Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Серік АЯҒАНОВ: «Мен үшін халыққа қызмет еткеннен артық бақыт жоқ»

 

– Құрметті Серік Әкпенұлы, әңгімемізді алдымен тал бесігінде тербелген туған жер, қай қиырда жүрсеңіз де көркем суреті көкірегіңізді қоламтаның шоғындай қыздырып жүретін, жанға соншалықты ыстық өскен орта, білім нәрімен сусындаған жылдар туралы сабақтасақ.

– Туған жерім алты Алаштың қасиет дарып, бақ қонған ғажайып өлкесі, ән мен жырдың Меккесі. Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласында 1952 жылдың 10 сәуірі күні дүниеге келдім. 1969 жылы Степняктағы Абай атындағы қазақ орта мектебін ойдағыдай аяқтап, сол жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түстім. Студенттік өмір өте тартымды да қызықты өтеді ғой. 4 курстан бастап студенттердің ғылыми үйірмесіне үзбей қатыстым. Хирургия кафедрасының тапсырмасы бойынша науқастардың ауру тарихын зерттеп,  студенттердің ғылыми конференциясында талай рет баяндама жасадым.
1975 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын ойдағыдай аяқтап, хирург мамандығы бойынша диплом алдым. 1975-1976 жылдары №3 Қарағанды қалалық ауруханасында бір жылдық интернатура өтіп, 1976 жылы елімізге, яғни, Көкшетау облысына қайта оралдым. Мамандығым хирург болуына байланыс-ты, жаңадан құрылып жатқан Ленин аудандық ауруханасына жас маман ретінде дәрігер хирург болып орналастым. Ол кезде Ленин  ауданына жас мамандар көптеп жіберілетін. Ауданда қызметке келген мамандардың пәтер мәселесін қолма-қол шешіп, жастарды комсомол, партия, қоғамдық ортаға тарту тәрізді шаруалар ойдағыдай жолға қойылушы еді.
1977 жылы аудандық ауруханада хирургия бөлімшесін ашып, сол жылы ауданның алғашқы хирургі ретінде ота жасай бастадым. Әлі есімде, «Жаңаауыл» кеңшарынан соқыр ішек болып ауырған баланы жедел жәрдеммен жеткізіп, бірден ота жасалынды. Ол кезде мұндай оқиға үлкен жетістік болатын. Кейін екі-үш жыл ора-йында жас маман дәрігерлер келіп, қатарымызға тағы бір хирург, анестезиолог дәрігерлер қосылып, мамандар қатары толыққан соң күрделі операциялар жасала басталды.
– Еңбек әліппесін жаңа бастаған жас маманға көп дүние таңсық. Соның ішінде есіңізде қалған жайлар бар ма?
– Арада қаншама жыл өтсе де жадымда жатталып қалған ондай да жайлар бар. Соның біреуін айта кетейін. 1979 жылдың күзінде, ұмытпасам, таңғы 4 шамасында көршіміз Елубай Қасейіновтың қайын енесі, үлкен анамыз терезе қағып:
– Серікжан, Елубай екі күннен бері қатты ауырып, дене қызуы көтеріліп, сандырақтап сөйлеп, өте қиын жағдайда жатыр, үйге тез келіп көріп кетші,– деп өтініш білдірді.
Жедел барып қарасам, шынында да денесі қып-қызыл, екі беті алаурап, дене қызуы өсіп, төсек-орны шылқыған тер, жағдайы ауырлап жатыр екен. Неден ауырғанын сұрай келсем, осыдан бір жұма бұрын Жарқын ауылында іссапарда болып, туысының үйінде тұрған екен. Үй иесінің бәйбішесі жұқпалы аурумен науқастанып,  Омбы облысына қарасты Есілкөл ауданында емделіп шыққан екен. Елубайды қолма-қол инфекция бөлімшесіне жатқызып, анализдерін алып, консилиум өткізіп едік, іш сүзегіне шалдыққаны расталды.  Сол күні түнде науқаста аурудың асқыну белгілері пайда болды. Бұл өте шетін жағдай, іле облысқа хабарласып едік, ондағы хирургтер:
– Өздеріңіз ота жасай беріңіздер, науқас ұзаққа бармайды,– деп қысқа ғана жауап берді. Түнде нар тәуекелге бел буып,  ота жасадық, науқастың ішектері бірнеше жерден жарылып, ішіне жалқыаяқ тарап кеткен екен. Отаны ойдағыдай аяқтап, жеке палатаға жатқыздық. Екі ай бойы ажал мен өмірдің арасында арпалысып, дәрігерлердің адал еңбегінің арқасында Елубай аман-есен ауруханадан жазылып шықты. Аман қалған адамның өмірі үшін сондағы қуанғаным-ай.  Бұл жағдайды ұмытпай есте сақтап, айтып отырған себебім, ауданда жас болса да өте білімді, жауапкершілігі мол дәрігерлер қызмет етті. Олардың арасынан аурухананың бас дәрігері Азамат Мұздыбаев, Қарлығаш Баянова, орынбасарлары Файза Ерболатова, Күлтай Кизаева, Нұрғали Ербатыров, Сейілхан Шорағұлов, Любовь Гонтаренко, Ольга Кремер, Үміт Рамазанова, Зәуреш Қасеноваларды бөле-жара айта кетуге болады. Әлі есімде, 1977 жылы Көкшетаудан жолдамамен қызметке медбикелер келді. Олардың арасында Сәуле Қасымова есімді жап-жас, әп-әдемі, бетінде меңі бар, үнемі күліп тұратын жас маман бірге келді. Сол Сәуле екеуіміз жақын танысып, көңіл қосып, 1977 жылы отау құрдық. Отбасымызда екі ер бала дүниеге келді.
– Бір облыстың іші болғанымен, туған жеріңізден шалғай, жаңадан құрылып жатқан аудан. Жергілікті жерде жақсылардың жақсылығын көріп, ағалардың құрмет-шарапатына бөлену жайы қалай болды?
– Құрметтің өзі адал еңбегіңе орай көрсетілетін дүние ғой. Жергілікті жердің халқы жас мамандарды елге сіңірген еңбегіне орай құрметтей білді. Біз жас отбасы болған соң жасы үлкен ағаларымыз жанымыздан табылып, жанашырлық ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Әсіресе, Оразбай Шәмшінұров ағамыз, ол кісінің зайыбы Теңдік Құсайынова апамыз. Орекең сол елдің тумасы. Мейлінше ақ көңіл, жомарт, өкшесін басып, өсіп келе жатқан жастарға оң жол нұсқап, тәлімді тәрбие берген аяулы ағамыз еді. Ал, Теңдік апамыз жалпақ жұртқа аты шыққан ұлағатты ұстаз, мықты математик, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Ұстаздың алдынан тәлім-тәрбие алған жүздеген оқушылары кейін ат жалын тартып мініп, туған халқына өлшеусіз еңбектерін сіңірді. Осы орайда, «Колос» кеңшарының директоры Ғазез Құсайынов, «Жаңаауыл» кеңшарының директоры Қаратай Раев, Ұлы Отан соғысының ардагері Әшім Балтабаев және Мұхамеджан Қажымұратовтар қажымай-талмай кәтепті қара нардай еңбек етіп, сол абыройлы еңбектерімен ауданның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына, ел экономикасының нығаюына өз үлестерін қосқан азаматтар болғандығын айта кетуге тиіспін.
1981 жылы аудандық аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалдым. Еңбектің негізгі бағыты – аудандық және ауылдық аурухана мен емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту. Горький ауылдық ауруханасына күрделі  жөндеу жүргізілді, 5 кеңшарда физио-профилакторий ашылды, 5 санитарлық автотранспорт, жылжымалы флюороқондырғы, фиброгастроскоп және тағы басқа толып жатқан медициналық жабдықтар алынды. Жоспарлы түрде күрделі оталарды жасай бастадық.
– Серік Әкпенұлы, бұрынғы Ленин ауданының жұртшылығы сізді осынау еңбегіңізге орай, алақандарына салып құрметтеп, біздің Серік, өзіміздің Серік деп бауырларына тарта сөйлеп, меншіктейтінін білуші едік. Елдің сондай ықыласы өзіңіздің еңбегіңізге орай көрсетіліп отыр ғой. Одан кейінгі қызмет жолдары туралы да сөз сабақтасақ.
– 1987 жылы облыстық денсаулық сақтау  басқармасының бұйрығымен Көкшетау облысының бас хирургі болып тағайындалдым. Бұл өте жауапты қызмет болатын. Облыс хирургтарының білім деңгейін заман талабына сәйкес жетілдіру, аудандық ауруханаларды хирург мамандармен қамтамасыз ету, жаңа технологиялар енгізу, күрделі оталар жасау, санавиациямен тәулік бойы аудандарға барып, көмек көрсету тәрізді қаншама міндеттер жүктелетін. Сол қызметті бойымдағы бар білім-тәжірибемді сарқа жұмсай отырып, ойдағыдай  атқардым. 1992 жылдың ақпан айының соңғы күндері болатын, жуырда ғана тағайындалған облыс әкімінің орынбасары Болат Жанәділов  ағамыз шақырып алып:
– Серік, өзіңді көптен бері  білемін ғой.  Ленин ауданына еңбегің сіңді, бас хирург ретінде де жақсы қызмет етіп жатырсың. Сені өз орныма, Көкшетау облыстық ауруханасының бас дәрігері қызметіне ұсынамын,– деді.
 Сөйтіп, 1992 жылы Көкшетау облыстық (1999 жылдан Ақмола облыстық) ауруханасына  бас дәрігер қызметіне тағайындалдым. Облыстағы ең үлкен медициналық мекеме, 600 төсек орындық, 1 мыңға жуық медицина қызметкерлері бар мекемеге басшы болу үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Сол тұста Кеңес Үкіметі ыдырап, өзге ұлттың өкілдері тарихи Отандарына  қоныс аударып, әлеуметтік-тұрмыстық түйінді мәселелер туындай бастаған. Денсаулық сақтау саласында басы екпіндетіп басталғанымен, еш нәтижесі жоқ сансыз реформалар, орынды-орынсыз оңтайландырулар жүргізіле бастады. Екпіні үй жыққандай болған медициналық сақтандырудың өзі аяқсыз  қалды.
– Иә, ол бір қиын-қыстау уақыт еді ғой. Әкімшілік-аумақтық өзгеріс болғаннан кейін Көкшетау қаласындағы бірқатар облыстық мекемелердің жылдар бойы тірнектеп жинаған материалдық-техникалық базасының талан-таражға түскені де жалған емес. Бұрынғы Көкшетау облысының тұрғындары елдің бағына орай аман қалған санаулы мекемелердің бірі облыстық аурухана деген сөзді жиі айтады.  
– Біз сол бір қиындықтарға қарамастан, облыстық аурухананың ұжымын, материалдық-техникалық базасын көздің қарашығындай қорғап, сақтап қалдық. Жалғыз сақтап қана қойған жоқпыз, шамамыз келгенше ілгері дамытуға тырыстық. 1995 жылы диагностикалық орталықтың құрылысы аяқталып, жаңа медициналық техника, құрал-жабдықтар сатып алынып, солтүстік аймақта алғашқы компьютерлік томография қондырғысы орнатылды. Диагностикалық орталықтың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, жасаған ісімізге ризашылығын білдіріп, аурухана ұжымына табыс, халыққа денсаулық тілеп, ілтипат альбомына өзінің қолтаңбасын қалдырды. Облыс орталығы Петропавл қаласы болғандықтан, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары сол жаққа ауысты. Облыс басшылары Көкшетауға келгенде аурухананы аралап, жаңа алынған медициналық техникаға көздері түсіп, мына құрал-жабдықтар облыс орталығында болуы керек деген пікірлерін айтушы еді. Іштей секем алып қалатынбыз. Бір күні жұмыста отырсам, компьютерлік томография кабинетінің меңгерушісі  телефон соғып:
– Мында бір адамдар сізді шақырып жатыр, – дейді. Барсам компьютерлік томография кабинетін облыс әкімшілігінен келген өкіл адымдап өлшеп жүр екен.
– Не болды? – десем:
– Бұл өте қымбат тұратын диагностикалық аппарат. Сондықтан, облыс орталығында болуы керек,– дейді.  Мен:
– Көкшетау облыстық ауруханасынан тот басқан шеге де басқа мекемеге берілмейді,– деп қысқаша жауап қайтардым.  Әлгі кісі есікті қатты жауып шығып кетті. Соңынан бұл мәселені ел азаматтары бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде көтеріп, қоғамдық пікір туып, таласқа түскен компьютерлік томография өз орнында қалатын болды.
– Шынында да, бұл ел игілігі үшін жасалған ерлікке пара-пар қадам десек артық емес. Шет-жағасын баспасөзде істеген соң біз де білетін едік. Жалпақ жұрт сізді аурухананың бас дәрігері ретінде жақсы таниды. Ал, күнделікті қат-қабат шаруадан бас көтере алмай жүріп, бейнеті мол ғылыммен айналысу қияпат шаруа ғой. Осы орайдағы еңбегіңіз туралы да айта кеткеніңіз жөн болар еді.   
– 1996 жылы Москвада хирургтардың конгресі өтіп, сол жиында Санкт-Петербург қаласының бас хирургі, клиника меңгерушісі, профессор Александр Евгеньевич Борисовпен таныстым. Әңгімелесе келе менің ғылыми ізденіске деген ынтамды, ғылымға деген  көзқарасымды біліп, хирургия саласында жаңадан енгізіліп жатқан лапароскопиялық эндовидеохирургия тақырыбында кандидаттық диссертация жазуым туралы ұсыныс жасады. Мен құп алып, үш жыл ішінде клиникалық талдау жасап, 500 науқастың ауру тарихын зерттеп, сол ғылыми еңбегімді 1999 жылы Санкт-Петербург қаласында ойдағыдай қорғап шықтым. Ғылыммен айналысу күнделікті жұмыспен орайластырыла жүргізілді. 1999 жылы Ақмола облысының орталығы Көкшетауға көшірілді. Облыс әкімшілігі бірінші күннен бастап денсаулық сақтау мекемелерін аралап, жақын танысты. Қордаланып қалған мәселелерді біртіндеп  шеше бас-тады. Алдымен облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, еңбекақы қарызы жабылды. Жаңа медициналық жабдықтар ала бастадық, емдеу ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары бас-талып кетті. Денсаулық сақтау саласының жүзі оңға бұрылғаны 2002 жыл. Осы жыл Елбасының Жарлығымен денсаулық сақтау жылы болып жарияланды. Осындай ізгі қадам, оң ниеттің арқасында көз микрохирургия орталығына 23 миллион теңге қаржы бөлінді. Ол кезде бұл қомақты қаражат болатын. Сол ақшаға шетелдерден жаңа медициналық техника мен жабдықтар сатып алдық, жаңа технологияларды енгізу үшін өз мамандарымызды даярлай бастадық.  Дәл сол жылы ел Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев көз микрохирургия орталығында болып, медицинаның бүгінгі күндегі жетістіктеріне риза болды. 2003 жылы ғылыми жұмысымды одан әрі жалғастырып,
Санкт-Петербург қаласында докторлық диссертация қорғадым.
– Сіз үшін ең басты мақсат-мұрат туған халқыңыздың кәдесіне жарап, елге еңбегіңізді сіңіру екендігін Қараөткел мен Көкшетаудың арасын жайлаған қалың ел жақсы біледі. Сол халық зор сенім артып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты етіп те сайлады ғой.   
– Дұрыс айтасыз. 2005 жылы Ақмола облысы халқының зор сеніміне ие болып, Сенат депутаты болып сайландым. Облыс әкімі Мәжит Есенбаев өз кабинетіне шақырып:
– Серік Әкпенұлы, таяу арада Сенатқа депутат сайлаймыз, Көкше ардагерлерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен, сала басшыларымен ақылдасып едім, олардың барлығы бірауыздан сіздің кандидатураңызды  қолдап отыр, соған келісім берсеңіз,– деді.
Шамалы ойланып, келісімімді бердім. 2005 жылдың 18 тамызында  сайлауда жеңіске жетіп, Сенат депутаты болып сайландым. Бұл жеңіс жалпы, денсаулық саласындағы бүкіл медицина қауымына көрсетілген құрмет әрі зор сенім, екінші жағынан үлкен жауапкершілік болатын.  Сенаторлар – елге танымал тұлғалар, заңгерлер, кәсіпқой мамандар ғой. Сенатта жүргенде Нұртай Абықаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Бәйгелді, Оралбай Әбдікәрімов, Мұхтар Алтынбаев, Светлана Жалмағамбетова, Талғатбек Абайдилдин және тағы басқа да азаматтармен қызметтес болдым. 2008 жылы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шақырып алып:
– Бізге мәжілістен Денсаулық сақтау кодексінің жобасы келіп түседі, бұл заң ТМД елдерінде бірінші болып қабылданайын деп отыр. Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласында 11 заң қолданыста, осы заңдардың кейбір нормалары бір-біріне қайшы келеді. Сіздің үлкен кәсіпқой тәжірибеңізді ескере отырып, осы заң жобасын сізге тапсырайын деп отырмын. Жұмыс тобын құрып, соған өзіңіз басшылық жасаңыз,–деп тапсырма берді. Осы заң аясында Сенат қабырғасында парламенттік тыңдау өткізіп, оған әр аймақтардан облыс басшылары, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық жұртшылық өкілдері қатысты. Денсаулық сақтау саласындағы көптен бері қордаланып қалған өзекті мәселелер талқыланды, шешім қабылданды. Сенатта парламенттік тыңдау соңғы бес жылда алғашқы рет өткізіліп отыр екен. 2009 жылдың қыркүйек айында «Денсаулық қорғау және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды. Бұл заң күні бүгінге дейін қолданыста. Осы заң аясында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, еліміздің денсаулық сақтау саласының одан әрі дамуына жақсы әсерін тигізіп келеді. 2009 жылы қазақстандық делегация Біріккен Ұлттар Ұйымының ЖИТС-СПИД індетіне байланысты «Жоғарғы деңгейде» өтетін кездесуге баратын болдық. Кездесу денсаулық сақтау мәселесіне байланысты болғандықтан, мені делегация басшысы етіп тағайындады. Нью-Йоркте бізді сол кездегі Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Қазақстан елшісі Бірғаным Әйтімова қарсы алды.
Келесі күні Бірғаным Сарықызы:
– Серік Әкпенұлы, ортамызда жалғыз дәрігерсіз, делегация басшысы ретінде «Жоғарғы деңгейдегі» кездесуде сөз сөйлеңіз,– деп ұсыныс жасады. Баяндамамды пысықтап, орыс тілінде сөз сөйлейтін болдым. БҰҰ-ның бас трибунасынан (Бейбітшілік трибунасы деп аталады екен) сөз сөйлеп, жалпы індеттің Қазақстандағы деңгейі, Үкімет тарапынан қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны, алдымызда қандай мәселелер тұрғандығы туралы тарқатып айтып бердім. Қатысып отырған қауым сөзімді жылы қарсы алды. Өз ойымша БҰҰ-ның Бейбітшілік трибунасынан сөз сөйлеу өмір бойы есте қаларлық мәртебе ғой деп есептеймін.
Сенат депутаты ретінде алты жылда оннан астам заң жобасын әзірлеп, өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ел жаққа барғанда заң жобаларын талқыға салып, Сенат отырысында қабылдайтынбыз. Облыс тұрғындарынан хат көп түсетін. Сапалы сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, балабақша, жаңадан мектеп, денсаулық сақтау мекемелерін салу, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері жиі көтерілетін. Сенатор Светлана Жалмағамбетова екеуіміз тиісті мекемелердің басшыларына депутаттық сауал жолдап, министрлердің жеке қабылдауында болып, көптеген мәселелердің оңынан шешілуіне тікелей атсалыстық. 2011 жылдың тамыз айында депутаттық мерзімім аяқталуына байланысты сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова шақырып алып:
– Серік Әкпенұлы, сізді 10 күннің ішінде қызметке орналастыруымыз керек,– деп 2-3 лауазымды қызметті атады. Шынымды айтсам, ешқайсысына да көңілім жатпады. Министр ыңғайлы қызмет қарастырамыз деп уәде етті. Сенбі күні Астанадан үйге келе жатсам, облыс әкімі Сергей Дьяченконың көмекшісі телефон соғып:
– Сізді дүйсенбі күні әкім шақырады, сағат 9-да келіңіз,– деп хабарласты. Әкім:
– Серік Әкпенұлы, өз орныңызға қайтып оралыңызшы, ұжымыңыз күтіп отыр.  Руслан Дәулетұлы сіздің орынбасарыңыз болып істеуге дайын,–деді. Сөйтіп, 2011 жылы 6 қыркүйек күні өз ұжымыма қайтып оралдым. Содан бері бес жылдан астам уақыт өтіпті.  
2012-2016 жылдары Көкшетау жұртшылығы маған үлкен сенім білдіріп,  облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Облыстық мәслихат хатшысы болыңыз деген де ұсыныстар болды. Бірақ, негізгі мамандығым дәрігер болғаннан кейін рахмет айттым. Осы күнге дейін Ақмола облыстық ауруханасының  бас дәрігері қызметін атқарып жатырмын.
– Серік Әкпенұлы, соңғы жылдары облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсарып, қарқынды дамып келе жатқандығын ел біліп отыр. Соны жаңалықтарыңыз туралы да айта кетпейсіз бе?
– Елдің денсаулығы ең алдымен мемлекетіміздің қуаты. Халқының дені сау, Отанын қорғауға, еңбекке жарамды болса, ондай мемлекет мықты мемлекет. Қазіргі күннің талабы да басқа. Күллі әлемде медицина саласы көз ілеспес қарқынмен дамып келеді. Біз де бір орында отырған жоқпыз. Соңғы жылдары ауруханаға медициналық қондырғылар: компьютерлік томограф, ангиограф, артроскоп алынды. Жаңа технологиялар енгізіліп,  гемодиализ орталығының құрал-жабдықтары жаңартылып, жаңадан инсульт бөлімшесі ашылды. Жүрек орталығына реконструкция жасалып, ота жасау және реанимация бөлімдері ашылды. Жас балалардың жүрегіне операция жасай бастадық. Аурухана төңірегінде жергілікті бюджет қаражатынан дәрігерлерге 18 пәтерлі 2 үй салынып, мамандардың тұрақтап жұмыс істеуіне, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға игі әсер етті.
– Сіз өз шаруаңыз шаш-етектен болса да, қаншама қоғамдық жұмыстарға араласып жүресіз және сол еңбегіңіз еленіп жатыр ма?
– Әрине, біреуге міндет етіп жұмыс істемейсің ғой. Осы елдің азаматы болған соң, іс басында жүргеннен кейін бойыңдағы бар қажыр-қайратыңды, күш-жігеріңді туған еліңнің көсегесін көгертуге жұмсау перзенттік парыз. Сонда ғана әр күнім бос өткен жоқ деп білемін. Жалпы, мен үшін туған еліме еңбегімді сіңіруден асқан бақыт жоқ. Бәлкім, тіршіліктің мазмұны, өмірдің мәні де сонда шығар, кім білсін. Әйтеуір, өзімнің жұдырықтай жүрегімнің қалауымен ел игілігін еселеуге бағытталған ұлан-ғайыр жұмыстың бір пұшпағын илессем деймін де.  Шынында да, елге оралған соң  қоғамдық жұмыстарға араласып, облыстық «Нұр Отан»  партиясы филиалында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың бюджет және экономика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі, Ақмола облысы әкімі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде қызмет атқарып жатырмын. Ал, еңбектің бағалануы туралы өкпем жоқ. Бір адамның пешенесіне жазылған қошемет-құрметтен кенде қалдым дей алмас едім. Әдейілеп сұраған соң айтпасқа амал жоқ. Әйтпесе, кеуде соғып, мақтану табиғатыма жат. Тәуелсіздік жылдары еңбегім мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталдым. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атақтарына ие болдым.
– Серік Әкпенұлы, өткен өмір жолын жалғыз сұхбаттың шеңберінде толайым қамту мүмкін болмаса да, бір азаматтың пешенесіне тарлық етпейтін еңбек сорабын салмақтай отырып, оқырманның өзі ой түйер деңгейде шолып шықтық-ау деймін. Енді бір ауыз сөзбен алдағы асқаралы мақсат төңірегінде ой толғап көрсеңіз.
– Мақсат – айқын, міндет – зор. Өмірлік кредом туралы айттым ғой. Тағы бір қайталасам, артығы болмас. Мол мұраттың көкейкестісі аймақ жұртшылығына сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру. Жеңіл-желпі іс емес, әрине. Бұл дегеніңіз алдымен адам тағдыры. Әуел баста жүрек қалауымен таңдаған мамандық. Бар ғұмырымды осы салаға арнап келе жатқандықтан, жауапкершілік жүгін күш-қуатымыз жеткенше арқалаймыз да. Бел бүгілді, жауырын жауыр болды демейміз, дей алмаймыз. Өйткені, бұл сауабы мол, иманды шаруа.    
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі.

Суретте: Серік Әкпенұлы Аяғанов облыстық ауруханада науқастардың жүрегіне ота жасап, іс-тәжірибелерімен бөліскен литвалық дәрігерлермен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар