, күш-жігерімізді жұмсап (мен Арқалыққа 23 жасымда Қостанайдан келіп едім) жеткен жетістігіміз, жиған-терген мүлкіміз, болашақ күндерге құрған үміт-жоспарымыз әдіре қалып, ұшарымызды жел, қонарымызды сай білгендей хал кештік. Қай жерден жұмыс берсе соған баруға мәжбүр болдық.
Ол кезде Компартияның қайраты қайтпаған, коммунистерді қайда болса да жібере алады. Маған Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай аудандық «Ұшқын – Луч» газетіне редактор болып баруға жолдама берілді. Бардым, жұмысты қабылдап алдым. Табиғаты таңғажайып көркем, көздің жауын алатын жер екен. Бірақ, жазық далада өскен менің көңіліме қонбады. Жердің түбі Қытаймен шекарада, келіп-кету арнайы рұқсат қағазы арқылы жүргізіледі. Әйтсе де, амал қанша, «басқа түскен басбақшыл» дегендей, жағдайға көнуге тура келді. Қатонқарағайдан Большенарымға дейін машинамен, одан Зайсан арқылы параходпен Өскеменге келіп, үйімді көшіріп әкетпек болып самолетпен ұшып келе жатқам. Ол жарықтық Өскеменнен Семейге, одан Павлодарға, одан кейін Целиноградқа қонады. Содан соң барып Арқалыққа жетесің. Тағдыр дегенді қойсаңшы, Целиноград аэропортында «Коммунизм нұрының» бас редакторы, марқұм Октябрь Әлібеков кездесе кетті. Өкеңді бұрын ептеп білуші едім. Ол да мені «Лениншіл жастың» Торғай, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілші болып істеген кезімнен танитын. Мән-жайды білгеннен кейін маған:
– Серік, сенің жақсы журналист екеніңді білем. Егер қомсынбасаң менде «партия тұрмысы»  бөлімінде  тілшілік бос орын бар. Қатонқарағайды қайтесің, мына жер еліңе жақын, – деп ақыл қосты. Амалым құрып, өзім зорға жүрген  адам, сөз айтқан жоқпын, бірден келістім.
Міне, сөйтіп мен «Арқа ажарының» сол кездегі «партия тұрмысы» бөлімінің меңгерушісі, қазіргі қоғам қайраткері, белгілі жазушы Алдан Смайыловтың қарамағына тілшілік қызметке қабылдандым.
Журналистика – саясат, ақпарат қана емес, сөз өнері де ғой. Нысанаға дөп түсіп, жүйесін тапқан сөз көп мәселенің түйінін шеше алады. Талай лауазым иелерін аттан аударып та тастайды. «Коммунизм нұры» газетінде қызмет істеп жүрген кезде өзім куә болған екі оқиғаны баяндап берейін.
Осы редакцияға Торғайдан жолдамамен келгендердің бірі танымал сатирик, марқұм Жұматай Сабыржанов болатын. Үкімет қаулысына сәйкес бізге пәтер беру мәселесі шешілінкіремей, бірталай уақыт үйсіз жүріп қалдық. Облаткомның есігін тоздырып шаршадық. Біріне-бірі сілтеді. Соған ыза болған Жұматай отыра қалып, Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өлеңмен хат жазды. Есте қалған бір-екі шумағы мынадай ….
Деріңіз бар ма сор қайдан,
Жер ауғанбыз Торғайдан.
Сізден көмек ала алмай,
Мен бір жанмын сарғайған!

Жүретін енді халім жоқ,
Шарпып өтпей жалын боп!
Мал құрлы бізді көрмеді,
Кеткен бе үкімет залым боп?!.
Осылай, осылай кете береді. Бір ғажабы, осы хатқа Президенттің өзі қол қойған жауап келді. Целиноград обкомы аспаннан жай түскендей астан-кестен болды. Жұматайға бас-аяғы бір аптаның ішінде екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Міне, сөз құдыреті, ол жүйесін де, иесін де тапқанда, небір мүмкін емес жайды мүмкін қылып жібере алады!
1989-1990 жылдар М.Горбачевтың қайта құру идеясының дәуірлеп тұрған шағы. Ашық сөйлесіп, партия хатшылары туралы сын жаза бастаған кезіміз. Мен Астрахан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Еренков туралы бір подвалдық сын мақала жаздым. Октябрь Әлібековтың ерлігі, сол мақаланы қорықпай газетке басты. Онда хатшының кадр саясатындағы қателіктері, ұлтшылдығы, моральдық бет-бейнесінің таза еместігі, кейбір оқыс, өрескел әрекеттері, мысалы, ат арбамен шөп әкеле жатқан қазақ шалының шөбіне шырпы тұтатып, от қоюы сияқты әрекеттері сын тезіне алынды. Газеттің қалың оқырмандары арасында бұл мақала тың серпіліс туғызып, мұның өзі демократияның орныға бастағандығы, ақпарат құралдары сынының пәрменділігі артқандығы ретінде бағаланды.  Үлкен дау-дамай мен талқылаудан кейін хатшы қызметінен босатылды.
«Коммунизм нұрында» Сілеті аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Степанов пен  Қима аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сариевамен көлемі бір бетке жуық сұхбаттарым, Жаңадала ауданының  айтулы механизаторы Гегомян туралы очеркім, тағы басқа проблемалық мақалаларым жарияланып, әріптестерім мен оқырмандар арасында жоғары бағаланды. Редактордың орынбасары Жомарт (марқұм) Әбдіхалықов, жауапты хатшы Ілияс Қарагөзин, тілшілер Бәдуан, Төлеген, Жылқыбай, Қайыркен және басқа азаматтармен тез тіл табысып, адами қарым-қатынаста болдық. Тікелей бастығым Алдан екеуміз бір-бірімізді терең түсінісіп, зор ынтымақпен жұмыс істедік.
«Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» дегендей, анау Торғайдан келген мені машбюродағы, баспаханадағы, корректурадағы қыз-келіншектер де жатсынбай, іш тартып, қамқорлығына алды. Әсіресе, бет шығарушы Бақытжамал, корректор Бақыт әкем қайтыс болған қаралы күндерімде қайғыма ортақтаса білді. Оларға сол азаматшылықтары үшін көп рахмет!
Әрине, ол кезде қылшылдаған жас болмағанымен, қырықтың қырқасына енді ілінгелі жүрген қынаптағы қылыштай кезіміз ғой. Бақыттың құшағына бөленіп, көңіл шөлін қандырған, «көз жұмулы, көңіл мас» күндерді қалай ұмытайын…
Нендей себеп болғаны билік басындағыларға аян, біз үшін жұмбақ, тоқсаныншы жылы Торғай облысы қайра ашылып, мен облыстық газет редакторының орынбасарлығына шақыру алдым. Кейін бас редактор болдым. Ал,  «Коммунизм нұры»  газетінде қызмет істеген жылдар өмірімнің бір аяулы бөлшегі де, мағыналы белесі де болып жадымда қалды.

Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Қостанай қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар